Сенімге негізделген байланыс

Президент әлемдік экономикада көш­басшылардың бірі саналатын Үн­дістанның ғылыми-техникалық саладағы тамаша жетістіктеріне және халықаралық аренадағы зор беделіне тоқталды.

– Үндістан Сіздің парасатты әрі те­геу­рінді басшылығыңызбен прогресс пен ор­нықты даму жолында алға қарай нық қа­дам басып келеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қазақ-үнді қа­рым-қатынасы көптеген бағытта қар­қын­ды ілгерілеп келе жатқанын атап өтті.

– Бүгінде Қазақстанда үнді капита­лы­ның үлесі бар 600-дей компания нәти­же­лі жұмыс істейді. Былтыр елімізге 150 мыңға жуық Үндістан азаматы келді. Қа­зақстанда көптеген үнді студенттері бі­лім алып жүр. Сондай-ақ біз халық­ара­лық ұйымдар аясында тығыз ықпалдастық орнаттық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Нарендра Моди БРИКС саммитіне қа­тысқаны үшін Мемлекет басшысына ал­ғыс айтып, Қасым-Жомарт Тоқаев кө­тер­ген бастамалар мен ұсыныстардың өзек­тілігіне назар аударды.

Үндістан Премьер-министрі Қа­зақ­станмен достыққа және өзара сенімге не­гіз­делген қарым-қатынасты жоғары ба­ғалайтынын жеткізді.

Көшбасшылар екіжақты күн тәрті­бін­­дегі нақты мәселелерді, соның ішінде энер­гетика, цифрландыру, білім және ту­ризм салаларындағы ынтымақтастық жол­дарын талқылады.

Нарендра Модидің айтуынша, екі ел­дің жоғары технология және креативті индустрия бағыттарындағы әлеуеті мол. Осы орайда Astana Hub және Хайдарабад технологиялық экожүйелері арасындағы серіктестіктің келешегі зор.

Үндістан Премьер-министрі Қазақ­стан­ның өкілдерін, әсіресе жастарды ке­ле­сі жылы Мумбайда өтетін WAVES креа­тивті индустрия саммитіне қатысуға ша­қырды.

Тараптар Үнді елі мен Еуразиялық эко­номикалық одақ арасындағы ын­ты­мақ­тастықты дамыту мүмкіндіктерін қарас­тырды.

Мемлекет басшысы Қазақстан ЕАЭО Төрағасы ретінде Ұйым мен Үндістан ара­сында еркін сауда аймағын құру жө­нін­де келіссөздер жүргізуді құптайтынын жә­не оны ілгерілетуге ықпал етуге дайын еке­нін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан Пре­мьер-министрін Қазақстанға мемле­кет­тік сапармен келуге шақырды.