Бұл – бір қарағанда қаптамаға түскен елеусіз ғана Data Matrix-код. Алайда оның ар жағында көлеңкелі бизнеспен күрес, салық тәртібі, тұтынушы қауіпсіздігі, бизнестің жаңа шығыны мен қатаң жауапкершілігі тұр. Саудадағы әр код экономиканың тамыр соғысын, бизнестің беталысын көрсететін шарайнаға айналмақ.
Цифрлық кодтың өрісі кеңейді
Бұл тақырыптың сөз болуы бекер емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында: «Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек. Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет», – деп міндет жүктеген болатын.
Енді Қазақстандағы міндетті таңбалау жүйесінің ауқымы екі есеге жуық кеңейіп отыр. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 2026 жылғы 4 қыркүйекте тауарларды міндетті таңбалауға жатқызу тізімін толықтай жаңартқан бұйрыққа қол қойды. Бұрын 148 тауар атылымы қамтылса, жаңа құжат 292 позицияға таралады. Жаңа тізбеде өсімдік майы, кондитерлік өнімдер, шай, кофе, дәмдеуіштер, балалар ойыншықтары, косметика, тұрмыстық химия, консервілер және басқасы цифрлық бақылау аясына кірмек. Тізімнің күрт ұлғаюы – цифрландырудың ендігі жерде тек пилоттық режимдегі бірлі-жарым саланың емес, бүкіл сауданың өзегіне еніп бара жатқанын паш етті.
Таңбалау дегеніміз – тауарға немесе оның қаптамасына бірегей Data Matrix кодын түсіру. Сол код мемлекетке өнімнің отандық өндірушіден немесе шетелден импорттаушыдан кассаға дейінгі жолын қадағалауға мүмкіндік береді. Яғни әр қаптама өзіндік «цифрлық төлқұжатқа» ие болады. Тұтынушы да Naqty Onim сервисі мен «Электронды Үкімет» арқылы тауардың «тарихын» тексере алады. Жуырда онда тауарларды цифрлық коды арқылы тексеру функциясы пайда болды. Тұтынушы eGov Mobile қосымшасындағы цифрлық кодты (Data Matrix-кодын) сканерлесе, тауардың түпнұсқалығы, өндірушісі, негізгі сипаттамалары, шығарылған күні туралы ақпарат көрсетілуге тиіс.
Қызметті пайдалану үшін азамат eGov Mobile қосымшасында «Сервистер» бөлімін ашуы керек. Содан кейін Naqty Onim сервисін таңдап, дербес деректеріне келісім беруіне тура келеді. Ары қарай «Бастау» батырмасын басып, смартфон камерасын Data Matrix кодына бағыттайды. Сонда пайдаланушыға тексеру нәтижесі көрсетіледі.
Маркалау адал кәсіпкерге арамза бақталасының контрафактілік, жалған өнімімен күресінде жаңа қорғаныс тетігін ұсынады. Ең бастысы, Үкімет ол арқылы тауарлардың қозғалысын, одан түскен түсімнің айналымын, салықтардың төленуін бақылап отырмақ.
Қазақстан әу баста Ресей бастамашы болған бұл жүйені 2020 жылдан бері кезең-кезеңімен енгізіп келеді. Оның негізінде Еуразиялық одақтың нормалары жатыр. Сондықтан әрбір санат ЕАЭО-ның «Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы» (СЭҚ ТН) коды бойынша айқындалып, енгізу мерзімі алдын ала белгіленеді.
Бұған дейін, 2020-2021 жылдардан – темекі өнімдері, 2021 жыл-дан – аяқкиім, 2024 жылдан – дәрі-дәрмек, 2025 жылдан – киік еті, мүйіздері және басқа бөліктері таңбаланып келеді. Енді оған сыра, майлар мен автомобиль сұйықтықтары, жеңіл өнеркәсіп тауарлары, биологиялық белсенді қоспалар, зергерлік бұйымдар қосылып жатыр.
Алдағы өзгерістер бірнеше жылға есептелген. 2027 жылғы 1 наурыздан парфюмерлік-косметикалық өнімдер, жеке гигиена тауарлары мен тұрмыстық химияның бір бөлігі таңбалана бастайды. Ұстара мен жүздер кейінірек ілігеді. Жуғыш, тазалағыш, дезинфекциялық құралдар, сәндік косметика, сабын, дезодорант, қырыну құралдары мен ауа сергіткіштер де өз кезеңімен қамтылады.
Өсімдік майлары 2027 жылғы сәуірден бастап таңбаланады. Тізімде соя, жержаңғақ, зәйтүн, пальма, күнбағыс, мақсары, мақта, рапс, кокос, зығыр, жүгері майлары, маргарин, какао майы мен оның алмастырғыштары бар. Кондитерлік өнімдерге кезек 2027 жылғы қыркүйекте келеді. Шоколад, печенье, вафли, пряник, мармелад, джем секілді өнімдер қаптамасындағы цифрлық кодпен шығуға тиіс. Барлық ойыншық – 2028 жылғы ақпаннан, шай, кофе, какао және еритін сусындар маусымнан қамтылады. Консервілер 2029 жылғы сәуірден, макарон, жарма өнімдері мамырдан бастап таңбаланбақ.
Мемлекет үшін мұндай жүйенің артықшылығы түсінікті: көлеңкелі айналымды қысқарту, салық түсімін бақылау, контрафактіге тосқауыл қою. Тұтынушы үшін де пайдасы бар – тауардың заңдылығын тексеруге мүмкіндік туады. Бірақ бұл жүйе бизнестің басын қатырып тұр. Жеке кәсіпкерлер мен компаниялар әрбір кодты, арнайы жабдықты сатып алу, бағдарламалық қамтылымға уақытылы ақы төлеу, жаңаша есеп жүргізу, оны сауатты жүргізетін маманды жалдау сияқты қосымша шығынға батып жатыр.
Дұрыс дәрі кодпен дос
Сауда министрлігінің тұжырымдауынша, цифрлық таңбалаудың тиімділігін көрсеткен саланың бірі – фармацевтика. 2024 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда дәрі-дәрмекті таңбалау енгізілді. Содан 2026 жылдың бірінші жартысына дейінгі аралықта 1 миллиард дәрі қаптамасы «маркаланыпты». Дәріхана сөрелеріндегі таңбаланған препараттардың үлесі шамамен 70%-ға жеткен.
Ведомство таңбалаудың табысы ретінде әшкереленген заңбұзушылықтарды атады. 2025 жыл қорытындысында жүйе 21 мыңнан астам дәрі бірлігінің салығын төлемей, заңсыз сатылғанын анықтады. Мұның сыртында екі жыл ішінде дәріханаларда тегін берілуге тиіс препараттарды саудаға шығарудың 25 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Бұрын мұндай әрекеттерді анықтау көбіне жоспарлы немесе жедел тексеріске тәуелді болатын. Енді жүйе күмәнді операцияларды автоматты түрде байқайды екен.
«Data Matrix коды дәрінің қозғалысын өндіріс орнынан бастап соңғы тұтынушыға дейін бақылауға мүмкіндік береді. Импорт пен отандық өндірістің нақты көлемі көрінеді. Әрбір қаптаманың қозғалысы тіркеледі. Контрафактілік немесе тіркелмеген дәріні айналымға енгізу қиындайды. Бұл жерде цифрландырудың мәні ерекше: азамат шағымданғаннан кейін ғана әрекет ету емес, күмәнді операцияны бірден байқап қалу мүмкіндігі пайда болды. Дәрі-дәрмек секілді өмірлік маңызды та-уарды бақылау – технологиялық жетістік қана емес, қоғамдық қауіпсіздік тетігі», – деп түсіндірді министрлік мамандары.
Фармнарықтағы цифрландыру тіркеу рәсіміне де жетті. 2025 жылғы қыркүйектен бастап дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды тіркеу «бір терезе» қағидатына көшті. Бұрын екі жылға дейін созылатын стандартты рәсім 100 жұмыс күніне дейін қысқарыпты. Жедел тіркеу 15 жұмыс күнінде жүргізілуі мүмкін. Дәріні елде тіркеу жолы қысқарған са-йын ол мұқтаж пациентке де тезірек жетеді.
Мұның сыртында «маркалау» заттаңбасына әдейі «дәрі-дәрмек болып есептелмейді» деп баттитып жазылатын өнімдерге де жетті. 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ-ны) цифрлық таңбалау талабы күшіне енді. Осы күннен кейін өндірілген немесе импортталған өнім Data Matrix кодымен таңбалануға тиіс. Ал 2027 жылғы 1 наурыздан бұл тауардың қозғалысын толық электронды сүйемелдеу басталады. Нарық қатысушылары таңбалау жүйесінде тіркеліп, тауар карточкаларын алдын ала енгізуі керек. Бұрын өндірілген, таңбаланбаған ББҚ-ны жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін сатуға рұқсат етілді.
Халық денсаулығына тікелей қатысы бар гигиена, косметика мен тұрмыстық химия бойынша пилоттық жоба да осы дайындықтың бір бөлігі саналады. Қанатқақты жобаға 20 ұйым қатысып, 12 технологиялық сынақ өткізілді. Сабын, жуғыш-тазалағыш құралдар, макияжға арналған косметика, шаш пен ауыз қуысына күтім жасау өнімдері секілді 7 тауар тобы сынақтан өтті. Кодтарды шығару, тауарды агрегациялау, касса арқылы айналымнан шығару секілді операциялардың барлығы нақты өндіріс пен қойма жағдайында тексерілді. Этикеткалау мен тікелей басып шығару тәсілдері де сыналды. Пилоттың құндылығы – цифрлық талаптың қағаздағы нұсқа емес, цехтағы шынайы жұмыс жағдайында тексерілуінде.
– Өндірушілер үшін жаңа цифрлық шешімдердің салалық ерекшелік пен нақты өндірістік процестерді ескере отырып енгізілуі өте маңызды. Пилоттық формат осыған қызмет етеді. Ол түрлі технологиялық шешімдерді сынақтан өткізуге, таңбалау құралдарын түсірудің ең тиімді тәсілдерін анықтауға, реттеуші шешімдер қабылданғанға дейін туындайтын проблемаларды алдын ала пысықтауға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл мемлекеттің мақсаттары мен бизнестің мүддесін қатар ескеретін теңгерімді тетіктерді қалыптастыруға ықпал етеді, – деді «МедиДез» ЖШС-ның өндірістік цех шебері Әмір Өтенов.
Тауарлардың жолы цифрланды
Бұл тегеурінді тетік өзге секторларда да сыналып жатыр. Мәселен, кондитерлік өнімдерді таңбалау пилоты 2026 жылғы 1 маусымда басталып, 2027 жылғы 1 маусымға дейін созылады. Оған нарықтың алпауыттары қосылды. Отандық өндірушілерден – «Баян Сұлу» мен «Лотте Рахат», ал импорттаушылардан «Марс», «Ферреро», «Мон’дэлис», «Нестле Фуд» қатысып отыр. «Атамекен» ҰҚП мәліметінше, «Баян Сұлу» мен «Рахат» отандық кондитер өндірісінің шамамен 50%-ын қамтиды. Кәсіпорындардың ақпараттық жүйемен интеграциясы, код түсіру тәсілдері, есеп жүргізу тәртібі сыналады.
Сыра нарығындағы реформа да кезең-кезеңімен жүріп жатыр. 2026 жылғы 1 ақпанда бөшке-кегтегі сыраны таңбалау енгізілді. Қыркүйекте шыны бөтелкедегі, 2027 жылғы қаңтарда банкідегі сыра қамтылады. Ақпаннан бері жүйеде 10 миллионға жуық кега маркаланған. Жүйеге 10,8 мыңнан астам сыра айналымының қатысушысы тіркелген.
– Бизнес жаңа талаптарға дайындалып үлгеруі үшін таңбалау кезең-кезеңімен енгізіліп отыр. Әр кезеңде цифрлық кодпен таңбалануға тиіс өнімдер тізімі кеңейе береді. Ал 2027 жылдан бастап жүйе елдегі барлық тауар қозғалысын толық қадағалауды қамтамасыз етуі керек, – деп түсіндірді ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің акциздерді әкімшілендіру бөлімінің бас маманы Роза Ұлықпанова.
Оның айтуынша, өндірушілер мен импорттаушылар жүйеге тіркеліп, әрқайсысы өз өнімі туралы мәліметті енгізеді, ақылы Data Matrix кодтарына тапсырыс береді, оларды қаптамасына түсіреді. Ал бөлшек сауда үшін басты талап – сату кезінде қаптамадағы кодты сканерлеу, осы арқылы өнімнің айналымнан шыққанын растау.
Р.Ұлықпанова бизнестің бір бөлігі бұл жүйемен бұрыннан таныс екеніне назар аудартты: «Таңбалау жүйесі бизнес үшін, дүкендер үшін мүлде таңсық, жаңа дүние емес. Ол қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған темекі өнімдерін таңбалау жүйесіне ұқсас. Темекі өнімдерімен бұрыннан жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер негізгі қағидаларды жақсы біледі. Аса күрделі немесе белгісіз рәсімдер туындамаса керек».
Сөйтіп, Қазақстандағы таңбалау науқандық сипатынан арылып, біртіндеп экономиканың күнделікті тынысына, нарық үшін тұрақты жаңа талапқа айналып келеді. Кеше кодтың нысанасы темекі, аяқ киім мен дәрі ғана болса, бүгінде сыра, мотор майы мен киік дериваттарына белгі басылып жатыр. Ертең оның шеңберіне тәттілер, шай, кофе, косметика, ойыншық, консерві және басқасы енеді. Бір қарағанда, бар болғаны қаптамаға шағын ғана шаршы белгі түсірілмек. Бірақ сол таңбаның ішінде әр тауардың шыққан жері, жүрген жолы, сатылған сәті, нарықтағы заңдылығы туралы ақпарат тұнып жатыр.
Айхан ШӘРІП










