Антқа адалдық: батыр полицейдің ел жадындағы ерлігі

Сол күні әдетте қарбалас тіршілік қайнап жататын көшелерде сап тыйылып, адам аяғы сиреп қалған еді. Мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы тараған түрлі хабарлама мен алыпқашпа ақпараттар халықты үрейлендіре түсті.

Сол бір сындарлы сәтте Алматы көшелерінде өзінің қызметтік міндеттерін атқарып жүрген 8 полиция қызметкері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери қызметшісі және бейбіт тұрғындар қылмыскердің оғынан бейуақыт қаза тапты. Осылайша, бірнеше азаматтың өмірін қиған қарулы қылмыскердің қанқұйлы әрекеттерін тоқтатып, бетін қайтарған  Алматы қаласы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полиция старшинасы Аян Ерболғанұлы Ғалиев болатын.

Оқиғаның мән-жайына оралсақ, Аян Ғалиев 2016 жылғы 18 шілде күні Алматы қаласындағы мемлекеттік мекеме ғимаратын күзету бойынша кезекшілікке түскен еді. Түске қарай полиция старшинасы А. Ғалиев көшеде оқ атылғанын және көмек сұраған адамдардың дауысын естиді. Ол еш бұлталақтамастан, жанындағы серік­тесіне басқармадағы жедел кезекшіге дереу хабарлауға нұсқау беріп, өзі болып жатқан жағдайға көз жеткізу үшін далаға шығады.

Сыртқа шыққанда қару асынған адамды көрген ол айналадағы бейбіт тұрғындарды қарулы қылмыскерден қорғау үшін шұғыл әрекет ету керегін түсінеді. Аян Ғалиев өзі күзететін мемлекеттік мекеме нысанын және айналадағы халықтың өмірін қорғауды ойлап, өзіне қарай оқ жаудырған қарулы қылмыскерге қарсы қызметтік тапан­шасынан оқ атады.

Аян Ғалиев қылмыскердің оғынан ауыр дене жарақатын алып, тіпті сау­сақтары жұлынып, зақымданғанына қарамастан, бойындағы соңғы қайратын жинап, өзіне қарсы келе жатқан қарулы қылмыскерді бірнеше жерден жаралап үлгереді. Осылайша, ауыр дене жарақатын алған қылмыскер әрі қарай оқ атуын тоқтатып, жол бойында бүк түсіп отырып қалады. Осы кезде оның қолына кісен салынып, қолға түседі. Өкініштісі, батырдың өзі алған ауыр жарақаттарының салдарынан оқиға орнында қаза тапты.

Айналдырған жарты сағатқа жет­пейтін уақыт ішінде айналасына ажал оғын сепкен қылмыскер Қызылорда облысының 27 жастағы тумасы Руслан Күлекбаев болып шықты. Осы бір оқиға салдарынан ел тыныштығын қорғау қызметінде жүрген өрімдей полиция қызметкерлері мен бейбіт тұрғындар қас-қағым сәтте ажал құшты.

Осы оқиғадан соң іле-шала қалада «Жедел ұстау» арнайы операциясы жа­рияланып, барлық қару-жарақ дү­кен­дері, сауда және қоғамдық орындар, екінші деңгейлі банктердің бөлімшелері жабылды. Теміржол мен әуежайларда сақтық шаралары күшейтіліп, полиция қызметкерлері қала тұрғындарына үйлерінен шықпау туралы хабарлады.

Бұл жағдайға қатысты Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиыны өткізіліп, Мемлекет басшысы қаза тапқандардың отбасыларына тиісті психологиялық және материалдық қолдау көрсетуді тапсырды. Іле-шала Алматыға арнайы ұшып келген сол кездегі Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов дереу брифинг өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарына нақты деректерді жеткіз­ді. Министр күдіктінің бұрын заңсыз қару сақтағаны және қарулы шабуыл жасағаны үшін екі рет сотталғанын, қылмысты құқық қорғау органы қызметкерлерінен өш алу мақсатында жасағанын мәлімдеді. Қылмыскердің соңғы уақытта Алматы облысы Іле ауданына қарасты Ынтымақ ауылында тұрып, ұялы телефондар сатумен айна­лысқаны анықталды.

Аян Ғалиев өз міндетін атқару кезінде жан тапсырса, Ғани Нұриманов ішкі істер органында 25 жыл қызмет атқарып, жуырда ғана зейнетке шыққан еді. Ол сол күні шаруаларымен көшеде келе жатқанда, алдынан қаруланған Күлекбаев шығып, Ғанидың қалтасынан көрініп тұрған қызыл куәлігін байқап қалады да, оған да оқ атады.

Егер Аян Ғалиевтің осы бір жан­қиярлық ерлігі болмағанда, құрбандар қатары бұдан да арта түсері анық еді. Себебі осыған дейін лаңкес Алматы көшелерінде өзінің заңсыз әрекеттерін жүзеге асырып үлгерген. Ал автокөлік рулінде отырған Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери қызметшісі А. Әзімхановты бағдаршамда тұрған кезінде оның үстіндегі нысанды киімін полиция формасы деп ойлап атып кеткен. Бейбіт тұрғын Н. Содикова да қылмыскердің оғынан ажал құшты.

Ертесіне Алматы халқы қарулы қылмыскерді ұстау кезінде каза тапқан Алматы қаласы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы 2-батальо­нының қызметкері, полиция старшинасы Аян Ғалиев пен отставкадағы полиция подполковнигі Ғани Нұримановты Балуан Шолақ атындағы спорт сарайынан ақтық сапарға шығарып салды. Оларды шығарып салуға келген алматылықтардың сарайға сыймай, Абай даңғылының бойында лық толып тұрғандарының санында шек болмады. Бұл бейбіт тұрғындардың ержүрек полиция қызметкерлерінің ерлігіне деген шынайы тағзымы еді.

Полиция старшинасы Аян Ербол­ғанұлы  ішкі істер органдарында 1997 жылдан бері қалтқысыз еңбек етіп, соңғы он жылын мемлекеттік мекеме нысанының тыныштығын сақтауға ар­­нады. Қызметтік қаруды қолдану ше­берлігін ұдайы шыңдаған ол қатарда­ғы әріптестеріне үлгі болып, жас тәртіп сақшыларының бірнеше буынын тәрбиелеген абыройлы тәлімгер еді.

Аянның досы әрі әріптесі Болат­жан Қарауылов сол сәттерді еске ала оты­рып: «Көздеген нысанасына дөп тигізе­тін мергендігі мықты Аянның қыл­мыскерді бірден атып залал­­сыз­­данды­руына болатын еді. Бірақ оның басты ойы  қылмыскерді тірідей қолға түсі­ріп, заң алдында жауапқа тарту болғаны анық. Өйткені Аян қызметтік тапан­шадан көздеп ату жаттығуларында үне­­мі жоғары көрсеткішті иемдене­тін», – дейді.

Полиция старшинасы Аян Ғалиев небәрі 42 жасында өмірден өтті. Осы 42 жыл ішінде ол нағыз азаматқа тән өмір сүрді. Ата-анасының үмітін ақтаған абыройлы перзент, бауырларының сенімді жанашыры, адал жар, үлгілі отбасы иесі болды.

Аян қаза тапқаннан кейін оның отбасына мемлекет тарапынан тиісті деңгейде жан-жақты көмек көрсетілді. Алайда қазақта «тас түскен жеріне ауыр» деген қағидалы сөз бар. Оның артында аңыраған жары мен екі баласы үшін материалдық қолдау әке орнын толтыра алмайтыны анық. Аян өмірден өткенде мектепте оқитын қызы Әмина бүгінде Алматы мемлекеттік медицина университетінің 3-курс студенті болса, сол кезде бір жасқа да толмаған ұлы Медеуғали 5-сыныпта оқиды.

«Әкемнің әрбір айтқан ақылы, берген тәрбиесі, сыйлықтары мен үшін қазір таптырмас құнды дүние. Сонымен қатар жұмыстан бос уақытында неше түрлі заттар жасайтын. Мені спортпен шұғылдансын деп спорт алаңын жасады. Осы жерге көршілердің барлық балалары жиналып ойнайтынбыз. Маған және барлық көршінің балаларына түрлі спорттық жаттығу  үйрететін.

Сонымен қатар маған «Кітапты көп оқы. Сабағыңды жақсы оқы» деп қадағалап отыратын. Әкем өз ана тілін керемет жақсы көрді. Менен де қазақша таза сөйлеуді талап етуші еді. Ол үшін сөйлегенде бір орысша сөз қосып қойсам, бір сөзге он рет жатып-тұру жаттығуын жасататын.

Табиғатты сүюді де әкемнен үйрендім. Ол балық аулауға барғанда мені де ертіп алатын. Қармақ салып отырып маған Табиғат-ананың небір тылсымдары туралы әңгіме айтатын. Үнемі «өз еліңді, табиғатты сүй» дейтін.

Әкем інім Медеуғалиды ұзақ күтті. Ол менен кейін он жылдан соң ғана өмірге келді. Өкініштісі, Медеуғалидың он айлығында өзі қаза тапты. Үйден соңғы рет шығып бара жатып, інім екеумізді кезек-кезек иіскеп, біраз тұрғаны есімде. Енді мен әкемнен алған тәрбиемді ініме беруге тырысып жүрмін. Елді, табиғатты, туған тілді сүюді қазір мен Медеуғалидың бойына сіңіруге қатты көңіл бөлудемін», – дейді қызы Әмина Аянқызы.

Қылмыскер Руслан Күлекбаев Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған аудан­аралық сотының 2016 жылғы 2 қараша­дағы үкімімен өмір бойына бас бостан­дығынан айырылды. Ал қаһарман сақ­шы Аян Ғалиевтің ерлігі лайықты бағаланып,  Президент Жарлығымен оған қайтыс болғаннан кейін ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені берілді.

Сонымен қатар Алматы қаласындағы №87 жалпы білім беретін мектепте полиция старшинасы Аян Ғалиев атындағы «Жас сақшы» кадет сыныбы ашылып, таяуда кадет сыныбының алғашқы түлектері қолдарына аттестат алды. Сондай-ақ Алматы қаласы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қолдауымен Аян Ға­лиев­тің ерлігі мен өміріне арналған «Ерлікке тағзым» кітабы жарық көрді.

Полиция старшинасы Аян  Ғалиев­тің бұл жанқиярлық әрекеті – «Халық қаһарманы» атағына әбден лайық ерен ерлік. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген қағидалы сөзге сенсек, өзгелердің амандығы мен ел тыныштығы үшін өз өмірін арнаған батыр полицей­дің батырлығы мәңгілік ұмытылмайды әрі келешек ұрпақтың бойына патриот­тық рух сіңіре берері даусыз. «Мен жас­тарға сенемін» деп өсиет қалдырған ұлы Мағжан Жұмабаевтың сеніміне кір келтірмей, өз өмірін қиып, жастардың сенім діңгегін биік шыңға көтеріп, алып шыққан да АЯН. Иә, бұл есім ха­­лық жадында сөнбейді.

Жанар  ТҰРАНҚАЗЫҚЫЗЫ,

полиция капитаны