Рыбакина Лондонда сенсациялық жеңіліске ұшырады

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Лондонда өтіп жатқан Queen’s Club Championships турниріндегі жарыс жолын аяқтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Әлемдік рейтингте екінші орында тұрған қазақстандық теннисші ширек финалда Ұлыбритания өкілі Кэти Бултерге жол берді. Үш сетке созылған тартысты кездесуде Бултер 7:5, 2:6, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша, турнирдің басты фавориттерінің бірі саналған Рыбакина жартылай финалға шыға алмады.

Айта кетейік, бұл күні қазақстандық теннисші кортқа екі рет шықты. Алдымен кейінге шегерілген матчта германиялық Татьяна Марияны 6:7, 7:5, 6:0 есебімен жеңіп, ширек финалға жолдама алған болатын.

Алайда араға көп уақыт салмай өткен келесі ойында Рыбакина британдық қарсыласына есе жіберіп, турнирдегі өнерін аяқтады.

Лондондағы жарыс шөп төсенішінде өтеді және маусымдағы ең беделді турнирлердің бірі саналатын Уимблдон алдындағы маңызды дайындық кезеңі ретінде қарастырылады.