Бүгінде 340 мыңнан астам тұрғын мекендейтін ауданда ауызсумен қамту, электр энергиясы, кәріз жүйесі, газдандыру, санитарлық тазалық, көгалдандыру және абаттандыру мәселелері кешенді түрде қолға алынған. Шымкент қалалық Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Қаратау ауданының әкімі Алмас Емелтайұлы инфрақұрылымды дамытудағы негізгі мақсат елді мекендерді инженерлік желілермен қамтып қана қоймай, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы экологиялық орта қалыптастыру екенін айтты.
Қаратау ауданының аумағы 19,5 мың гектарды құрайды. Мұнда 19 елді мекен, 896 көше, 32 мыңнан астам жеке тұрғын үй мен 668 көпқабатты үй орналасқан. Сонымен қатар ауданда 281 әлеуметтік нысан мен 37 демалыс орны бар. Мұндай ауқымды аумақты сапалы коммуналдық инфрақұрылыммен қамту жүйелі жоспарлауды қажет ететін маңызды міндет.
Қаратау ауданындағы инфрақұрылымдық саясаттың негізгі бағыттарының бірі – тұрғындарды сапалы ауызсумен тұрақты қамтамасыз ету. Қазір ауданның ауызсумен қамтылу деңгейі 99 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесін көрсетеді. Сонымен бірге жаңа құрылыс аумақтарының пайда болуына байланысты су желілерін кеңейту қажеттілігі де сақталуда. Достық тұрғын алабындағы «Теміржолсу Арыс» ЖШС-ға тиесілі ауызсу жүйелері мемлекет меншігіне қабылданды. Ал Шапырашты тұрғын алабындағы су жүйелерін коммуналдық меншікке өткізу жұмыстары жүргізілуде.
Таскен, Сайрам тұрғын алаптары мен Гидрогеолог шағынауданының жаңа құрылыс аумақтарын мемлекеттік ауызсу жүйесіне қосу бойынша жобалау жұмыстарының қолға алынуы да халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Мұнда мәселе тек су құбырын тартумен шектелмейді. Қаланың шеткі аумақтарындағы халық санының өсуін ескере отырып, су жүйелерінің өткізу қабілетін арттыру, желілердің техникалық жағдайын жақсарту және олардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету де өзекті.
Қаратау ауданындағы инженерлік инфрақұрылымды дамытудың тағы бір маңызды бағыты – газдандыру. Тұрғын үйлерді табиғи газбен қамтамасыз ету тек тұрмыстық қолайлылық мәселесі емес, сонымен бірге қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтудың маңызды тетігі. Аудан аумағында халық саны мен тұрғын үй қоры ұлғайған сайын газ желілерін кезең-кезеңімен кеңейту, жаңа елді мекендер мен шағынаудандарды инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары да жалғаса береді. Газдандырумен қатар, электр желілерінің сенімділігін арттыру мәселесіне де басымдық берілген. Бүгінде ауданның электр энергиясымен қамтылу көрсеткіші 99 пайызды құрайды. Мәртөбе және Сайрам тұрғын алаптарында 12,3 шақырым электр желісін ауыстыру және 7 трансформатор орнату жоспарланған. Қазір оның 9 шақырым желісі жаңартылып, 6 трансформатор орнатылған.
Қаратау ауданында орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 46 пайызды құрайды. Сондықтан бұл бағытта атқарылатын жұмыс көлемі әлі де ауқымды. Мирас-1 және Мирас-2 шағынаудандарында орталық кәріз жүйесін тарту бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Кәріз жүйесін дамыту – ең алдымен, қоршаған ортаны қорғау, жерасты суларының ластануына жол бермеу және санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды.
Қоршаған ортаны қорғау тек инженерлік желілерді жаңартумен шектелмейді. Қоғамдық кеңістіктердің тазалығы, көгалдандыру, абаттандыру және қалдықтарды басқару мәдениеті де осы бағыттың маңызды құрамдас бөлігі. Қаратау ауданында санитарлық тазалық, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Биыл аудан аумағында қосымша 10 гүлзар салу жоспарланып, оның бесеуі аяқталған.
Қаратау ауданында инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстары жол және жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын да қамтиды. Ауданда 896 көшенің жалпы ұзындығы 753 шақырымды құрайды. Биыл 132 көше мен өткелге асфальт төсеу жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 48-інде жұмыс аяқталған. Сонымен қатар сегіз елді мекенде жалпы ұзындығы 27 шақырым аяқжол салу көзделген. Бүгінде 22,5 шақырым тротуар пайдалануға берілді. Жауын-шашын кезінде су жиналатын аумақтарда 22 ирригациялық нысан салу жоспарланып, оның 14-і аяқталған.
Бұл жұмыстар да экологиялық және санитарлық қауіпсіздікпен тікелей байланысты. Жауын суын тиімді бұру жүйесінің болуы көшелердің бұзылуын азайтып қана қоймай, тұрғын үйлер мен қоғамдық аумақтарды су басу қаупінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы










