Отандық мұнай өңдеу зауыттары бензин мен дизель шығаруды бұрынғыдан үдетті. Бұған қоса, ертең қазақстандық «темір тұлпарлар» дәстүрлі мұнай мен газдан емес, көмірден алынатын инновациялық отынмен жүйткуге көшуі мүмкін. Салада қандай өзгерістер болып жатыр?
Мұнайлы елдің мұңы
Солтүстік көршіде жанар-жағармай құю стансалары қаңырап бос қалған өңірлердің саны апта емес, күн сайын көбейіп барады. РФ билігі бензин мен дизель сатуды шұғыл шектеп жатыр: жанармай тапшылығы өткен аптада РФ-тің 53 субъектісінде тіркелсе, осы аптада 60-қа жуықтады. Бұл ретте Ресейдің халықаралық мойындалған өңірлерінің саны 83 екенін ескерсек, ЖЖМ күйзелісі оның 70%-дан астамын қыспаққа алып, құтын қашырып тұр.
Ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, көптеген өңірде автокөлік багына бір құйғанда 20-30 литрден аспайтын бензин және 40-60 литрден көп емес дизель бөледі. Ал канистрге не басқа да құтыға құюға тыйым салынған. Мұндай қатаң әрі жаппай шектеулер Ресей тарихында ешқашан болмаған екен. Ресейлік сарапшылар тіпті 90-жылдары ЖҚС желілері бағаны күн сайын күрт көтергені болмаса, сатып алу мөлшері бойынша шектеу қоймағанын еске салды.
Мұның сыртында Иркутск облысының губернаторы Игорь Кобзев өңірде көптеген ЖҚС қызмет көрсетуді мүлдем тоқтатқанын қынжыла мойындады. Сондай-ақ Саратов, Амур, Тамбов, Липецк, Тула, Тверь, Владимир және басқа облыстардың басшылары жанармай дағдарысы аясында отын босатуды «қолмен басқару режиміне көшіретінін» жариялады. Бұл дегеніңіз, ЖЖМ бірінші кезекте полиция, күш құрылымдары, әскерилер мен арнайы қызметтерге бөлінбек. Екінші кезекте оған мемлекеттік органдар, жедел жәрдем, өрт сөндірушілер және басқа әлеуметтік қызметтер қол жеткізеді. Одан қалғаны ғана нарықта бөлшек саудаға шығарыла-ды.
Reuters агенттігінің болжамынша, Украинаның ресейлік ірі мұнай өнеркәсібі нысандарына шабуылының жалғасуына байланысты РФ-та ЖЖМ күйзелісі алда тек күшейе бермек. Себебі халықтың демалысы мен саяхаты маусымы қызды. Көршінің оңтүстік өңірлерінде егін орағы науқаны басталып та кетті. Мұның бәрі нарыққа салмақ түсіреді. Осы орайда Ресейде ең танымал АИ-95 маркалы бензиннің бөлшек саудадағы бағасы 95 рубльге (шамамен 630 теңгеге), дизель құны 150 рубльге (шамамен 990 теңгеге) жетіп қалды.
Асау бағаны құрықтау мақсатында бензин мен дизелдің Беларусь пен Қазақстаннан тасыла бастағанын кейбір ресейлік ақпарат құралдары жариялап та жіберді. Энергетика министрлігі бұл ақпаратты растамады.
Дағдарыс жаңғырығы Қазақстанға жетті ме?
Осы орайда әлеуметтік желіде кейбір қазақстандық ұсақ жанар-жағармай құю стансаларының МӨЗ-дерден өнімнің аз босатыла бастағанына шағымданып жатқаны туралы «суыт хабар» тарады. Сонымен бірге бензин бағасы Қазақстанда да өсе бастапты. Мысалы, алдыңғы айларда АИ-95 бензинінің бір литрі Астанада – 301-309 теңге, Алматыда – 306-313 теңге, Шымкентте 292-297 теңге аралығында сатылған. Ал 23 маусымда АИ-95 Астанада 315 теңгеге, Алматыда 322 теңгеге, Шымкентте 304-305 теңгеге дейін қымбаттапты.
Соған қарамастан еліміздегі ЖЖМ бағасы Ресейдегі ресми бағаның өзінен екі есеге жуық арзан тұрады. Көршінің тұрғындары қатаң шектеулер енгізілген өңірлерде алыпсатарлар «қара нарықта» АИ-95-тің 1 литрінің құнын 200-ден 500 рубльге (3 300 теңгеге) дейін аспандатқанына шағымданып жатыр. Мұндай жағдайда қазақстандық ішкі нарықты сыртқы қысымнан қорғау үлкен маңызға ие болады. Себебі тарыққан ресейлік көлік иелері бензин мен дизельді Қазақстанның шекаралас өңірлерінен багы мен канистрлеріне құйып әкетуге жаппай тырысары сөзсіз.
Осыған байланысты Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты министрліктер мен құқық қорғау органдарының басшылығын «Үкімет үйіне» жинап, арнайы кеңес өткізді. Онда мұнай өнімдері нарығында қалыптасқан ахуалды талқылап, бірқатар тапсырма берді. Үкімет басшысы ішкі нарыққа сыртқы факторлардың ықпал етуі мүмкіндігін жасырмай, ықтимал сын-тегеуріндерге уақытылы, пәрменді тосқауыл қою керегін нықтады.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәлімдеуінше, бүгінде Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз ете отырып, штаттық режимде жұмыс істеп тұр. «Еліміздегі бензин, дизель және авиациялық отын қоры 1 миллион тоннадан асады. Бұл өзіміздің тұтынушылардың қазіргі сұранысын толық өтеуге мүмкіндік береді. Мұнай өнімдерімен автожанармай құю стансалары, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер және отандық әуетасымалдаушыларына басымдықпен қамтамасыз етіліп жатыр. Жанар-жағармай материалдарының тапшылығы байқалмайды», – деді еліміздің бас энергетигі Ерлан Ақкенженов.
Оның дерегінше, министрлік елдегі мұнай өнімдерінің өндіріс көлеміне, жөнелтілуіне және қорларының көлеміне тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Сонымен бірге шенеунік мұнай өнімдерін көрші елге заңсыз әкетудің деректері тексеріліп жатқанын, бұл теріс тірлікті дер кезінде тойтару үшін алдын алу шараларына ерекше назар аударылып отырғанын жеткізді. Мәселен, әлеуметтік желіде кейбір пысық ресейліктердің «Газельді», басқа көлікті канистрге толтырып, Қазақстанды бетке алғаны бейнеленген роликтер әлеуметтік желіні кернеп тұр. Жеңіл жолаушылар автомобилі шағын бензинтасығышқа айналып шыға келеді. Мұндай келеңсіздіктердің жолын кесу үшін Қазақстан автокөліктердің мемлекеттік шекараны тәулігіне бір реттен артық кесіп өтуіне шектеу енгізді.
Әлбетте, мемлекет ішкі нарықты қорғаудың басқа да шарасын қабылдау үстінде. Қазір Қазақстан аумағынан «бензовоз» және басқа мамандандырылған автомобиль көлігімен мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін, сондай-ақ теміржол көлігімен жеңіл дистилляттарды шығарып әкетуге тыйым салынған. Осыны бекіткен Энергетика министрлігінің бұйрығы қолданыста.
Айта кету керек, жабық жиында ішкі істер министрі Ержан Сәденов, ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов және Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов баяндама жасады. Олардың баяндамаларын тыңдаған Премьер-министр Олжас Бектенов ішкі мұнай өнімдері нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету стратегиялық маңызға ие екеніне екпін түсірді.
Кеңес қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берілді. Біріншіден, жауапты ведомстволар үйлесімді қимылдай отырып, Ресейдегі сияқты Қазақстанның нарығында жанар-жағармай тапшылығына жол бермеуге тиіс. Бұл үшін олар ел қажеттілігін үздіксіз қамтамасыз етіп, шекарадағы бақылауды күшейтуге және басқа барлық қажетті шараны қабылдауға міндетті.
Екіншіден, ҰҚК Шекара қызметіне кеденге жауапты Қаржы министрлігімен және контрабандамен күресетін Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, мемлекеттік шекарада бақылауды күшейту, мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдаудың барлық схемасын анықтап, жолын кесу жүктелді.
Үшіншіден, Энергетика министрлігіне мұнай өнімдерін өндіру, қорлар және тұтыну теңгеріміне тұрақты мониторинг жүргізу және қажет болған жағдайда қосымша шаралар қабылдау жөнінде жедел ұсыныстар енгізу тапсырылды. Осы және өзге шаралар тиімді бола ма, жоқ па, оны алда отандық ЖҚС-тардағы бағалардан және көліктер кезегінің ұзын-қысқалығынан білуге болады.
Көмір жанармайы – ертеңнің энергиясы ма?
Әзірге Энергетика министрлігі берген ақпаратқа жүгінсек, Қазақстан мұнай өңдеу тереңдігін арттыру арқылы да ашық өнімдер өндірісін өсіре бастапты. Яғни шикі мұнай неғұрлым жан-жақты әрі тереңірек өңделсе, қалдығы азайып, жанар-жағармай көлемі ұлғая түсері даусыз. Бұл тұрғыда қазақ елінің мақтанар жетістігі бар: өңдеу деңгейі ел тарихында алғаш рет 90%-дан асты.
«Қазақстанда мұнай өңдеу тереңдігін ұлғайту бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі барлық 3 мұнай өңдеу зауытында мұнай өңдеудің орташа тереңдігі 87,4%-дан 90%-ға дейін артты. Атап айтқанда, Атырау МӨЗ-інде бұл көрсеткіш – 85%-дан 88%-ға дейін, Шымкент МӨЗ-інде – 86%-дан 88%-ға дейін, ал Павлодар мұнай-химия зауытында 91%-дан 94%-ға дейін жетіп отыр», – деп мәлімдеді ведомство.
Көрсеткіштердің өсуі ашық мұнай өнімдерінің үлесін 70-79%-дан 75-81%-ға дейін ұлғайту есебінен, сондай-ақ Павлодар МХЗ-да битум өндірісін 366 мың тоннадан 426 мың тоннаға дейін арттыру арқылы қамтамасыз етілді. Осының арқасында 2024 жылмен салыстырғанда 2025 жылы негізгі мұнай өнімдері өндірісінің өсімі тіркелді: түрлі маркадағы бензиннің бір жылдық өндірісі – 5,7 млн тоннаны (өсім – 107%), дизель отынының өндірісі 6,1 млн тоннаны (116%) құрады.
2026 жылдың қорытындысында өндіріс көлемі кезекті рекорд орнатуы мүмкін. Бұған қоса, министрлік мұнай өңдеудің орташа тереңдігін 94%-ға дейін одан ары арттыру жоспарланып отырғанын хабарлады. Бұған мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту және олардың қуатын кеңейту есебінен қол жеткізбек.
Әрине, көлікке қажетті отын бензин, дизель не газбен шектелмейді. Келесі жылдан бастап Қазақстанда көліктер көмірмен «жүре» бастауы ықтимал. Осы мақсатта көмір химиясын дамыту саласында 3 ірі жоба жүзеге асырылу үстінде. Тарата айтқанда, Қарағанды облысында жылына 1 млн тонна металлургиялық кокс өндіретін зауыттың құрылысы қолға алынған. Сонымен қатар Павлодар және Қарағанды облыстарында көмірден дизель отынын өндіретін, әрқайсысының қуаты жылына 100 мың тоннаны құрайтын 2 инновациялы жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Іске қосылғаннан кейін автоотынның бұл түріне деген мұқтаждықты өтеуге олар да белсене кіріспек. Бұдан бөлек, тағы бір перспективалы жоба көмірден автогаз өндіруді көздейді. Жуырда жобаны іске асыру алаңы айқындалады.
Қазіргі геосаяси және нарықтық тұрақсыздық жағдайында Қазақстан үшін ішкі жанар-жағармай нарығының тұрақтылығын сақтау стратегиялық міндетке айналып отыр. Көрші елдегі алапат дағдарыс бұл тапшылықтың ұлттық экономиканы, бизнесті, тұрғындардың тіршілігін тұралата алатынын паш етті. Демек, отандық өндірісті арттыру, қор қалыптастыру және шекаралық бақылауды күшейту мұндай тәуекелдерді азайтудың басты тетігі болып қала береді. Бұл жұмыс бүкіл елдің экономикалық тұрақтылығы мен азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етудің маңызды шарты болмақ.
Айхан ШӘРІП










