Қазақстан құрамасы үстел теннисінен Азия чемпионатының ширек финалына өтті

Өзбекстанның Ташкент қаласында өтіп жатқан үстел теннисінен Азия чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы ширек финалға жолдама алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Olympic.kz-ке сілтеме жасап. 

Турнирдің үздік сегіз командасының қатарына қосылу үшін өткен плей-офф кезеңіндегі шешуші кездесуде қазақстандық спортшылар Ирак құрамасын 3:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді.

Осылайша, ұлттық құрама құрлық біріншілігіндегі жарысты жалғастырады. Ширек финалда Қазақстан Жапония құрамасымен кездеседі.

Айта кетейік, бұған дейін топтық кезеңде қазақстандықтар Филиппинді (3:0) және Шри-Ланканы (3:1) ұтқан. Ал плей-офф кезеңінде Малайзия құрамасынан 3:0 есебімен басым түсті.

Қазақстан құрамасы сапында Кирилл Герасименко, Алан Құрманғалиев, Санжар Жұбанов, Айдос Кенжіғұлов және Ескендір Харки өнер көрсетуде.