Еңбекпен қамту – ел игілігі үшін

Еңбек – адамның өміріне мән, отбасына береке, қоғамға тұрақтылық сыйлайтын құндылық. Тұрақты жұмысы бар адамның ертеңге деген сенімі нығайып, кәсіби мүмкіндігі кеңейеді. Ал білікті маманмен толыққан кәсіпорынның өндірісі өркендеп, өңір экономикасының әлеуеті артады. Сондықтан жұмыспен қамту мәселесін тек жұмыссыздық көрсеткішін төмендетумен немесе өткізілген іс-шаралардың санымен өлшеу жеткіліксіз. Оның шынайы бағасы – тұрақты жұмысқа орналасқан азамат, кадр тапшылығын еңсерген жұмыс беруші және өз кәсібін дөңгелеткен кәсіпкер.

Абай облысы Еңбек мобильділігі орталығының директоры Руслан Оспановтың айтуынша, жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары халыққа түсінікті әрі қолжетімді болуы қажет.

– Біздің басты мақсатымыз – жұмыс із­деп жүрген азамат пен кадрға мұқтаж жұмыс берушінің арасын жақындату. Жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары халыққа түсінікті әрі қолжетімді болуы керек. Сондықтан біз жұмыс берушілермен тікелей кездесіп, азаматтарға кеңес беріп қана қоймай, оларды нақты жұмыс орындарына бағыттауға басымдық береміз, – дейді Руслан Оспанов.

Бұл – еңбек нарығындағы жұмыстың негізгі қағидасы. Өйткені мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігі олардың қағаз жүзінде бар болуымен емес, азамат пен кәсіпорынға қаншалықты пайда әкелгенімен бағаланады.

Биыл қалалар мен аудандардағы Мансап орталықтары жұмыс берушілерге арналған 161 ақпараттық-түсіндіру іс-шарасын өткізіп, оған 2 071 жұмыс берушіні тартқан. Оның 215-і Zoom платформасы арқылы қашықтан қамтылған. Кездесулер барысында субсидияланатын жұмыс орындарын ұйым­дастыру тәртібі, оларды құру талаптары және жұмысқа орналастыруда сараланған тәсілді қолдану мәселелері түсіндірілген. Сонымен қатар Еңбек мобильділігі орталы­ғының мамандары аудандарға 21 рет көшпелі іс-шара ұйымдастырып, жұмыс берушілермен жүздескен. Мұндай кездесулердің мәні тек бағдарламалардың шарттарын түсіндіруде емес. Олар кәсіп­орындардың нақты кадрлық қажеттілігін анықтауға, жұмысқа қабылдау кезінде туындайтын мәселелерді талқылауға және мемлекеттік қолдауды орынды пайдалануға мүмкіндік береді. Яғни жұмыспен қамту қызметі жұмыс берушінің сұранысын ал­дын ала біліп, азаматты сол сұранысқа сәйкес бағыттауға ұмтылады. Бұл жерде бір маңызды жайт бар: еңбек нарығына қажет мамандықтарды дәл анықтамайынша, жұмыссыздықты азайтуға арналған шаралар күткен нәтижені бере бермейді. Сондықтан кадр даярлау, жұмысқа орналастыру және жұмыс берушілермен байланыс өзара сабақтас жүргізілуге тиіс.

2026 жылғы 1 қазанға дейін Абай облыс­ында 127 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі мен шағын жәрмеңке өткізілген. Оған 740 жұмыс беруші қатысып, 4 230 адам қамтылған. Қатысушылардың 2 116-сы – әйелдер, 46-сы – мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Жәрмеңкелер нәтижесінде 339 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұдан бөлек, 191 азамат қоғамдық жұмыстарға, 37 адам кәсіптік оқуға, 21 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 67 адам жастар практикасына жолданған. Ал 27 азамат «Күміс жас» жобасы аясында жұмысқа орна­ласуға мүмкіндік алған. Іс-шаралар барысында 3 548 адамға консульта­циялық қызмет көрсетілген. Бұл көрсеткіш­тердің әрқайсысының артында жеке тағдыр, еңбек­ке деген талпыныс және жаңа мүмкін­дікті пайдалануға деген ниет тұр. Бір адам өзіне лайықты қызмет тапса, екіншісі жаңа мамандық игеруге жолдама алады. Үшіншісі еңбек нарығындағы сұранысты біліп, алдағы қадамын жоспарлайды.

Дегенмен жәрмеңкенің нәтижесін тек қатысушылар санымен бағалау жеткіліксіз. Ең маңыздысы – жұмыс іздеушінің кейінгі тағдыры, оның тұрақты еңбекке араласуы және табыс табу мүмкіндігінің артуы. Уақытша жұмысқа жолданған азаматтың кейін тұрақты қызметке орналасуы да жұмыспен қамту жүйесінің тиімділігін көрсететін маңызды өлшемдердің бірі.

– Біз үшін өткізілген іс-шараның саны ғана емес, оның азаматқа берген нақты нәтижесі маңызды. Жұмыс іздеуші жәр­меңкеге келіп, өзіне лайықты жұмыс тапса немесе кәсіптік оқуға жолдама алып, еңбек­ке араласуға мүмкіндік алса, бұл – жұмыстың нақты нәтижесі, – дейді Руслан Оспанов.

Расында, жұмыспен қамту саласында сан мен сапаны бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Іс-шаралар көп болғаны маңызды, бірақ сол шаралардың адамды нақты жұмысқа жетелеуі одан да маңызды. Осы орайда азаматтармен тікелей жұмыс істеудің нәтижесін олардың өз тәжірибесінен де көруге болады.

– Мамандығым болмағандықтан, жұмыспен қамту орталығына жүгіндім. Орталық мамандары қоғамдық жұмыс аясында жұмысқа орналасуыма көмектесті. Қазір осы бағыт бойынша екінші жыл қата­рынан еңбек етіп келемін. Бұл жұмыс мен үшін өте қолайлы. Жұмысқа орна­ласуыма қолдау көрсетіп, мүмкіндік берген орталық мамандарына алғысымды білдіремін, – дейді Шолпан Советбекқызы.

Бір қарағанда, бұл – бір адамның өмір­ін­дегі шағын ғана оқиға. Бірақ жұмыспен қамту саясатының қоғамдық маңызы да осындай нақты өзгерістерден көрінеді. Еңбекке араласқан азамат табыс табады, тәжірибе жинайды, өзіне деген сенімін нығайтады. Оның отбасына түсетін әлеу­меттік салмақ та жеңілдеуі мүмкін. Биылғы жылы облыста жұмыс берушілер мен халық арасында жұмыспен қамту мәселелеріне арналған тағы 127 ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өткізіліп, оған 708 жұмыс беруші қатысқан. Жалпы 1 346 адам қамтылып, 985 азаматқа консультациялық қызмет көрсетілген. Іс-шаралар нәтижесінде 222 адам жұмысқа орналасса, 71 азамат қоғамдық жұмыстарға, бір адам кәсіптік оқуға, бес адам әлеуметтік жұмыс орын­дарына жібе­рілген. Сонымен қатар 62 азамат жастар практикасына жолдама алған. Бұл деректер Мансап орталықтарының қызметі кеңес берумен шектелмейтінін аңғартады. Деген­мен ақпараттандыру жұмысының тиімділігі азаматтың алған кеңесін іс жүзінде пайда­лануына байланысты. Сондықтан кеңес беру, жұмысқа бағыттау және кейінгі нәти­жені бағалау өзара байланыста болғаны жөн.

2026 жылы өңірде 280 адамды кәсіптік оқыту жоспарланған. Оның 250-і білім беру ұйымдарында, 30-ы жұмыс берушілердің жұмыс орындарында оқытылуға тиіс болған. Жыл басынан бері кәсіптік оқуға 281 адам жолданған. Оның ішінде 251 азамат білім беру ұйымдарында, 30 адам жұмыс берушілердің жұмыс орындарында оқуды бастаған. Қазіргі уақытта 154 адам оқуын аяқтап, олардың 150-і жұмысқа орналасқан. Тағы 127 азамат кәсіптік оқуын жалғастырып жатыр. Оқуын аяқтаған 154 адамның 150-інің жұмысқа орналасуы – назар ауда­ра­рлық нәтиже. Бұл кәсіптік оқытудың еңбекке араласуға ықпал ететін пәрменді те­тік екенін көрсетеді. Әсіресе жұмыс беру­­шінің өз жұмыс орнында маман даяр­лауы азаматқа теориялық біліммен қатар прак­тикалық тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.

Еңбекке бейімдеудің тағы бір жолы – азаматтың өз кәсібін ашуына жағдай жасау. Өйткені тұрақты табыс табудың жолы тек жалдамалы еңбекпен шектелмейді. Қолөнермен айналысатын, өнім өндіретін немесе қызмет көрсететін кәсіпкерлер де өңір экономикасына үлес қосып, өзгелер үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүм­кіндік алады. Мұның бір мысалы – Самаржан Сүттібаеваның кәсібі.

– Үйде құрақ көрпелер тігіп, түрлі тоқыма бұйымын жасаумен айналыса­тынмын. Кейін «Бастау Бизнес» жобасы аясында білім алып, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгердім. Бұл маған өз ісімді дамытуға үлкен мүмкіндік берді. Бүгінде ұлттық нақыштағы бұйымдар жасап, оларды сатумен айналысып келемін. Сонымен қатар «Аламан құрақ» халықаралық жоба­сына қатысып, дүниежүзілік рекордтар кітабына ендік. Бұл – мен үшін үлкен жетіс­тік әрі еңбегімнің жемісі. Осындай жетіс­тіктерге жетуіме мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың ықпалы зор деп білемін, – дейді ол.

Бұл оқиға мемлекеттік қолдаудың аза­маттың бойындағы қабілетті ашуға ықпал ете алатынын көрсетеді. Кәсіпкерлікке оқыту адамға бизнес жүргізудің негіздерін үйретсе, кейінгі жетістік оның еңбегіне, ізденісіне және бастамасын жүйелі дамы­туына байланысты.

Өткен жылы Абай облысында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 205 азаматқа жалпы сомасы 322,4 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант берілген. Қазір 183 азамат өз жоба­ларын жүзеге асырып отыр. Мемлекеттік грант – кәсіп бастауға ниетті адамға берілетін маңызды мүмкіндік. Бірақ қаражат алу кәсіпкерлік жұмыстың аяқталғанын білдірмейді. Керісінше, одан кейін жобаны іске асыру, қаржыны мақсатты жұмсау, келісімшарт міндеттемелерін орындау және басталған істің тұрақтылығын қамта­масыз ету кезеңі басталады.

Қазақстан Республикасы Еңбек министрлігінің 2026 жылғы 28 қыркүйектегі №06/6769-И хатына сәйкес, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беруді тоқтату туралы шешім қабылданған. Бұған дейін берілген және қолданыстағы келісімшарттары бар гранттар бойынша мониторинг жалғасып жатыр. Бақылау барысында қаражаттың мақсатты жұмсалуы, бизнес-жобалардың орындалуы және келісімшарт талаптарының сақталуы назарға алынады. Грант қаражатын қайтаруға байланысты да тиісті шаралар жүргізілген. Үш азамат қаражатты толықтай ерікті түрде қайтарған. Ал 19 азаматқа қатысты қара­жатты өндіріп алу мақсатында сотқа талап арыздар жолданған. Олардың екеуі қара­жатты толық қайтарса, екеуі сот шешімімен ішінара қайтарып жатыр. Алты азамат бойынша сот шешімі шыққан, тоғыз аза­маттың ісі қаралуда. Бұл мәліметтер мем­ле­кеттік қолдау шараларында қаржылық тәртіп пен жауапкершіліктің маңызын көрсетеді.

Жұмыспен қамту бағдарламаларының тиімділігі оларды іске асырумен ғана өлшен­бейді. Мемлекеттік қолдау алған жұмыс берушілердің шарт талаптарын сақтауын, бөлінген қаражаттың белгіленген мақсатқа жұмсалуын және бағдарламаға қатысушылардың құқықтары ескерілуін бақылау да маңызды. Осы мақсатта Мансап орталықтарының мамандары субсидия­ланатын жұмыс орындары бойынша шарт талаптарының орындалуына қатысты то­ғыз айда 298 көшпелі мониторинг жүргіз­г­ен. Жыл басынан бері 2 252 жұмыс беруші тексеріліп, 2 652 қатысушы қамтылған.

Мониторинг нәтижесінде 328 бұзушылық анықталып, жұмыс берушілерге тиісті хабарламалар жолданған. Мұндай бақы­лаудың мақсаты – кемшіліктерді тіркеумен ғана шектелмей, мемлекеттік бағдарла­малардың талапқа сай орындалуын қамта­ма­сыз ету. Сонымен қатар жұмыс беруші­лерге қолданыстағы ережелерді түсіндіру, ықтимал заңбұзушылықтардың алдын алу және мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуына жағдай жасау да осы жұмыстың маңызды бөлігі саналады. Өйткені мем­лекеттік бағдарламаға қатысу екі тарапқа да міндет жүктейді. Жұмыс беруші белгі­ленген талаптарды орындауға тиіс болса, жұмыспен қамту органдары қолдау шара­ларының ашық әрі әділ жүзеге асырылуын қамтамасыз етуі керек.

Бір жұмыс іздеушінің лайықты қызмет табуы бір отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартуы мүмкін. Кәсіпорынның қажетті маманын табуы өндірістің тұрақтылығына ықпал етеді. Ал өз кәсібін дамытқан кәсіп­кер өңір экономикасына үлес қосып қана қоймай, өзгелерді де жұмыспен қамтуға жол ашады. Сондықтан жұмыспен қамту саласындағы басты міндет – адамдарды уақытша шараларға қатыстыру емес, оларды тұрақты еңбекке бейімдеу, кәсіби мүм­кін­д­іктерін кеңейту және еңбек нарығындағы өзгерістерге икемдеу. Бұл үшін жұмыс берушілердің сұранысын дәл анықтау, кәсіптік оқытуды нақты қажеттілікпен ұштастыру, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін бағалау және бағдарламалардың орындалуына жауапкершілікпен қарау қажет. Абай облысының Еңбек мобильділігі орталығы мен Мансап орталықтарының жұмысы осы міндеттерді кешенді шешуге бағытталған. Алдағы кезеңде де азаматтарды нақты жұмыс орындарына бағыттау, еңбек нарығындағы сұранысқа сай мамандар даярлау және мемлекеттік қолдау шара­ларының тиімділігін арттыру өзекті бола бермек.

Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,

Абай облысы