Берік Беркімбаев, Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясының мүшесі: Инвесторға түсінікті құқықтық карта қажет

Осы үдерісте инвестор мен мемлекеттік органдарға ортақ, түсінікті қағидалар қажет пе? «Әділеттің 111+ шешімі» жобасындағы бизнесті қолдау бағытымен сабақтас бұл мәселені Құрылтайдың I шақырылымындағы «Әділет» партиясының депутаты Берік Беркімбаевпен талқыладық.

– Қазақстанның инвестициялық жүйесінде бірыңғай заң қажет деген мәселе неден туындап отыр?

– Қазір мемлекеттер нарық, техно­логия, адами капитал үшін ғана емес, инвестиция тарту үшін де бәсекеге түсіп отыр. Инвестор қай елге қаржы салатынын шешкенде, ресурсы мен географиялық орнына немесе салықтық жеңілдіктеріне ғана қарамайды. Заңның тұрақты, рәсімдердің түсінікті болуы, құқығының қорғалуы және мемлекет келісімді нақты іске асыра ала ма – мұның бәрі маңызды.

– Сондықтан Қазақстанның инвестициялық жүйесі инвесторға қаншалықты түсінікті деген сұрақ туындайды. Оның негізгі тетіктерін бір заманауи заңға біріктіретін уақыт келген жоқ па?

– Бізде арнайы инвестициялық заңдар болған. 1994 жылы «Шетелдік инвестиция­лар туралы» заң қабылданды, ал 2003 жылы оның орнына «Инвестициялар тура­лы» заң күшіне енді. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл заң қолданыстан шықты. Инвестициялық қызметке қатысты бірқатар мәселе Кәсіпкерлік кодекске енгізілді.

Содан бері он жыл өтті, инвестициялық орта да өзгерді. Қазір Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті, KAZAKH INVEST, Инвестициялық штаб, инвестициялық омбудсмен институты, арнайы экономикалық аймақтар, «Астана» халықаралық қаржы орталығы және Ұлт­тық цифрлық инвестициялық плат­форма жұмыс істейді. Мемлекеттік қолдау мен инвестициялық келісімдердің де жаңа түрлері пайда болды.

Мен айтып отырған мәселе бұрынғы заңды қайта қабылдау емес. Қолданыстағы құқықтық жүйе бүгінгі инвестициялық саясаттың ауқымына сай келе ме? Қалып­тасқан институттар мен тетіктерді ортақ қағидаларға біріктіретін жаңа, жүйеленген «Инвестициялар туралы» заң қажет пе? Мәселе – осы.

– Инвестор жоба бойынша алдымен әкімдікке, KAZAKH INVEST-ке немесе министрлікке жүгінуі мүмкін. Мұндайда орталық пен өңірлердегі мемлекеттік орган­дардың жұмысын қалай реттеуге болады?

– Инвестор қай мекемеге бірінші жүгінсе де, бір мәселені қайта-қайта түсіндіріп, әр мекеменің табалдырығын тоздырмауы керек. Бір мекемеде қабыл­данған шешімді келесісі де ескеріп, жұмысты жалғастырғаны жөн. Ол үшін әр мекеменің міндеті анық болып, бір-бірімен келісіп жұмыс істеуі қажет. Мақсат – инвесторға қосымша кедергі жасау емес, оның жұмысын жеңілдету.

Жобаға қатысты жұмыстың бір бөлігін министрлік, келесі бөлігін әкімдік атқаруы мүмкін. Кейде инвестор алдымен әкімдікке, кейін KAZAKH INVEST-ке немесе басқа мекемеге жүгінеді. Қай мекемеден бастаса да, жоба туралы мәлімет пен бұрын қабылданған шешімдер келесі мекемеге толық жетуі керек. Әйтпесе, бұрын келі­сілген мәселе қайта қаралып, жұмыс созылып кетуі мүмкін. Сонда инвестор жобасының қай кезеңде тұрғанын және енді кімнен жауап күту керегін білмей қалады.

Бұл министрлік пен әкімдік барлық мәселені бірге шешсін деген сөз емес. Әр мекеменің қандай іске жауап беретіні анық болуы қажет. Бір мәселе бірнеше меке­меге қатысты болса, олардың өзара келісіп жұмыс істеу тәртібі де белгілі бол­­ғаны жөн. Сонда инвестор бір меке­меден екіншісіне қайта-қайта барып, бір ақпаратты қайталамайды.

Жаңа заң осындай ортақ тәртіпті белгілеуге көмектеседі. Онда министрлік пен әкімдіктің міндеті, жобаның бір мекемеден екіншісіне өткенде жұмыстың қалай жалғасатыны және шешімге кім жауап беретіні көрсетілуі мүмкін. Инвестор қай мекемеге жүгінсе де, жобасының келесі қадамы қандай екенін біліп, бұрын қабылданған шешімдер аяқсыз қалмай­тынына сенімді болуы керек.

– Инвестициялық келісімдер нақты жобаларға айналып, экономикаға пайда әкелуі үшін не қажет? Мұндай келісімдердің нәтижесін қалай бағалаған жөн?

– Келісімге қол қою жұмыстың бастауы ғана. Мемлекет басшысының шетелге сапарлары кезінде ірі халықаралық ком­паниялармен келіссөздер өтіп, инвес­тициялық дөңгелек үстелдер ұйымдас­тырылады. Қазақстан серіктестеріне капитал салуды ғана емес, өндіріс ашып, технология енгізуді, өнімді ел ішінде өңдеп, қосылған құн тізбегін қалыптас­тыруды ұсынады.

2025 жылы қол қойылған коммер­циялық келісімдердің жалпы құны шамамен 75 млрд доллар болды. Бірақ келісімнің құны басты нәтиже емес. Президент уағдаластықтарды созбалаңға салмай, нақты мерзімде орындау керегін айтып келеді. Ол үшін орындалуын бақылап, жауапты басшылардың дербес жауапкершілігін белгілеу маңызды.

Инвестициялық саясаттың нәтижесін кездесулер мен меморандумдардың санына немесе жарияланған жобалардың құнына қарап бағаламау керек. Нақты салынған қаржы, іске қосылған кәсіп­орындар, ашылған жұмыс орындары, енгізілген технология, экспорт пен салық түсімі ескерілуге тиіс.

Келісімге қол қойылғаннан кейін жер мен инфрақұрылым мәселесін шешу, рұқсат алу, қаржы тарту, құрылыс жүргізіп, нысанды іске қосу қажет. Осындай кезеңдерде мемлекеттік органдардың жұмысы мен жауапкершілігі көрінеді. Сондықтан маңызды жобаны алғашқы келісімнен бастап экономикалық нәтиже шыққанға дейін бақылау қажет.

Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа жобаларды тарту, іске асыру және бақылау кезінде мемлекеттік орган­дардың жұмысын бір жүйеге біріктіруге мүмкіндік береді. Дегенмен цифрлық бақылау инвестордың кепілдіктері мен мемлекеттің міндеттемелерін айқындайтын тұрақты құқықтық қағи­далардың орнын баса алмайды.

– Жаңа заң қолданыстағы кодекстер мен заңдарды қалай толықтыра алады?

– Жаңа заң қолданыстағы заңдарды қайталамауы керек. Инвестициялық қыз­метті мемлекеттік қолдау, жеңілдіктер, келісімдердің кейбір түрлері мен дауларды шешу тетіктері Кәсіпкерлік кодексте бар. Ал инвестицияға қатысты өзге нормалар Салық және Жер кодекстерінде, арнайы экономикалық аймақтар, мемлекеттік-жекешелік әріптестік, жер қойнауын пайда­лану, құрылыс, көші-қон мен эколо­гия туралы заңдарда қамтылған.

Соңғы он жылда инвестициялық саясаттың ауқымы кеңейіп, жаңа инсти­туттар мен арнайы тетіктер пайда болды. Сондықтан жаңа заңның міндеті – салалық талаптарды өзіне жинау емес, инвес­ти­циялық саясаттың жалпы қағидаларын белгілеу және мемлекеттік органдардың осы саладағы құзыретін нақтылау. Ал жеке­леген салаларға қатысты нормалар өз заңдарында қала береді. Осылайша, инвесторға инвестициялық жобаға қатысты құқықтық жүйенің қалай құрылғанын түсіну жеңілдейді.

– Бірыңғай инвестициялық қағидалар кімдерге қажет және қандай нәтиже беруі керек?

– Тұрақты әрі түсінікті қағидалар шетелдік инвесторға да, отандық кәсіпкерге де қажет. Өйткені инвестицияның ел үшін берері ортақ: өндіріс орындары ашылып, жұмыс көбейеді, экспорт пен салық түсімі артады, жаңа технология енгізіліп, еңбек өнімділігі өседі.

Қазақстанда инвестициялық инфра­құрылымның негізгі тетіктері қалыптасты. Ендігі міндет – олардың жұмысын ортақ құқықтық негізбен ұштастырып, орталық пен өңірлердегі саясаттың бірізді болуын қамтамасыз ету және жобалардың нәти­жесіне жауапкершілікті нақтылау.

Бұл 2003 жылғы заңды қайта қабылдау деген сөз емес. Әңгіме Қазақстанның бүгінгі инвестициялық саясатына сай жаңа буын заң туралы. Ол меморандумнан нақты инвестицияға дейінгі жолды инвес­тор мен мемлекет үшін түсінікті әрі бол­жамды етуге тиіс.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Кәмила ДҮЙСЕН