Алайда нарықтың өсуімен бірге мәселелер де көбейіп келеді. Әлеуметтік желілерде алдын ала төлем алып, тапсырысты орындамай кеткен кәсіпкерлерге қатысты шағымдар жиілеген. Кейбір компаниялар келісілген мерзімді бірнеше айға созса, енді бірі тұтынушы күткен сапаны қамтамасыз ете алмайды. Соның салдарынан мыңдаған теңге емес, кейде бірнеше миллион теңге жұмсаған азаматтар шығынға батуда.
Бұл мәселе кездейсоқ емес. Өйткені жиһаз өндірісімен айналысу үшін бүгінде арнайы лицензия талап етілмейді. Соның арқасында нарыққа тәжірибелі кәсіпорындармен қатар өндірістік базасы жоқ, кәсіби дайындығы жеткіліксіз ойыншылар да кіріп жатыр. Ал олардың әрекеті тұтас саланың беделіне әсер етеді.
Осы жағдайға байланысты Қазақстанда жиһаз өндірушілерді лицензиялау мәселесі қайтадан талқылана бастады. Жиһаз өндірісін лицензиялау бастамасын қолдайтындардың бірі – сала сарапшысы Антонина Есмағанбетова. Оның айтуынша, бүгінде жиһаз өндірісін бастау үшін арнайы кәсіби талаптардың болмауы нарықтағы негізгі проблемалардың біріне айналған.
«Қазір жиһаз өндірісін ашу үшін арнайы тәжірибе, кәсіби білім немесе жауапкершілік талап етілмейді. Соның салдарынан бұл салаға кез келген адам келіп жатыр. Өкінішке қарай, мұның зардабын ең алдымен қарапайым тұтынушылар тартады. Бірі алдын ала төлем алып, кейін байланысқа шықпайды. Екіншісі тапсырысты бірнеше айға кешіктіреді. Үшіншісі сапасыз өнім жасап, қымбат материалдарды бүлдіреді. Мұндай жағдайлар бүкіл нарықтың беделіне нұқсан келтіреді», – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, мәселе тек сапасыз өнімде емес. Көп жағдайда адамдар жылдар бойы жинаған қаражатын жұмсап, өз үйіне немесе жаңа қонысына жиһаз алуға тапсырыс береді. Сондықтан бұл саладағы жауапкершілік деңгейі де жоғары болуға тиіс.
«Көптеген отбасы үшін жиһаз – күнделікті алынатын зат емес. Бұл тұрғын үй мен көліктен кейінгі ең ірі сатып алулардың бірі. Адамдар өз ақшасын сеніп тапсырады, ал нәтижесінде сапасыз қызмет алса, оның материалдық қана емес, моральдық шығыны да болады. Сондықтан тұтынушыны қорғаудың қосымша тетіктері қажет деп есептеймін. Лицензиялау дәл сондай құралдардың бірі болуы мүмкін. Ол ең алдымен белгілі бір кәсіби талаптар мен жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталуы керек», – дейді Антонина Есмағанбетова.
Сарапшы лицензиялау бизнесті қиындату немесе нарыққа жаңа қатысушылардың келуіне тосқауыл қою үшін енгізілмеуі тиіс екенін атап өтті. Керісінше, бұл шара саланы жүйелеуге және адал кәсіпкерлердің жұмысын қорғауға мүмкіндік береді.
«Лицензиялау барлық мәселені бірден шешіп тастайды деу дұрыс емес. Бірақ ол нарықтағы кездейсоқ адамдардың үлесін азайтып, кәсіби мамандардың үлесін арттыруға көмектеседі. Бұдан тұтынушылар да, адал өндірушілер де ұтады. Біріншілері ақшасын сенімдірек тапсырады, ал екіншілері біліктілігі жоқ әрі демпингпен жұмыс істейтін кәсіпкерлермен тең жағдайда бәсекелесуге мәжбүр болмайды. Нәтижесінде, нарық ашық әрі кәсіби сипатқа ие болады. Өйткені сапалы жиһаз дегеніміз тек әдемі көрініс емес, ол – қауіпсіздік, ұзақмерзімділік және тұтынушы алдындағы жауапкершілік», – дейді ол.
Сарапшы көтерген мәселе нарықтағы статистикамен де үндеседі. Mada Consult компаниясының талдауына сәйкес, Қазақстандағы жиһаз нарығы тұрақты өсіп келе жатқанымен, саладағы бәсеке де күшейген. Компания дерегінше, жиһаз дүкендерінің шамамен жартысы жұмысын бастаған алғашқы үш жыл ішінде жабылады. Нарыққа жаңа ойыншылардың көптеп келуі бір жағынан таңдау мүмкіндігін арттырса, екінші жағынан, сапа мен жауапкершілік мәселесін өзекті етіп отыр.
Сонымен қатар зерттеу авторлары тұрғын үй құрылысының өсуі мен коммерциялық сектордың кеңеюі жиһазға деген сұранысты арттырып отырғанын атап өтеді. Бүгінде нарықтың 70 пайызы тұрғын үй сегментіне тиесілі болса, қалған бөлігі кеңсе, қонақүй және мейрамхана жиһаздарына тиесілі. Сарапшылардың пікірінше, осындай өсім жағдайында саладағы кәсіби стандарттар мен тұтынушыны қорғау тетіктеріне сұраныс та арта түседі.
Дегенмен лицензиялау бастамасына сақтықпен қарайтын кәсіпкерлер де бар. Соның бірі – жиһаз жасаушы, жеке кәсіпкер Жарылқасын Өмірбаев. Оның пікірінше, бұл мәселені «қолдаймын» немесе «қарсымын» деп біржақты бағалау қиын, өйткені бәрі енгізілетін талаптардың мазмұнына байланысты.
«Нарықта расымен де әртүрлі адамдар жұмыс істеп жүр. Бірі өндіріс орнын ашып, маман дайындап, салық төлеп, кәсібін жүйелі түрде жүргізеді. Ал енді бірі әлеуметтік желіде жарнама беріп, өзін үлкен компания ретінде көрсеткенімен, артында нақты өндірісі де болмауы мүмкін. Осындай жағдайлардан кейін тұтынушылардың сенімі азайып, бүкіл салаға сын айтылады. Сондықтан нарықта белгілі бір тәртіп болуы керек деген пікірмен келісемін», – дейді ол.
Сонымен қатар кәсіпкер лицензиялау тетігі адал жұмыс істейтін шағын бизнеске қосымша ауыртпалық түсірмеуі тиіс деп есептейді. Оның айтуынша, соңғы жылдары шағын өндіріс орындары әртүрлі әкімшілік рәсімдер мен есептіліктің арасында жұмыс істеуге мәжбүр.
«Лицензиялау енгізіледі екен деп, оны кәсіпкерлер үшін кезекті қағаз жинайтын науқанға айналдырмау керек. Қазірдің өзінде шағын цехтар түрлі талаптарды орындап отыр. Егер лицензия кәсібилікті арттыруға, сапаны бақылауға және нарықты тазартуға бағытталса, оның пайдасы болады. Ал егер бұл тек қосымша бюрократиялық кедергіге айналса, онда одан кәсіпкер де, тұтынушы да ұтпайды. Сондықтан мәселенің түйіні лицензияның бар-жоғында емес, оның қалай жұмыс істейтінінде деп ойлаймын», – дейді Жарылқасын Өмірбаев.
Кәсіпкердің айтуынша, саланың болашағы ең алдымен жауапкершілік мәдениетінің қалыптасуына байланысты. Оның пікірінше, клиент алдындағы міндеттемелердің орындалуы, кепілдік беру жүйесінің дамуы және сапа стандарттарының сақталуы лицензиядан кем маңызды емес.
«Соңғы жылдары тапсырыс берушілердің талабы да өзгерді. Бұрын адамдар тек жиһаздың бағасына қараса, қазір қызмет көрсету сапасына, кепілдікке, материалдың шығу тегіне дейін мән береді. Сондықтан нарық бәрібір өзгереді. Бұл өзгеріс лицензия арқылы келе ме, әлде басқа тетіктер арқылы келе ме – ол бөлек мәселе. Бірақ тұтынушының сенімін арттыратын нақты талаптар қажет екені анық», – дейді ол.
Расымен де, жиһаз өндірісі – тек кәсіп емес, тұрмысымызды тиімді ететін, өмірімізге көрік беретін сала. Халық жиі жүгінетіндіктен де бүгін жиһаз жасаушының жауапкершілігі мен кәсіби мәдениетін арттыру мәселесін сөз етуге мәжбүрміз. Ал бұл тұрғыда тұтынушы сенімін нығайтудың ең тиімді жолы сапаға негізделген әділ әрі ашық нарық қалыптастыру болып қала бермек.
Кәмила ДҮЙСЕН










