Ол Ақтау халықаралық теңіз сауда портында құрылды. Кездесуге партия филиалының өкілдері, порттың басқарма төрағасы Ғалым Айтжанов және кәсіпорын қызметкерлері қатысты.
Ақтау қалалық филиалының төрағасы Абзал Мараттың айтуынша, бастауыш партия ұйымын құру туралы бастаманы порт қызметкерлерінің өздері көтерді.
– Партия Төрағасы Айбек Дәдебайға еңбек ұжымынан ұсыныс келіп түсті. Бұл – еңбек адамдарының партия жұмысына белсенді араласуға деген қызығушылығының көрінісі. Бастауыш партия ұйымы арқылы порт қызметкерлерінің бастамаларын жүйелі түрде жеткізу және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді бірлесіп шешу мүмкіндігі арта түседі, – деді Абзал Марат.
Бүгінде ұйым жүзге жуық белсенді азаматты біріктіріп отыр. Негізгі жұмыс басымдықтары – қызметкерлердің мүддесін қорғау, еңбек ұжымының ішкі мәселелерін жедел шешу және мемлекеттік институттармен өзара байланысты нығайту.
Жаңа бастауыш партия ұйымының төрағасы болып Ғалым Айтжанов, ал хатшысы ретінде Гүлмира Байғұлова сайланды.
Ғалым Айтжанов порт өңір экономикасында маңызды рөл атқаратынын жеткізіп, жаңа ұйым қандай міндеттер қойып отырғанын айтты.
– Біздің теңіз сауда портымыз – аса маңызды нысандардың бірі. Мұнда еңбек етіп жүрген азаматтардың ұсыныстары мен пікірлері әрдайым басты назарда болуы керек. Партия ұйымның құрылуы бұл жұмысты жүйелеуге мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – еңбек ұжымының белсенділігін нақты істерге бағыттап, ортақ бастамаларды жүзеге асыру үшін партиялық алаңды тиімді пайдалану, – деді Ғалым Айтжанов.
Кездесу соңында ұжым мүшелерін жаңа партия ұйымының өз жұмысын бастауымен құттықтады. Құрылтай сайлауында белсенділік танытқан қатысушыларға партия төрағасы Айбек Дәдебайдың атынан алғысхаттар табысталды.
Тілек ҚАБЫЛ









