Отбасы банкі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бастамасымен тұрғын үй заңнамасына бірқатар өзгеріс енгізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оның кейбірі 27 шілдеден бастап күшіне енсе, басым бөлігі 14 қыркүйектен бастап қолданылады.
Тұрғын үй кезегіне қатысты не өзгереді?
1. Тұрғын үй кезегіндегі бастапқы күн сақталады.
Елді мекеннің әкімшілік бағыныстылығы өзгерсе, азаматтың тұрғын үйге мұқтаждар есебіне алғаш қойылған күні сақталады. Мысалы, Алматы облысындағы елді мекен Алматы қаласына қосылған жағдайда, азамат кезегін жоғалтпайды.
Бұл норма 27 шілдеден бастап күшіне енді.
2. Бос қалған тұрғын үй квоталары қайта бөлінеді.
Тұрғын үйдің кемінде 20%-ы жетім балаларға, 50%-ы әлеуметтік басым санаттарға, 30%-ы басқа азаматтарға бөлінеді. Егер белгілі бір санатта кезекте тұрғандар жеткіліксіз болса, пайдаланылмаған квота басқа басым санаттарға беріледі.
Бұл өзгеріс тұрғын үйді бөлу процесін жеделдетуге мүмкіндік береді және 27 шілдеден бастап қолданыста.
3. Апатты үйде тұратын азаматтарға жаңа баспана беріледі.
Тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтарға баспана жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық тұрғын үй қорынан беріледі. Олар тұрғын үйге мұқтаждар есебіне электрондық база арқылы тіркеледі.
Норма 14 қыркүйектен бастап күшіне енеді.
4. Отбасы мүшелерінің қатары кеңейеді.
Ерлі-зайыптылар мен балалардан бөлек, тараптардың келісімімен жұбайлардың ата-аналары, немерелері және ата-ана қамқоршылары да отбасы құрамына енгізілуі мүмкін.
5. Тұрғын үйдегі үлесі 50%-дан асатын азаматтар кезекке тұра алмайды.
Тұрғын үйі жоқ немесе жалғыз баспанасындағы үлесі 50%-дан аспайтын азаматтар ғана мұқтаж ретінде танылады. Бұл талап бұрын кезекке тұрған азаматтарға қолданылмайды.
6. Жетім балалардың кезектегі құқығы сақталады.
Бала асырап алу, қорғаншылық немесе қамқоршылық тоқтатылған жағдайда, жетім бала тұрғын үй кезегіне алғаш қойылған күнін сақтайды.
7. Пәтер бөлу кезінде отбасы құрамы ескеріледі.
Енді баспананы бөлуде тек шаршы метр көлемі емес, отбасы мүшелерінің саны мен қажеттілігі де назарға алынады. Бұл көпбалалы отбасыларға сәйкес келетін тұрғын үйді таңдауға мүмкіндік береді.
8. Ауылда жалдамалы үйді азаматтың өзі таңдай алады.
Ауылдық жерде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қажетті жалдамалы баспананы өздері таңдап, оған электронды түрде өтініш бере алады.
9. Банк деректерді келісімсіз түгендей алады.
14 қыркүйектен бастап банк тұрғын үй кезегіндегі азаматтардың мәліметтерін олардың немесе заңды өкілінің келісімінсіз түгендей алады. Бұл кезектегі деректерді жаңартып, тұрғын үйді нақты мәліметтер негізінде бөлуге мүмкіндік береді.
Жаңа өзгерістердің негізгі мақсаты – тұрғын үйге мемлекеттік қолдауды әділ әрі ашық ету және баспананы азаматтардың нақты қажеттілігіне қарай бөлу.
Заңнамалық өзгерістердің басым бөлігі 2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.









