Жылдарға жіліктеп қарасақ, 2019 жылға дейін келіп-кету ырғағы бірқалыпты болған. Алайда 2020-2021 жылдарда коронавирус пандемиясы саяхатшылар санын күрт түсіріп жіберді. Тек 2022 жылдан бері шектеулер жойылып, жаңадан әуе бағыттары ашылып, визасыз режим кеңейген соң барып қозғалыс қайта жанданды.
Жалпы, 2019-2025 жылдары еліміздің кіріс туризмі біршама құбылды. Ұлттық банктің төлем балансына үңілсек, 2019 жылы «Саяхаттар» бабы бойынша туристік қызметтер экспорты шамамен 2,5 миллиард долларды құрапты. Пандемияда құлдыраған бұл сома 2022 жылдан бастап қайта көтеріліп, былтыр шетелдік саяхатшылардың ел ішінде қалдырған тікелей шығыны 2,9 миллиард доллардан асты.
Қонақүй, мотель, демалыс базаларының қызмет көрсету көлемі де өсті. 2019 жылы олардың табысы 120,5 миллиард теңге болса, 2025 жылы рекордтық 350 миллиард теңгеге дейін шарықтады.
Туризмнің экономикаға қосқан үлесі ұлғайды. 2019 жылы саяхат саласының ЖІӨ-дегі салмағы 1,6-1,8 пайызды маңайласа, 2025 жылға қарай 3,1 пайызға мықтап орнықты. Инфрақұрылымды дамытуға жұмсалған инвестиция мөлшері де едәуір артты.
Былай қарасақ, табыс 2-3 еседей көбейген сияқты. Бірақ мұны талдағанда инфляцияны да ұмытпау керек. Өйткені 2019 жылы доллар орта есеппен 382 теңгеге бағаланса, 2025-2026 жылдары 500-540 теңге төңірегіне бір-ақ тоқтады. Сонымен қатар соңғы жеті жылда жиынтық инфляция 70 пайызға жетті. Сондықтан теңгемен есептелген 2,5 еселік өсімнің долларға шаққандағы баламасы 15-20 пайызға тең десек, шындықтың ауылынан алыс қонбаймыз.
Қазынаға қомақты қаржыны Азия, Парсы шығанағы, Еуропа елдерінен арнайы келетін туристер әкеледі екен. Осы орайда Қазақстан бұл бағытта бірқатар реформаны жүзеге асырған. Қазір 80-нен астам мемлекеттің азаматтары үшін визасыз режим жұмыс істейді. Қытаймен өзара 30 күндік визасыз қатынайтын келісім жасалып, Үндістан, Иран, Таяу Шығыс, ЕО-мен де шарттар жеңілдеген. «Ашық аспан» режимінің ұзартылуы да оң әсер етті. Осы ашықтықтың арқасында шығыстан ағылған саяхатшылар легі бірнеше еселеніп, Азия аймағы Қазақстанның негізгі туристік донорына айналды.
Логистика жағынан да ілгерілеу бар. Алматы, Астана, Шымкент қалаларында жаңа халықаралық терминалдар іске қосылып, Инчхон, Милан, Франкфурт, Дубай, Доха, Бейжің, Дели сынды ірі мегаполистерге тікелей рейстер ашылды. Алматы, Маңғыстау, Бурабай, Түркістан өңірлерінде экотуризм мен тау-шаңғы инфрақұрылымы жаңғыртылды. Мысалы, Алматыдағы «Шымбұлақ», Түркістандағы «Керуен-сарай» кешені, Маңғыстаудағы заманауи ризорттар ең талғампаз деген саяхатшылардың да көзі тоятын, көңілі толатын қызмет түрлерін ұсына алады.
Еліміздің туристік әлеуеті халықаралық деңгейде жоғары бағаланып отыр.
Lonely Planet басылымы Қазақстанды әлемдік Best in Travel рейтигіне енгізсе, The New York Times газеті Алматыны саяхаттау ұсынылатын ең үздік қалалар тізіміне кіргізді. Condé Nast Italia рейтингінде «Шымбұлақ» кешені бесінші орында тұрса, Wanderlust журналы Катонқарағайды жаһандық жасыл туризм тізімінің көш басына шығарды.
Дүниежүзілік экономикалық форумның Туризм мен саяхатты дамыту индексінде Қазақстан 119 елдің ішінде 52-орынға жайғасқан. Бұл көрсеткіштер бағаның бәсекеге қабілеттілігін, табиғи ресурстардың байлығын, eQonaq жүйесі тәрізді цифрлық шешімдердің тиімділігін айқын аңғартса керек.
Айдар ДӘУІТҰЛЫ









