Берекелі шаңырақ – берік қоғам негізі

Отбасы күніне орай «Әділет» партиясы Абай облыстық фи­лиалының басшысы Айдар Ибраев пен партияның Әйелдер қанатының өңірлік кеңесшісі Әйгерім Смағұлова Семей қала­сындағы Әубәкіровтер шаңы­рағына арнайы барып, отбасы мүшелерін мерекемен құтты­қ­тады. Әділет, жауапкершілік, еңбекқорлық пен прогресс – қоғам дамуының маңызды қа­ғи­даттары. Алайда бұл ұғымдар тек ресми құжаттар мен ұран­дарда ғана көрініс таппауы ке­рек. Олар ең алдымен адамның күнделікті өмірінен, отбасын­дағы қарым-қатынастан, бала тәрбиесінен байқалғанда ғана шынайы мәнге ие болады.

Тұрсын мен Айым Әубәкі­ровтер үш бала тәрбиелеп отыр. Бұл отбасы үшін бала тәрбие­сі – күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі. Мұнда білімге ұмтылу, еңбек ету, спортпен және өнер­мен айналысу қалыпты өмір салтына айналған. Отағасы Тұр­сын Әубәкіровтің айтуын­ша, ата-ана үшін басты міндет – баланың бойына дұрыс құн­дылықтарды ерте жастан қа­лып­тастыру.

«Жұбайым екеуіміздің басты мақсатымыз – балаларымызды кішкентай кезінен дұрыс тәр­биеге баулу. Өзіміз ата-анамыз­дан алған тәрбиені олардың бойына сіңіріп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйретуге тырысамыз. Сонымен қатар ұлт­тық құндылықтарымызды дәріптеп, салт-дәстүрімізді біліп, оны құрметтеп өсуіне мән береміз. Балаларымыз білімді, еңбекқор, отаншыл болып өссе, біз үшін одан асқан бақыт жоқ. Өйткені балаға берілген тәрбие оның ғана емес, тұтас елдің болашағына әсер етеді», – дейді ол.

Бұл сөздердің астарында ата-ананың бала тәрбиесіне деген жауапкершілігі ғана емес, ел болашағына деген азаматтық көзқарасы да жатыр. Он жас­тағы Мансұр – отбасының мақ­танышы. Ол – оқу озаты. Таэк­вондодан қалалық, облыстық, республикалық және халық­ара­лық жарыстардың жеңімпазы. Математика олимпиадаларында да жүлделі орындарға ие болып жүр. Бос уақытында домбыра тар­тып, футбол және тоғызқұ­малақпен айналысады.

Мансұрдың жетістіктерінен баланың жан-жақты дамуына жағдай жасаудың маңызы анық көрінеді. Спорттағы табанды­лық, білімдегі ізденіс, өнерге де­ген қызығушылық – оның бойындағы еңбекқорлық пен мақсаткерлікті қалыптастырып келеді.

Сегіз жастағы Аяла да оқу озаты. Ол би билеуге, ән айтуға және сурет салуға қызығады. Өнерге деген талпынысы оны об­лыстық және халықаралық би байқауларында жүлдегер атан­­дыр­ған. Ал үш жастағы Аруна – шаңырақтың кенжесі. Оның ба­лалық шағы аға-әпке­сінің же­­тістіктері мен ата-ана­сының қамқорлығы аясында өтіп жатыр.

Әубәкіровтер үшін отба­сы­лық белсенділік те маңызды. Олар үш жыл қатарынан қала­лық «Парад колясок» байқауына қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Мектептегі отбасылық спартакиадаларға да белсенді қатысып, бірнеше рет жүлдегер атанған.

Мұның бәрі бір қарағанда қарапайым отбасылық жетіс­тіктер болып көрінуі мүмкін. Бірақ олардың ар жағында ма­ңызды бір ұстаным бар. Ол – баланың жетістігін жеке дара қарастырмай, бүкіл отбасының ортақ еңбегінің нәтижесі деп қабылдау.

Шын мәнінде, балаға бері­летін ең үлкен тәрбие – ата-ана­ның үлгі болуы. Бала үлкеннің сөзіне ғана емес, оның ісіне де қарайды. Еңбекке құрмет, бі­лім­ге қызығушылық, спортпен шұғылдану, ұлттық мәдениетті дәріптеу, қоғамдық ортада бел­сенді болу – мұның бәрі отба­сындағы күнделікті әдет ар­қы­лы қалыптасады.

Бұл ретте Әубәкіровтер от­ба­сының өмір салты «Әділет» партиясының негізгі құндылық­тарымен сабақтасып жатыр. Еңбекқорлық – нәтижеге жет­кі­зетін қасиет болса, жауап­кер­шілік – тұрақты дамудың негізі. Ал прогресс үнемі ізденіп, білім алып, жаңа мүмкіндіктерге ұмтылуды білдіреді. 

Білім мен ғылымды дамыту, ұлттық мәдениетті сақтау, жа­сампаз патриотизмді қалып­тастыру – мемлекеттің ұзақ мер­зімді дамуы үшін аса ма­ңыз­ды бағыттар. Мұндай құнды­лықтар қоғамның жоғары дең­гейінде ғана емес, әрбір от­ба­сы­ның тәрбиесінен бастау ал­ғанда ғана берік негіз қалып­тасады.

Әділетті қоғамды заңдар мен институттар ғана жасамайды. Оның негізінде адам капиталы, азаматтық жауапкершілік және отбасылық тәрбие тұр. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, өз еңбегінің нәтижесіне жауап бе­ру, білімге ұмтылу, туған елін құрметтеу секілді қасиеттер ба­ла кезден бойға сіңеді. Сон­дық­тан әділетті қоғам құрудың ең алғашқы қадамы – отбасындағы дұрыс тәрбие. 

Әубәкіровтер шаңырағының өнегесі де осы қарапайым ақи­қатты көрсетеді. Баланың же­тіс­тігі – ата-ананың қолдауы мен баланың еңбегінің нәти­жесі. Ал отбасының берекесі ортақ мақсат пен өзара жауап­кершіліктен құралады.

Қоғамдағы үлкен өзгерістер де осындай шағын, бірақ ма­ңызды қадамдардан басталады. Бір отбасында қалыптасқан жақ­сы құндылық екінші отба­сына үлгі болады. Сөйтіп, жеке шаңы­рақтағы тәрбие қоғамдық мәде­ниеттің бір бөлігіне айна­лады.

Әділетті қоғамның іргесі жо­ғарыдан емес, әр отбасының тө­рінен қаланады. Білімді ұр­пақ, еңбекқор азамат, отаншыл жас тәрбиелеген әр шаңырақ – ел болашағына қосылған үлес. Де­мек, әділеттің бастауы да, ел­дің ертеңіне деген жауапкер­ші­ліктің бастауы да – отбасында.

Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ, 

Абай облысы