Катар елінің астанасы Доха қаласында өткен таеквондодан (WT) VI халықаралық ашық чемпионатта (6th Qatar Open Taekwondo Championship 2026) ел намысын қорғаған Астана қаласының спортшылары төрт медаль жеңіп алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Байрақты бәсекеде елордалық таеквондошылар табысты өнер көрсетіп, 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль иеленді.
Атап айтқанда, 68 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Тимур Рахпанов қарсылас шақ келтірмей, халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды.
Ал 63 келі салмақта өнер көрсеткен Омар Жаңбыров күміс медальға қол жеткізді.
Сондай-ақ, тағы екі елордалық спортшы қола жүлдегер атанды. Олардың қатарында 63 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Аяжан Таңжарық пен 68 келі салмақта өнер көрсеткен Мирас Есенгелдин бар.
Айта кетейік, халықаралық чемпионат Доха қаласындағы Aspire Ladies Sports Hall спорт кешенінде ұйымдастырылды. Жарыс аясында кадеттер, жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында 76 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынды.
G-1 санатындағы бұл турнир спортшылар үшін әлемдік рейтингке есептелетін ұпайлар жинауға мүмкіндік беретін маңызды халықаралық жарыстардың бірі саналады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.









