Дегенмен реттеушінің шешімі нарық қатысушыларының болжамынан батылырақ болып шықты. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы жүргізген сауалнамада сарапшылардың 89%-ы мөлшерлеме 16,50%-ға дейін ғана төмендейді деп күткен. Қалғандары оны бұрынғы 16,75% деңгейінде сақтау мүмкіндігін болжаған еді. Сондықтан жаңа шешім экономистер мен қаржы нарығының назарын бірден аударды.
Базалық мөлшерлеме – Ұлттық банктің экономикадағы ақша құнын реттейтін негізгі құралының бірі. Ол екінші деңгейлі банктердің қаржы тарту шығындарына, депозиттер мен несиелер бойынша сый-ақы мөлшерлемелеріне, бизнес белсенділігіне және халықтың тұтынушылық сұранысына әсер етеді. Мөлшерлеме жоғары болған кезде несие қымбаттап, экономикадағы артық сұраныс тежеледі. Бұл инфляцияны баяулатуға көмектеседі. Бірақ қатаң ақша-кредит саясаты ұзақ уақыт сақталса, кәсіпкерлердің қаржы тартуы қиындап, инвестициялық белсенділік әлсіреуі мүмкін.
Сондықтан Ұлттық банкке екі міндеттің арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажет. Бір жағынан, бағаның өсуін бақылаудан шығармауы керек. Екінші жағынан, тым қымбат ақшаның экономиканың дамуына кедергі келтіруіне жол бермеуге тиіс. Қыркүйектегі шешім осы тепе-теңдікті табуға жасалған сақ қадамға көбірек ұқсайды.
Шешім қабылдауға тамыз айындағы инфляция көрсеткіші негіз болды. Жылдық инфляция 9,8%-ға дейін баяулап, дезинфляциялық үрдіс он бір ай қатарынан жалғасты. Ресми мәліметте импорттық инфляцияның бәсеңдеуі, теңге бағамының салыстырмалы тұрақтылығы және азық-түлік нарығындағы маусымдық факторлар атап өтілді. Халықтың алдағы баға өсіміне қатысты күтулері де біршама төмендеген. Мұндай жағдай Ұлттық банкке мөлшерлемені тағы 0,5 пайыздық тармаққа түсіруге мүмкіндік берді. Ресми шешімге сәйкес, базалық мөлшерлеме 16,25%, ал оның дәлізі плюс-минус 1 пайыздық тармақ деңгейінде белгіленген.
Экономист, Qazaq Expert Club тең құрылтайшысы Бауыржан Шурманов бұл шешімнің нарық болжамынан өзгеше болғанына назар аударады.
«Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендетуі нарық үшін күтпеген шешім болды. Сарапшылардың басым бөлігі мөлшерлеме 16,50%-ға дейін ғана төмендейді деп болжаған еді. Реттеушінің мұндай қадамға баруына тамыз айында жылдық инфляцияның 9,8%-ға дейін баяулауы негіз болды. Жеміс-көкөніс өнімдерінің маусымдық арзандауы, импорттық бағалардың бәсеңдеуі және теңгенің салыстырмалы тұрақтылығы да оң әсер етті. Сонымен қатар халықтың инфляциялық күтулерінің біршама төмендегені байқалды. Осы факторлар Ұлттық банкке ақша-несие шарттарын тағы да аздап жұмсартуға мүмкіндік берді», – дейді экономист.
Алайда мөлшерлеменің төмендеуі несие мен ипотека бірден арзандайды дегенді білдірмейді. Базалық мөлшерлеменің банк өнімдеріне әсері белгілі бір уақыттан кейін сезіледі. Бұған қоса, банктер несие құнын есептегенде қорлану шығындарын ғана емес, қарыз алушының төлем қабілетін, тәуекел деңгейін, операциялық шығындар мен нарықтағы сұранысты да ескереді. Сондықтан мөлшерлеменің 0,5 пайыздық тармаққа төмендеуі қарапайым азамат алатын тұтынушылық несиенің пайызын дәл сондай көлемде бірден азайтпауы мүмкін.
Бизнес үшін де нәтиже бірден байқалмайды. Дегенмен базалық мөлшерлеменің төмендеу циклі жалғасса, банктердің кәсіпкерлерге ұсынатын қаржысы біртіндеп қолжетімді бола бастайды. Бұл айналым қаражатын толықтыруға, өндірісті кеңейтуге және жаңа жобаларды іске қосуға мүмкіндік береді. Әсіресе шағын және орта бизнес үшін несие құнының төмендеуі маңызды. Бірақ кәсіпкерлер үшін бір реттік шешімнен гөрі мөлшерлеменің алдағы бағыты мен экономикалық тұрақтылық маңыздырақ.
Депозит нарығында кері құбылыс болуы ықтимал. Базалық мөлшерлеме төмендеген сайын банктер салымдар бойынша ұсынылатын сыйақыны да біртіндеп қайта қарауы мүмкін. Соған қарамастан қазіргі 9,8% инфляция жағдайында теңгелік активтердің нақты кірістілігі әлі де оң деңгейде қалып отыр. Демек, жинағын теңгемен сақтайтын азаматтар үшін депозиттер тартымдылығын бірден жоғалтпайды.
Сонымен бірге жылдық инфляцияның төмендеуіне қарап, экономикадағы баға мәселесі шешілді деуге болмайды. Жылдық көрсеткішке былтырғы жоғары салыстырмалы база да әсер етеді. Ал бағаның соңғы айлардағы қозғалысын көрсететін жедел индикаторлар ішкі қысымның толық жойылмағанын аңғартады. Маусымдық түзетілген айлық инфляция 0,9%, базалық инфляция 0,7% болды. Базалық инфляция маусымдық немесе уақытша өзгерістерді алып тастап, бағаның тұрақты бөлігінің қалай өсіп жатқанын көрсетеді.
«Қазіргі шешімді базалық мөлшерлеменің жылдам төмендеу кезеңі басталды деп қабылдауға әлі ерте. Жылдық инфляция баяулағанымен, ел ішіндегі баға қысымы жоғары деңгейде сақталып отыр. Маусымдық факторларды есепке алмағанда, айлық инфляция 0,9%-ды, ал базалық инфляция 0,7%-ды құрады. Бұл бағаның тұрақты бөлігінің әлі де айтарлықтай жылдам өсіп жатқанын көрсетеді. Бұған қоса, бюджет шығындары, коммуналдық тарифтер мен жанар-жағармай бағасы инфляцияны қайта жеделдетуі мүмкін. Сондықтан алдағы шешімдер ағымдағы көрсеткіштермен қатар осы тәуекелдердің динамикасына да байланысты болады», – дейді Бауыржан Шурманов.
Инфляцияға ықпал ететін тәуекелдің бірі – бюджеттен экономикаға түсетін қаржының көлемі. Мемлекеттік шығындар жылдам өссе, ішкі сұраныс та жоғарылайды. Тауар мен қызмет өндірісі сол сұранысқа ілесе алмаған жағдайда баға қайта көтеріледі. Коммуналдық тарифтердің өзгеруі де халықтың күнделікті шығынына ғана емес, кәсіпорындардың өзіндік құнына әсер етеді. Электр энергиясы, су, жылу және тасымал қымбаттаса, бұл шығын түпкі өнім бағасына қосылады.
Жанар-жағармай нарығындағы өзгеріс те маңызды. Отын бағасының өсуі тасымал шығынын арттырып, азық-түліктен бастап құрылыс материалдарына дейінгі көптеген тауардың құнына ықпал етеді. Бұған сыртқы нарықтағы тұрақсыздық пен валюта бағамының ықтимал өзгерісін қосуға болады. Теңге әлсіреген жағдайда импорттық тауарлар және шетелден жеткізілетін шикізат қымбаттайды. Сондықтан Ұлттық банк мөлшерлемені төмендету кезінде ішкі инфляцияны ғана емес, ұлттық валютаның тұрақтылығын да ескеруге мәжбүр.
Реттеушінің ортамерзімді болжамы да тым еркін саясатқа көшуге әлі ерте екенін көрсетеді. Ұлттық банк 2027 жылға арналған инфляция болжамын 6,5-8,5% аралығына дейін көтерді. Ал инфляцияның 5% нысаналы көрсеткішке жетуі енді 2028 жылға қарай күтіледі. Бұл баға өсімін тұрақты түрде төмендету үшін бірнеше жыл қажет болуы мүмкін екенін білдіреді.
«Ұлттық банктің 2027 жылға арналған инфляция болжамын 6,5-8,5%-ға дейін көтеруі тәуекелдердің әлі де жоғары екенін аңғартады. Ал инфляцияны 5% нысаналы көрсеткішке жеткізу енді 2028 жылға қарай күтіліп отыр. Сол себепті қазіргі төмендетуді ақша-кредит саясатын кең көлемде жұмсартудың белгісі деп бағалауға болмайды. Бұл – ең алдымен инфляцияның соңғы көрсеткіштерінің жақсаруына берілген сақ реакция. 23 қазандағы отырысқа дейін проинфляциялық факторлар қайта күшейсе, Ұлттық банк төмендетуді жалғастырмауы мүмкін. Мұндай жағдайда базалық мөлшерлемені 16,25% деңгейінде сақтау ең ықтимал шешім болады», – деп қорытындылады сарапшы.
Демек, мөлшерлеменің төмендеуі экономика үшін жағымды белгі болғанымен, арзан несие кезеңі басталды деуге негіз жоқ. Ұлттық банк инфляцияның баяулағанын мойындап, қатаң саясаттың қысымын аздап жеңілдетті. Бірақ баға тұрақтылығына төнетін қатерлер әлі сақталып отыр. Ендігі бағыт тарифтерге, бюджет шығындарына, жанармай бағасына, теңге бағамына және халықтың инфляциялық күтулеріне байланысты болады. Егер бұл көрсеткіштер тұрақты болса, мөлшерлемені біртіндеп төмендетуге мүмкіндік туады. Ал инфляция қайта күшейсе, реттеуші үзіліс жасап, қазіргі деңгейге қайта оралуы ықтимал.
Кәмила ЕРКІН










