Кейінгі 10-15 жыл бедерінде жылқы тез көбейіп келеді. Мысалы, 2015 жылы елдегі қылқұйрық саны 2 млн-ға жеткен. 2020 жылы 3,1 млн-нан асқан. Биыл бұл көрсеткіш тіпті 4,5 млн-дық межені еңсеріпті. Бірақ сала мамандары жылқы шаруашылығында шешілмей тұрған төрт түйткіл бар дейді.
Бірінші түйткіл: сан мен сапа қайшылығы
Жылқы шаруашылығында негізгі табыс еттен түседі. Оның үлесі жалпы соманың 80-85 пайызына парапар. Қазақстанда жылына 150-170 мың тонна шамасында жылқы еті өндіріліп, 98-99 пайызы ішкі нарықта қалады. Себебі сұраныс жоғары. Әсіресе күздің соңы, қыстың басында. Шаруалар соғым маусымынан тыс кезде қымыз сатып қаражат табады. Бізде жылына 25-30 мың тонна шамасында қымыз дайындалады. Яғни бұл саладағы пайданың қомақты бөлігі еттен, 15 пайызы қымыздан, қалғаны асыл тұқымды тұлпарларды сатудан құралады. Алайда 4,5 млн-ның ішінде таза қанды сәйгүліктер саны әзірге небәрі 1-2 пайыз ғана.
Жылқы өсіретін шаруашылықтар шартты түрде үш топқа бөлінеді. Біріншісі – ауылдағы шағын отбасы шаруашылығы. Онда көбінесе 5-20 бастай жылқы бағылады. Елдегі жылқының жартысынан астамы осы ұсақ шаруашылықтардың қолында. Олар ауыл маңындағы ортақ жайылымды пайдаланады, жем-шөпті аз сатып алады. Мұндай отбасылар үшін жылқы – кәсіп көзі емес, керек кезде сатылатын қор. Ақшадан қысылса, бірнеше малды сатып жібереді.
Екіншісі – 30-дан 200-300 басқа дейін мал ұстайтын орта шаруа қожалығы. Бұлардың өз жайылымы немесе жалға алған жері бар. Малшы жалдайды, қысқа арнайы жем-шөп дайындайды. Жылқыдан екі маусымда табыс түсіреді. Жазда – қымыз, күзде – ет.
Үшіншісі – 500 бастан бірнеше мың басқа дейін жылқы ұстайтын ірі агрофермалар мен жылқы зауыттары. Мұндағы өндіріс басқа деңгейде. Өздерінің жем-шөп базасы, бордақылау алаңы, сауын цехы, селекциялық жұмысы болады. Ірі шаруашылықтың артықшылығы – көлемінде. Мал көбейген сайын сан есебінен шығын азаяды.
Демек, отандық жылқы шаруашылығы бір типті емес. Сондықтан бұл үшеуінің мәселесі де бөлек, мақсаттары да әртүрлі.
Екінші түйткіл: өңдеусіз өнім өрге баспайды
Жылқы етінің 85-90 пайызы тірі соғым, туша, мүшеленген ет түрінде сатылады. Шұжық, консерві сияқты өңделген өнімнің үлесі 10-15 пайыздан аспайды. Өз кезегінде қымыздың 95 пайызға жуығы сұйық әрі тез бұзылатын күйде саудаланады. Пастерленген, бөтелкеге құйылған немесе ұнтақталған бие сүтінің көлемі 5 пайызға да жетпейді. Өкінішке қарай, шаруа малын шикідей сатқандықтан, пайданы аз табады. Ал ет дүкен сөресіне өңделіп шықса, құны еселеп өсер еді. Өйткені қаржының үлесі дәл осы өңдеу процесінде. Қысқасы, жылқы да көп, сатып алушы да көп, алайда осы үшеуінің арасындағы өндіріс фермердің қолында жоқ.
Жылқы етінің бір келісі Алматы мен Астана нарығында шамамен 4 200-4 800 теңгеге бағаланады. Қазы, қарта, жал, жаяның құны 5 500-7 500 теңгеге дейін барады. Баға, әсіресе қараша-желтоқсандағы соғым уақытында көтеріледі. Қымыздың бір литрі 2 000-2 800 теңгедей. Ірі қалаларда саумал бағасы 2 500-4000 теңгеге жетіп жығылады. Қымбат болса да, сұраныс бар. Әйтсе де сол ақшаның қаншасы шаруаның қалтасында қалады деген сұрақтың жауабы көңіл көншітпейді.
Үшінші түйткіл: инфрақұрылымсыз игілік жоқ
Жылқы өнімдерінің шамамен 80 пайызы бірнеше қолдан өтеді. Шаруадан малды алдымен өңірдегі алыпсатарлар алады. Одан кейін өнім базарға не сою алаңына барады. Кейін қасапшыға, бөлшек саудагерге, соңында тұтынушыға жетеді. Фермердің тұтынушыға тікелей сататын өнімі 15-20 пайыздай ғана. Себебі көп шаруашылықта тоңазытқыш, қойма, арнайы көлік жоқ. Өнімді сақтай алмайтын шаруа бағаның өсуін күтіп отыра алмайды. Әсіресе соғым кезінде етті тез өткізу керек. Баға қолайсыз болса да, сатып алушының сұраған сомасына келісуге тура келеді. Әр делдал бағаға үстеме қосады. Жалпы үстеме 30-40 пайызға дейін жетуі мүмкін. Тасымалдың өзі соңғы бағаның 15-20 пайызын алады. Мұның бәрі фермердің нарықтағы орны әлсіз екенін көрсетеді. Ол малды күтіп-баптап өсіргенімен, соңғы бағаны өзі қоймайды.
Экспорттағы жағдай бұдан да қиын. Қазақстан жыл сайын шетелге 1-2 мың тонна ғана жылқы етін шығарады. Бұл жалпы өндірістің 1 пайызынан аз. Экспорттың төмендігіне ішкі сұраныстың жоғарылығы да әсер етеді. Елімізде жылқы еті онсыз да қымбат. Сондықтан шетелдік сатып алушы ұсынатын баға жергілікті нарықтағы бағадан артық бола бермейді. Бірақ мәселе тек бағада емес. Еуропа мен Қытай сияқты нарықтарға шығу үшін өнімнің қауіпсіздігін дәлелдейтін ветеринарлық құжат, талапқа сай сою орны, тұрақты сапа бақылауы қажет. Бізде мұндай жүйе толық қалыптаспаған. Өңдеу кәсіпорындарына HACCP, ISO 22000, Halal секілді стандарттарды енгізу экспорттың есігін ашар еді. Ветеринариялық қауіпсіздікті халықаралық талаптарға сәйкестендіру де маңызды.
Жылқы шаруашылығының басты артықшылығы жайылым болғанымен, оның өзі екі түрлі мәселе туғызып отыр. Ауылдың маңындағы жерге мал көп шоғырланатыны белгілі. Шөп тапталады, жер тозады. Соның салдарынан малға қосымша жем беру керек болады. Бұл жылқы етінің өзіндік құнын 20-30 пайызға дейін өсіруі ықтимал. Ал ауылдан алыстағы жайылымдардың жағдайы керісінше. Жер көп, мал аз. Өйткені құдық жоқ, суат жоқ, жол жоқ. Ондаған млн гектар жайылым пайдаланылмай жатыр. Демек, Қазақстанда жайылым жетпейді деу – жаңсақ пікір. Жайылым бар. Әйтсе де бір бөлігі шамадан тыс пайдаланылып отырса, екінші бөлігіне қол жеткізу қиын. Бұл – шаруашылық экономикасына тікелей әсер ететін мәселе. Жылқы далада тебіндеп жайылғанда шаруаның шығыны азайғанымен, қуаңшылық, жұт, қатқақ, т.б. қиын жылдары мал қоң жинай алмайды. Арпа, сұлы, жоңышқа тәрізді жем-шөп қоры жеткіліксіз болса, шығын одан әрі өседі.
Құрғақшылық қысқанда шөп пен жемнің бағасы екі-үш есеге дейін шарықтап, шаруаның қалтасына ауыр салмақ түседі. Ашық күнде, жайлы жылдары шығыны аз, тиімді болып көрінген шаруашылық табиғаттың тосын мінезіне тап келгенде сыр береді.
Шаруашылықтағы ең маңызды мәселенің бірі – мал басы емес, өнімділік. Қазақстандағы жылқының небәрі 1-2 пайызы асыл тұқымды. Селекцияның әлсіздігі осыдан-ақ көрінеді. Табындардың бір бөлігінде малды іріктеп шағылыстыру жүйесі жоқ. Селекциялық орталықтардың аздығы да мәселені күрделендіреді. Ал айырмашылығы бірден байқалады. Мәселен, қарапайым жылқының сойыс салмағы 180-220 келі шамасында болса, асыл тұқымды малда бұл көрсеткіш 280-320 келіге жетеді. Бір малды бағып-қағуға кететін шығын шамалас болғанымен, алынатын ет көлемі әртүрлі. Сарапшылардың есебі бойынша қазір 100 бас жылқы шамамен 20 тонна ет беретін болса, дұрыс азықтандыру мен асылдандыру жолға қойылған жағдайда сол 100 бастан 30 тоннаға дейін өнім алуға болады екен. Демек, негізгі түйткіл – малдың санында емес, әр бас жылқының өнімділігінде. Қарапайым тілмен айтсақ, 100 жылқыны 150-ге жеткізіп, сан қуғанша қолда бар 100 жылқының өнімділігін арттыру әлдеқайда маңызды. Саланың келесі кезеңіндегі басты өлшем де осы болуға тиіс. «Қанша жылқы бар?» деген сауалдың қасына «бір жылқыдан қанша ет, қанша сүт аламыз?» деген сұрақ қосылмаса, сапаға мән бермей, тек малдың санын көбейте берсек, ерте ме, кеш пе тығырыққа тірелетініміз анық.
Жылқыны жайылымға жіберіп қойып, қарап отыруға болмайды. Табынды бағу, төл алу, малдың қоңын байқау, боранда ығып кеткен жылқыны іздеп табудың өзі ерен еңбекті, қажыр-қайратты, мол тәжірибені талап етеді. Бірақ ауылда малшы-мамандар азайған. Жастар жұмыс іздеп қалаға ағылып жатыр. Шалғай жайылымда не байланыс, не су мен жарық жоқ. Өркениеттен жырақ, инфрақұрылымы жоқ жерде жылқы бағу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Маман тапшы болған сайын мал шығыны мен ұрлық қаупі өседі. Тәжірибелі малшы болмаса, төл алу мен қыстан шығару жұмысы да әлсірейді. Ендеше бұл түйткілді жай ғана «жылқышы жетіспейді» деумен шектемей, шалғай шаруашылықтағы ауыр еңбекті жеңілдететін инфрақұрылымдық жағдайдың жоқтығы деп қарастырған дұрыс.
Жылқы шаруашылығының дамуын тежеп тұрған басты кедергінің бірі – тозығы жеткен логистика. Көп шаруашылықта заманауи сою алаңдары, тоңазытқыш қоймалары мен өңдеу цехтары атымен жоқ. Жолдың нашарлығынан өнімді уақытылы тасымалдау қиын. Әсіресе күзгі соғым маусымында нарықта ет көбейгенде өнімді ұзақ сақтай алмайтын фермер оны амалсыз арзан бағаға өткізеді. Қоймасы бар шаруа бағаның көтерілуін күте алса, инфрақұрылымы нашар шаруа делдалдардың ұсынған бағасына шарасыз келіседі. Бұл түйткілді қаржы тапшылығы одан әрі шиеленістіреді. Екінші деңгейлі банктер жылқы шаруашылығын тәуекелі жоғары сала деп бағалап, ауылдағы жер телімі мен қора-жайды, тіпті малдың өзін де кепілге қабылдауға құлықсыз. Несие қолына тимеген соң фермер асыл тұқымды мал алып, жаңа техника мен өңдеу жабдығын орната алмайды. Сөйтіп, соңында етті шикізат күйінде арзанға сатады.
Жылқы шаруашылығына жаңа тенохологияны енгізу – өз алдына өзекті міндет. Мысалы, GPS малдың қайда жүргенін бақылауға көмектессе, дрон шалғай жайылымды алыстан бақылауға мүмкіндік береді. Автоматты сауу адам еңбегін жеңілдетеді. Оның бәріне ең алдымен инвестиция керек. Осыдан барып төртінші түйткіл туындайды.
Төртінші түйткіл: Қаржы тапшылығы мен тиімсіз субсидия
Қазақстанның аграрлық саясатында жылқы шаруашылығы ұзақ уақыт бойы ірі қара мен құс шаруашылығының көлеңкесінде қалып келді. Кейінгі жылдары бұл салаға қаржылай қолдау мен жеңілдетілген несие ағыны көбейіп, мал басының артуына айтарлықтай серпін берді. Десе де мемлекеттік демеудің салалық өнімділікке, технологиялық жаңғыруға тигізген нақты ықпалы әлі де басы ашық күйінде қалып отыр.
Бүгінде мемлекеттік қолдаудың үш негізгі бағыты жұмыс істейді. Біріншісі – асыл тұқымды малды субсидиялау. Мемлекет таза қанды айғыр сатып алуға және селекциялық жұмысқа қолдау көрсетеді. Бірақ бұл талапқа елдегі жылқының 98 пайыздан астамы сәйкес келмейді. Сондықтан бағдарламаның қамту аясы тар. Екіншісі – жеңілдетілген несие. «Аграрлық несие корпорациясы» жылқы басын көбейтуге 2,5-6 пайыз мөлшерлемемен қаржы береді. Бірақ арзан несиені алу үшін шаруа қожалығы ресми тіркелген болуы және банкке қоятын құнды кепіл мүлкі болуы шарт. Үшінші бағыт – ен даладағы шалғай жайылымдарға жан бітіріп, суландыру инфрақұрылымын дамыту. Сондай-ақ шалғайдағы жайылымға су шығару үшін құдық қазған немесе күн батареясын орнатқан шаруаларға жұмсалған шығынның 50-80 пайызын мемлекет субсидия ретінде қайтарып береді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған мәліметтерге көз жүгіртсек, жеңілдетілген микрокредиттер ауылдық жерлердегі жұмыссыздықты азайтып, мал басын өсіруге ықпал еткен. Арзандатылған қаржыға қол жеткізген ағайынның басым бөлігі қаражатты тікелей жылқы сатып алуға бағыттаған. Яғни мемлекеттік бағдарламалардың мал басының өсуіне серпін бергені даусыз.
Алайда тартылған инвестицияның ішкі сипаты түбегейлі өзгере қойған жоқ. Тәуелсіз сарапшылардың бір тобы бұл қаржыландыруды аграрлық дамудан гөрі «әлеуметтік қолдау» форматына көбірек ұқсатады. Олардың пайымдауынша, мемлекет субсидиясы мен несиесі заманауи технология енгізуге, өнімді терең өңдеуге, өнімділікті арттыруға емес, жай ғана мал санын көбейтуге жұмсалып кетті. Әрине, бұл уәжбен келісуге де, келіспеуге де болады.
Бірақ бір нәрсе айқын. Малдың басын құр өсіре бергенмен, ол өздігінен дайын ет пен қымыз өндіретін завод-фабрикаға, тоңазытқыш қоймаларға немесе шұжық цехтарына айналып кетпейді. Екі мәселенің табиғаты екі бөлек. Біріншісі – «тағы жүз жылқы сатып алу». Екіншісі – «сол жүз жылқыдан алынатын өнімді қымбатқа сату үшін не істеу керек?» деп ойлану. Мемлекеттік саясаттың келесі кезеңі осы екінші сұраққа көбірек жауап іздеуі керек. Шалғай жайылымдарды суландыру – осы қайшылықтың нақты мысалы.
Құдық қазу шығынының 50-80 пайызын мемлекет өтеп береді, дегенмен іс жүзінде саланы іштен жегідей жеген бюрократия, білікті мердігерлердің тапшылығы мен қатаң кепіл талаптары бұл игі бастаманың аяғына тұсау болуда. Соның салдарынан қағазда жоспарланған құдықтардың едәуір бөлігі қазылмай қалады. Ал сусыз жерде шалғайдағы жайылымды игеру мүмкін емес. Еріксіз ауыл маңына қайта шоғырланған мал басы топырақты тоздырып, өрістің тозығын шығарады. Өрісі тарылған шаруа қолдан жем-шөп беріп, шығынын екі еселейді. Нәтижесінде, мемлекеттен қаржы бөлінгенімен, көзделген мақсат межесіне жетпейді. Екінші жағынан, өнімді өңдеу өндірісіне берілетін қолдау да дәрменсіз болып тұр. Ет пен қымызды өңдейтін, сублимациялайтын, халықаралық стандартқа сай сою және қаптау орындарын салатын кәсіпорындарға жеткілікті ынталандыру мүмкіндіктері қарастырылмаған. Сондықтан бюджет қаржысы малдың өзін сатып алуға жеткенімен, «малдан кейінгі» өңдеу кезеңіне жетпей қайтады. Ал негізгі қосымша құн мен қомақты табыс дәл осы өңдеу саласында жасалады.
Селекцияда да мәселе бар. Жабы, Көшім, Адай сияқты тұқымдар табиғи ортаға жақсы бейімділген. Бірақ олардың еттілік, сүттілік қасиетін одан әрі жақсарту үшін тұрақты селекциялық жұмыс атқарылуы керек. Асыл тұқым мәртебесін беру мен субсидияны бақылау жүйесінің ашықтығы да маңызды. Осы жүйедегі ақаулардың салдарынан мемлекеттік субсидия мен несиелендірудің нақты экономикалық тиімділігін таразылау өте қиын.
Сарапшылар тағы бір күрмеулі түйткілді алға тартады. Мемлекеттік қолдаудың шарапаты көбіне құжаты түгел, ірі қожалықтарға бұйырады. Ал халықты нақты етпен де, қымызбен де қамтып отырған шағын және орта фермерлер бұл жүйеге кіре алмай шаршайды. Өкініштісі, субсидияның 80 пайыздан астамы асыл тұқымды мәртебесі бар санаулы ірі қожалықтардың қанжығасында кетеді. Сонда негізгі өнім өндірушілер несиеден де, субсидиядан да тыс қалып отыр.
Бұл жерде мәселе тек «кім қанша ақша алды?» дегенде емес, «мемлекеттік қолдау нарықтағы негізгі өндірісті өзгерте алды ма?», деген сұрақ. Тіпті несие алайын десе, банктердің қатаң кепіл саясаты шаруаның аяғына тұсау болады. Ауылдағы жер мен қора-жай өте арзан бағаланатындықтан, фермерлердің 70 пайызға жуығы өңдеу жабдығын сатып алуға арналған жеңілдетілген қаржыға қол жеткізе алмайды. Яғни нақты өндіріске ақша ауадай қажет, бірақ сол ақшаға барар жол жабық.
Селекция, технология және экспорттық әлеует
Қазақстанда жылқы шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндік бар. Кең жайылым өндіріс шығынын төмендетеді. Жергілікті тұқымдар табиғи ортаға бейім. Ішкі нарықта ет пен қымызға сұраныс қалыптасқан. Бірақ осы артықшылықтарды жоғары табысқа айналдыру үшін өндірістің келесі буынын күшейту керек. Алдағы он жылдықтағы басты міндеттің бірі – тек жайылымға арқа сүйеген дәстүрлі жылқы шаруашылығын өнімі терең өңделген, қосымша құны жоғары заманауи индустриялық кәсіпке айналдыру. Мұнда ең алдымен етті өңдеу мәселесі тұр. Қазы, қарта, жал, жая секілді дәстүрлі өнімдердің өзі қазіргі нарыққа бейімделе алады. Вакуумдалған, ұзақ сақталатын, салмағы мен құрамы біркелкі дайын өнімге сұраныс бар. Етті шикідей сатқанша оны өңдеп, дайын өнімге айналдыру шаруаға 50-70 пайызға дейін көбірек пайда әкеледі. Бұл жерде жаңа дүние ойлап табудың қажеті жоқ. Негізінен ұлттық өнімді әлемдік стандартқа сай қаптап, бүгінгі тұтынушыға ыңғайлы күйде ұсынудың өзі-ақ зор нәтиже бермек.
Қымыздың мүмкіндігі одан да көп. Сусынның басты кемшілігі – тез бұзылатыны және маусымға тәуелділігі. Сублимация осы екі мәселенің бір бөлігін шешуі мүмкін. Төмен температурада кептірілген қымыз ұнтағын бір-екі айға дейін сақтауға болады дейді мамандар. Бұл қымызға тек сусын ретінде емес, ұзақ сақталатын өңделген өнім ретінде қарауға жол ашады. Мұндай өнім фармацевтика, балалар тағамы, биоқоспа және косметика өндірісіне шикізат ретінде ұсынылуы мүмкін. Әрине, технологияның өзі нарықты жасап бермейді. Өнімнің құрамы, қауіпсіздігі, қолдану аясы мен тиісті талаптарға сәйкестігі бөлек дәлелдеуді қажет етеді. Десе де таңдалған бағыттың түпкі мәні түсінікті. Қымызды тек маусымдық сусын шеңберінде қалдырмай, жыл бойы саудаланатын, бәсекеге қабілетті ұлттық өнім деңгейіне көтеру керек.
Негізі жылқы шаруашылығының технологиялық жаңаруы генетикадан басталады. Жабы, көшім, мұғалжар сияқты жергілікті жағдайға бейім тұқымдардың еттілік және сүттілік қасиеттерін жүйелі түрде арттыруға болады. Бұл жерде геномдық селекция секілді жаңа әдістердің мүмкіндігі бар. Мақсат – шетелдік тұқымды жай ғана көбейту емес, жергілікті жылқының табиғи төзімділігін сақтай отырып, өнімділігін арттыру.
Әлемде жайылымға сүйенген мал шаруашылығының да, жылқы өнімдерін өңдеудің де әртүрлі үлгісі бар. Аргентина мен Уругвай жайылымдық мал шаруашылығын ветеринариялық тәртіппен және өнеркәсіптік сою жүйесімен ұштастырған. Германия мен Аустрия қымызды өңдеп, оны медицина мен косметикаға қажет өнімдерге айналдыру жолдарын дамытқан. Моңғолияның шаруашылығы Қазақстанға жақынырақ, онда да өнімді өңдеу жағы ақсап тұр. Осы елдердің моделін сол күйінде көшірудің қажеті жоқ. Біздің жағдай бөлек. Басты артықшылығымыз – кең жайылым. Оны жоғалтпай, сол арзан табиғи өндірістің үстіне заманауи өңдеу мен бақылау жүйесін қосқан дұрыс. Яғни Қазақстанға дәстүрлі жайылымдық шаруашылықтан бас тарту емес, оны жаңа деңгейге шығару қажет.
Әрине, әр елдің өзіндік сұраныс ерекшелігі бар. Қытай нарығы үшін термиялық өңдеуден өткен ет өнімдері, құрғақ сүт ұнтағы сияқты стандартталған тауарлар қолайлы болса, Парсы шығанағы елдерінде халал стандартына сай, экологиялық жағынан таза жылқы еті премиум сегмент ретінде бағаланады. Ал Еуропа, Жапония, Оңтүстік Кореяда ұзақ сақталатын қайта өңделген қымыз өнімдері өтімді болар еді. Алайда бұл мүмкіндіктердің бәрі өнімнің өзінен бұрын мызғымас өндірістік жүйені талап етеді. Ветеринариялық құжаттау, сапаны бақылау, стандартқа сай сою, өңдеу, қаптау, сақтау және үздіксіз логистика тізбегінің біреуі ақсаса, экспорттық жүйе бұзылады. Сондықтан сыртқы нарықты бағындырудың жолы мал басын құр көбейтуде емес, өндірістік жүйені мінсіз жүргізуде жатыр.
Айдар ДӘУІТҰЛЫ










