Жамбыл облысында «Әділет» партиясының қолдауымен педагогтердің кәсіби ізденісін, заманауи әдістемелерін және тиімді тәжірибесін танытуға бағытталған «Ізденіс. Тәжірибе. Нәтиже» облыстық мұғалімдер форумы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Іс-шараны «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалы мен Жамбыл облысы әкімдігінің Білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырды. Форумға Тараз қаласы мен облыс аудандарынан, сондай-ақ облыстық білім басқармасына қарасты білім беру ұйымдарынан 10 педагог қатысты.
Бүгінде білім беру жүйесі технологиялық өзгерістермен қатар, оқушының жан-жақты дамуына жаңа талаптар қойып отыр. Бұл жағдайда мұғалімнің міндеті білім берумен ғана шектелмей, балаға ілім мен тәрбиені қатар ұштастыруға бағытталады. Ал заманауи технологиялар мен жаңа әдістер осы міндетті жүзеге асырудың тиімді құралдарының біріне айналып келеді.
Бұл бағыт «Әділет» партиясының цифрлық мемлекет пен заманауи технологияларды дамытуға, адам капиталын күшейтуге және құндылықтарға негізделген қоғам қалыптастыруға бағытталған ұстанымдарымен сабақтас.
Партия филиалының басшысы Дәурен Айтасұлы Каипов атап өткендей, партия мүшелерінің шамамен үштен бірі – ұстаздар.
«Бүгінде партия мүшелерінің шамамен үштен бірі – ұстаздар. Бұл – біз үшін үлкен сенім әрі жауапкершілік. Сондықтан педагогтердің кәсіби ізденісін қолдап, озық тәжірибесін ортаға салуға мүмкіндік беру маңызды. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект білімге жаңа мүмкіндіктер ашқанымен, олардың басты мақсаты – балаға сапалы білім мен тәрбие беруге қызмет етуі керек», – деді Дәурен Айтасұлы.
Форумның негізгі ерекшелігі – педагогтердің өз тәжірибесін кейс форматында ұсынуы. Қатысушылар кәсіби қызметінде кездескен нақты жағдайларды, мәселені шешу барысында қолданған тәсілдерін және қол жеткізген нәтижелерін ортаға салды.
Ұсынылған кейстерде жасанды интеллектіні оқу үдерісінде пайдалану, цифрлық құралдарды сабаққа енгізу, оқушының қызығушылығы мен қабілетін дамыту, құндылыққа негізделген тәрбие, педагогикалық көшбасшылық және білім берудегі инновациялар сияқты өзекті тақырыптар қамтылды.
Мәселен, педагогтердің бірі жасанды интеллект құралдарын оқушының өздігінен ізденуі мен ақпаратты талдау қабілетін дамытуға пайдаланудың жолдарын көрсетті. Тағы бір кейсте оқушының сабаққа қызығушылығын арттыруға бағытталған әдіс ұсынылды. Ал жекелеген жұмыстарда білім мен тәрбиені қатар алып жүрудің практикалық тәсілдері көрсетілді.
Кейстердің басты ерекшелігі – олардың теориялық сипатта емес, мұғалімдердің күнделікті жұмысында сынақтан өткен нақты тәжірибеге негізделуі. Сондықтан әр ұсыныс тек тың идея ретінде емес, өзге педагогтер үшін де қолдануға болатын практикалық шешім ретінде қарастырылды.
Форумның «Ойталқы алаңында» қатысушылар ұсынылған кейстерді талқылап, сұрақтарын қойып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Ашық пікір алмасу барысында тиімді тәсілдерді жетілдіру және оларды басқа білім беру ұйымдарында қолдану мүмкіндіктері сөз болды.
Форум аясында педагогтер эссе жазып, кәсіби қызметі туралы бейнероликтер ұсынды. Негізгі кезеңде өз кейстерін таныстырып, ашық пікірталасқа қатысты.
Іс-шара қорытындысында үздік жұмыстар анықталып, жеңімпаздар Бас жүлде, І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен, сондай-ақ Алғыс хаттармен марапатталды.
«Әділет» партиясы үшін мұндай алаңдардың негізгі мәні – білім саласындағы жаңашылдықты қолдап қана қоймай, оны нақты педагогикалық тәжірибемен ұштастыру. Заманауи технологияларды меңгерген, жаңа әдістемелерді іздейтін және біліммен қатар тәрбиеге мән беретін ұстаздарды қолдау – сапалы адам капиталын қалыптастырудың маңызды бөлігі.









