Alatau Smart City жобасының электрондық-әлеуметтік мүмкіндігі барлық елді мекенге жетуі тиіс – Жанарбек Әшімжанов

Алатау қаласының Smart City жобасын технологиялық нысандармен ғана шектемей, оның құрамына кіретін барлық елді мекеннің инженерлік, әлеуметтік және цифрлық инфрақұрылымын қатар дамыту ұсынылды. «Әділет» партиясы фракциясының депутаттары Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа сауал жолдап, қаланың тиімділігін инвестиция көлемімен ғана емес, тұрғындардың өмір сапасы, инфрақұрылымға қолжетімділігі және мемлекеттік қызметтердің сапасы арқылы бағалайтын нақты көрсеткіштер жүйесін енгізуді сұрады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мемлекет басшысы Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыруға және жасанды интеллект пен жаңа технологияны экономиканың барлық саласына енгізуге ерекше мән беруде. Бұл – технологиялық жаңғыру ғана емес, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.

Депутаттар осы тұрғыдан алғанда, Алатау қаласының құрылысы ерекше мәнге ие екенін атап өтті.

– Президент айқындаған жаңа экономикалық модельдің нақты көрінісі болуы тиіс бұл жоба инвестиция, өндіріс, логистика және цифрлық технологияны бір жерге шоғырландырумен ғана шектелмеуі керек. Президент тапсырмасымен Алатау қаласы құрылысының негізгі қағидалары жаңа Конституцияға енгізілді. «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заң қабылданды. Алатау – кезекті жаңа қала ғана емес, ол еліміздің технологиялық және экономикалық жаңғыруының маңызды алғышарттарының бірі. Сондықтан Smart City ең алдымен smart өмір сүру ортасын қалыптастыруы тиіс, – деді Жанарбек Әшімжанов.

Депутат «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабының мүшелерімен кездесуде қала тұрғындары осы мәселеге қатысты алаңдаушылығын жеткізгеніне тоқталды. Қала құрамына енген елді мекендердің халқы базалық инфрақұрылым мәселесімен әлі бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан Алатаудың дамуын жаңа технологиялық нысандармен ғана емес, халықтың күнделікті өміріндегі нақты өзгерістермен ұштастыру маңызды.

– 2026 жылды  Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, «Digital Kazakhstan-2029» ұлттық стратегиясын бекіттік. Жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодекс қабылданды. Елордада Smart City технологиялық платформасы іске қосылды. Көп ұзамай аталған тәжірибе Қазақстанның барлық ірі қаласында қолданылады. Бұдан бөлек, біз Алатау қаласының дамуына стратегиялық тұрғыдан басымдық беріп отырмыз. Ол Орталық Азиядағы алғашқы толық интеграцияланған цифрлық шаһар болмақ. Әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде Қытайдан технологиялық компанияларды, инвесторлар мен новаторларды тарту үшін Конституцияда Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі айқындалды, – деді Президент шілде айында Шанхайда өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференцияда.

Депутат Жанарбек Әшімжанов атап өткендей, цифрлық мемлекет құру – тек қосымша камера немесе электронды қызмет енгізу емес. Оның мәні – азаматтың уақытын үнемдеу, мемлекеттік қызметті қолжетімді ету, инфрақұрылымды тиімді басқару және шешім қабылдауды нақты деректерге негіздеу, жалпы халықтың өмір сүруіне қолайлы орта жасақтау.

– Сондықтан Alatau Smart City жобасы қала орталығындағы технологиялық шешімдермен ғана шектелмей, оның электрондық-әлеуметтік мүмкіндігі қала құрамына кіретін барлық елді мекендерге жетуі қажет.

Осы орайда:

Алатау қаласының барлық елді мекенін қамтитын инженерлік, әлеуметтік және цифрлық инфрақұрылымды дамытудың бірыңғай жоспарын бекітуді;

мектептер мен медициналық нысандарды қажетті мамандармен қамтамасыз етуді және цифрлық мемлекеттік қызметтерді барлық елді мекенге кезең-кезеңімен енгізуді;

Алатау қаласының тиімділігін инвестиция көлемімен ғана емес, тұрғындардың өмір сапасы, инфрақұрылымға қолжетімділігі және мемлекеттік қызметтердің сапасы арқылы бағалайтын нақты көрсеткіштер жүйесін енгізуді сұраймыз! – деді депутат. 

Шетелдік инвесторларды тартып қана қоймай, ішкі әлеуметтік теңгерімді сақтау – негізгі талаптардың бірі. Бұл ретте сарапшылар да Alatau City-дің болашағына үлкен үміт артып отыр.

«Alatau City-ді дамытуда корейлік инвесторлар қытайлық және сингапурлық әріптестерімен қатар жетекші рөл атқарады деп күтілуде. Бұл жобаның қысқа мерзімде шетелдік ірі компаниялардың сеніміне ие болғанын көрсетеді», – деп атап өтті Расул Қоспанов.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оңтүстік Корея премьер-министрі Хан Сон Сук Alatau Smart City жобаларымен танысқан еді.