Ақмола облысындағы ауыл тұрғындары үшін бұл кездесулер күн сайын бетпе-бет келіп жүрген түйткілді мәселелерін алғаш рет тікелей айтуға мүмкіндік туғызды. Бұл туралы Aikyn.kz “Әділет” партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Әділетті Қазақстан үшін» партиялық жобасының мобильді керуені бес күн ішінде төрт ауданды аралап, 527 шақырым жол жүріп өтті және ашық диалогқа 430-дан астам тұрғынды жинады.
Шортанды, Ақкөл, Бұланды және Бурабай аудандарында тұрғындармен «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Армангүл Тоқтамұрат, Юлия Кучинская, Динара Сәдуақасова, Ерқанат Мұсылманбек және Еділ Хамза кездесті. Олар әдеттегі баяндамалардан бас тартып, қатысушыларға бірден өздерін толғандырған кез келген мәселені ашық айтып, еркін талқылау ұсынылды.
«Біз бұл жерге халықтың мұң-мұқтажын тыңдау үшін келгенімізді бірден айттық. Өзіміз де осы өңірдің тумасымыз, мұнда туған-туыстарымыз тұрады. Сондықтан бұл ауылдар мен кенттердің болашағы біз үшін де маңызды», – деді Армангүл Тоқтамұрат.
Құрылтай депутаттығына кандидат Юлия Кучинскаяның айтуынша, дәл осындай кездесулер Қазақстан ауылдарының шынайы ахуалын көруге мүмкіндік береді.
«Барлық ауданда дерлік инфрақұрылым, коммуналдық қызметтердің сапасы, халықтың табысы мен ауылдарды дамыту мәселелері көтерілді. Бұл түйткілдердің басым бөлігі біздің «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасында да бар. Атап айтқанда, кемінде 1 миллион ауыл тұрғынының табысын арттыру және 3 500 тірек әрі серіктес ауылды дамыту көзделген», – деді ол.
Тұрғындардың жобаға қызығушылығы қатысушылар санынан да байқалды. Жобаның алғашқы күні өткен кездесулерге шамамен 200 адам қатысты. Кейін Макинск пен Щучинск қалаларындағы ашық диалогқа тағы 230-дан астам тұрғын қосылды. Шортанды кентінің белсенділері саяси партия өкілдерінің алғаш рет алдын ала дайындалған сөзбен емес, халықтың пікірін тыңдау үшін келгенін атап өтті. Кездесулер барысында айтылған барлық өтініштер, ұсыныстар мен бастамалар арнайы тізілімге енгізілді.
Мобильді керуен сайлаушылармен пікір алмасатын алаң ғана емес, алдағы жұмыста пайдаланылатын ұсыныстарды жүйелі түрде жинауға мүмкіндік беретін тиімді құралға айналып отыр.
Ақмола облысындағы кездесулер аяқталғаннан кейін солтүстік бағыттағы керуен Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарына жол тартады. Жалпы, 18 тамызға дейін «Әділетті Қазақстан үшін» жобасы еліміздің алты ірі өңірін, 100 ауданын қамтып, 10 мыңнан астам адамның басын қоспақ.
Партияның қызметі туралы басқа да жаңалықтарды ресми Telegram арнамыздан оқи аласыздар: https://t.me/adilet_partiyasy









