Financial Times хабарламасына сүйенген Aikyn.kz британдық жастардың елден кетуінің себептерін талдайды.
Соңғы ресми деректер бойынша, өткен жылы Ұлыбританиядан 246 мың британ азаматы кеткен. Бұл елге қайтып оралғандардың санынан 2 есе көп. Алаңдаушылық туғызатын мәселе – эмиграцияның басым бөлігін жастар құрайтыны. Елден кеткендердің 75%-ы 35 жасқа толмағандар. Сарапшылар бұл құбылысты «ақыл-ойдың сыртқа кетуі» деп атауға асықпау керектігін айтады.
Жастардың көңіл күйі де осы үрдісті көрсетуде. British Council зерттеуінде 18-30 жастағы британдықтардың 72%-ы басқа елде тұру немесе жұмыс істеу мүмкіндігін қарастыратынын айтқан. Ал 63%-ы өзінің өмір сүру деңгейін ата-аналарының буынымен салыстырғанда төмен деп бағалайды. Жастарды алаңдататын негізгі мәселенің бірі – жалақының төмендігі.
Бұған еңбек нарығындағы жағдай да әсер етіп отыр. Ұлыбританиядағы жұмыссыздық деңгейі 5,2%-ға жетіп, соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш болған. Қазір бір бос жұмыс орнына орта есеппен 2,5 адамнан келеді. Ал түлектерге арналған бос жұмыс орындарының саны бір жылда 45%-ға қысқарып, 2026 жылдың басынан төмендеген. Қазір жастарға арналған бос орындардың саны 10 мыңнан аз.
Жастар үшін тағы бір үлкен мәселе – білім мен баспана құны. Англияда университетті несие арқылы оқыған студенттердің оқу бітірген кездегі орташа қарызы 70 000 доллардан асады. Ал жұмыс орындарының едәуір бөлігі шоғырланған Лондонда ортақ пәтердегі бір бөлмені жалдау айына шамамен 1 000-1 700 доллар тұрады.
Бұндай жағдайда Канада мен Аустралия секілді елдер жоғары жалақы, мансаптық мүмкіндік және өмір сапасымен британдық мамандарды тартып отыр. Мәселен, Лондоннан Ванкуверге көшкен дәрігер Бен Рассел Ұлыбританияда жылына 110-125 мың доллар табыс тапса, Канадада өзінің табысы 220 мың доллар болады деп жоспарлап отыр.
«Негізгі мотивтер – өмір салты, өмір сүру құны және Ұлыбританиядағы өмірге қанағаттанбау», – дейді Оңтүстік Аустралияның халық және көші-қон стратегиясы жөніндегі директоры Луиза Ньюстед.
Сарапшылар болса, қазіргі жағдайды «ақыл-ойдың жаппай сыртқа кетуі» деп бағалауға әлі ерте екенін ескертеді. Лондон Корольдік колледжінің экономика және мемлекеттік саясат профессоры Джонатан Портестің айтуынша, білікті британдықтардың бір бөлігі шетелге кеткенімен, елге келетін білікті иммигранттар олардың экономикалық әсерінің орнын толтырып отыр. Оның пікірінше, «ақыл-ойдың сыртқа кетуі» туралы тұжырымдар жағдайды әсірелеп көрсетеді.
Сондықтан мәселе қанша британдықтың елден кетіп жатқанында емес. Негізгі сұрақ – Ұлыбритания өз жастары мен білікті мамандары үшін өмір сүруге және жұмыс істеуге тартымды ел болып қала ма? Сарапшылардың пікірінше, егер жалақы, тұрғын үй, жұмыс орындары мен өмір сапасына қатысты мәселелер шешілмесе, жастардың шетелден мүмкіндік іздеу үрдісі жалғаса бермекші.










