– Еліміздің тәуелсіз тарихында биыл алғаш рет қылмыстық және әкімшілік рақымшылық қатар жүргізілмек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияны қабылдаған кезде айтқан болатын. Президент тапсырмасына сәйкес Парламент қазіргі сессияның соңына дейін тиісті заңды қабылдауы керек. Сіздіңше, бұл жолғы рақымшылықтың негізгі мақсат-міндеті және ерекшелігі қандай?
– Мемлекет басшысы биыл 17 наурызда жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша рақымшылық өткізілетінін жариялаған болатын. Мұндай шешім Ата заңдағы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселесіне ерекше мән берілгеніне байланысты қабылданды деп ойлаймын. Онда әрбір азаматтың өмір сүру, білім алу, еңбек ету, сөз бостандығы және заң алдында тең болу құқықтары нақты көрсетіліп, олардың сақталуына мемлекет кепілдік беретіні айқын жазылған. Бұл Конституция адамның қадір-қасиетін жоғары құндылық ретінде танып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған маңызды құқықтық негіз болып табылады.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған бұл шешім жазалау мен жауапкершілік қағидаттарын сақтай отырып, белгілі бір санаттағы азаматтарға жаңа мүмкіндік беруді қарастырады. Бұл заң жобасының басты ерекшелігі – оның өте селективті болуы. Бұл қоғамдағы әділеттілік сұранысын ескере отырып қабылданған шешім деп бағалауға болады.
Жалпы, рақымшылық институты әлемнің көптеген елінде қолданылады. Ол әдетте мемлекеттік мерейтойлар, саяси реформалар, конституциялық өзгерістер немесе гуманитарлық себептерге байланысты жарияланады. Мысалы, Италия, Франция, Испания, Ресей, Түркия және бірқатар Латын Америкасы елдерінде әртүрлі кезеңдерде рақымшылық актілері қабылданған. Алайда қазіргі халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттер ауыр қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық беруге барған сайын сақ қарай бастады. Соңғы жылдары әлемде «жаппай рақымшылықтан» гөрі «мақсатты рақымшылық» үлгісі басым. Яғни, кәмелетке толмағандар, әйелдер, қарттар, бірінші рет қылмыс жасағандар немесе жеңіл қылмыс жасағандар ғана қамтылады. Қазақстандағы қазіргі заң жобасы да осы халықаралық үрдіске сәйкес келеді.
– Рақымшылық қанша адамды қамтиды деп жоспарланған? Алдына ала есептеулер жүргізілді ме? Қанша адамның босатылуы немесе жаза мерзімі қысқартылуы мүмкін?
– Алдын ала жүргізілген есепке сәйкес, қылмыстық рақымшылық шаралары шамамен 16,5 мың адамға қатысты қолданылуы мүмкін, соның ішінде колониялар мен өзге де бас бостандығынан айыру орындарынан 1,5 мыңға жуық сотталушы босатылмақ. Бірақ қоғамда жиі кездесетін қате түсінік бар, ол – осы адамдардың бәрі бостандыққа шығады деген пікір. Шын мәнінде, олардың белгілі бір бөлігі ғана толық босатылады. Қалғандарының жазасы қысқартылады немесе жеңілдетіледі. Сондықтан бұл – жаппай босату акциясы емес, жазаны дараландыру механизмі.
Сонымен қатар айтып отырғанымыздай, заң жобасында алғаш рет әкімшілік рақымшылық та қарастырылып отыр. Бұл санатта Қазақстан азаматтары, жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар және заң консультанттары әкімшілік айыппұлдардың белгілі бір санатынан толық босатылуы мүмкін. Дегенмен соттар салған айыппұлдар мен азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін құқықбұзушылықтар үшін салынған әкімшілік жазалар рақымшылыққа жатпайды. Алдын ала мәліметтерге сенсек, әкімшілік рақымшылық шамамен 1 миллион айыппұлды қамтуы мүмкін.
– Заң жобасында рақымшылық қолданылмайтын санаттар қарастырылған ба?
– Заң жобасында рақымшылық қолданылмайтын санаттар нақты көрсетілген. Олардың қатарында сыбайлас жемқорлық қылмыстары, террористік және экстремистік қылмыстар, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар, азаптау фактілері, қайталама қылмыс жасағандар, қоғамға жоғары қауіп төндіретін қылмыстар, жақында қылмыс санатына енгізілген құқықбұзушылықтар, сырттай сотталған азаматтар бар. Тағы бір нақты атап айту керек мәселе, әрбір сотталғанға қатысты түпкілікті шешімді сот жеке тәртіппен қабылдайды. Сонымен бірге жергілікті атқарушы органдарға бостандыққа шығатын азаматтарды әлеуметтік бейімдеу және қоғамға қайта кіріктіру бойынша міндеттер жүктеледі.
Ал сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша сотталғандарға рақымшылықтың қарастырылмағанын қолдаймын. Бұл – өте дұрыс шешім. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Қазақстан соңғы жылдары жемқорлықпен күресті мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналдырды. Екіншіден, жемқорлық қылмыстары қоғамның мемлекетке деген сеніміне тікелей зиян келтіреді. Үшіншіден, егер мұндай адамдар рақымшылыққа ілінсе, бұл қоғамда «жемқорлық үшін жауапкершілік әлсіреп жатыр» деген түсінік қа-лыптастыруы мүмкін. Сондықтан бұл жерде саяси сигнал өте анық, мемлекет жемқорлыққа қатысты ымырасыз саясаттан бас тартпайтынының дәлелі деуге болады.
– Алдын ала есептеулер бойынша, 15 мыңға жуық адам рақымшылыққа ілігеді деп жоспарланған екен. Дегенмен бұл адамдар кезінде түрлі қылмыс жасап, заң бұзғаны рас. Енді оларға мемлекет тарапынан рақымшылық жасалуы зардап шеккендердің мүддесіне қайшы емес пе?
– Кез келген құқықтық мемлекеттің негізгі міндеті – сотталған адамның да, жәбірленушінің де құқықтарын қорғау. Сондықтан рақымшылық автоматты түрде кінәні кешіру дегенді білдірмейді. Көп жағдайда келтірілген материалдық шығын өтелуі немесе өтелу тәртібі сақталуы қажет. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары өз күшін жоғалтпайды. Яғни, рақымшылық қылмыстық жазаны жеңілдетуі мүмкін, бірақ келтірілген залал үшін жауапкершілікті жоймайды. Дегенмен кез келген рақымшылық белгілі бір тәуекелдерді қамтитынын ескеру керек. Қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда, негізгі қауіп – рецидив, яғни қайта қылмыс жасау мүмкіндігі. Алайда халықаралық зерттеулер көрсеткендей, ұзақ уақыт түзеу мекемесінде болып, кейін қоғамнан оқшауланған адамдардың қайта бейімделуі күрделі мәселе болып саналады. Сондықтан мемлекеттің міндеті – тек босату емес, кейінгі бақылау мен қолдауды ұйымдастыру. Қауіптің деңгейі негізінен пробация жүйесінің тиімділігіне байланысты болады.
– Ал мемлекет үшін тиімді тұстары қандай? Жалпы, рақымшылық еліміздің қылмыспен күрес саясатына қайшы келмей ме?
– Мұндай шешім кейде түзеу мекемелеріндегі адам санын азайтуға жасалған қадам секілді көрінуі мүмкін. Иә, түзету мекемелеріндегі жүктеме төмендеуі, қызметкерлердің жұмысы жеңілдеуі, медициналық және әлеуметтік қызметтердің сапасы артуы секілді қолайлы тұстары бар. Сондықтан рақымшылық белгілі бір дәрежеде пенитенциарлық жүйені оңтайландыру құралы ретінде де қарастырылады. Алайда экономикалық тиімділік бұл заңның негізгі мақсаты емес. Басты мақсат – түзелуге мүмкіндік беру және әлеуметтік қайта бейімдеуді қамтамасыз ету.
Бір қарағанда, рақымшылық жазалау қағидатына қайшы көрінуі мүмкін. Алайда құқықтық теорияда жазаның мақсаты тек жазалау емес. Оның ішінде әділеттілікті қалпына келтіру, сотталған адамды түзеу, жаңа қылмыстардың алдын алу міндеттері бар. Егер адам қоғамға қауіп төндірмейтін деңгейге жетсе және түзелуге бейімделсе, оған қосымша мүмкіндік беру қылмыспен күрес саясатына қайшы емес. Керісінше, көптеген сарапшылар тиімді қылмыстық саясат тек қатаң жазалауға емес, қайта әлеуметтендіруге де сүйенуі керек деп есептейді.
– Сіздіңше, рақымшылық әділеттілік пен ізгілік қағидаттарының арасындағы тепе-теңдікті сақтай ала ма? Бостандыққа шыққан адамдарды қоғамға бейімдеу жұмыстары қалай жүргізіледі?
– Бұл – рақымшылық төңірегіндегі ең күрделі сұрақтың бірі. Бір жағынан, қоғам қылмыс жасаған адамның жазаланғанын қалайды. Бұл – әділеттілік қағидаты. Екінші жағынан, мемлекет адамның түзелу мүмкіндігін де жоққа шығармауы керек. Бұл – гуманизм қағидаты. Қазіргі заң жобасы дәл осы екі қағидаттың ортасынан жол табуға тырысады. Өйткені қоғамға аса қауіпті адамдар рақымшылыққа жатпайды, ал қауіптілігі төмен санаттағы адамдарға екінші мүмкіндік беріледі. Сондықтан бұл заңды әділеттілік пен ізгіліктің арасындағы ымыра ретінде бағалауға болады.
Егер адам түрмеден шығып, жұмыссыз қалса немесе әлеуметтік қолдау көрмесе, қайта қылмыс жасау қаупі артады. Сондықтан жұмыспен қамту орталықтары, пробация қызметі, әкімдіктер және әлеуметтік қорғау органдары бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Сарапшылардың пікірінше, рақымшылықтың табысы босатылған адамдардың санына емес, олардың қоғамға қаншалықты сәтті бейімделгеніне байланысты бағаланады.
– Тәуелсіздік жылдары бұған дейін он рет рақымшылық жүргізіліпті. Жалпы, тәжірибеде бостандыққа шыққандардың қайта қылмыс жасау статистикасы бар ма? Егер адам бұрынғы қателігін қайталап, қылмыс жасаса, олар қалай жазаланады?
– Рақымшылыққа ілінгендердің, менің білуімше, басым көпшілігі қайтадан қылмыс жасамайды. Дегенмен рецидив толық жойылған жоқ. Бұл жерде маңызды мәселе – рақымшылықтың өзі емес, босатылған адамның кейінгі тағдыры. Егер адам жұмыспен қамтылса, әлеуметтік байланыстары сақталса және пробациялық бақылау дұрыс ұйымдастырылса, қайта қылмыс жасау ықтималдығы айтарлықтай төмендейді. Сондықтан қазіргі кезде көптеген елдер рақымшылықты әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларымен қатар жүргізеді. Біріншіден, мемлекет азаматтардың түзелу мүмкіндігіне сенетінін көрсетеді. Екіншіден, қылмыстық саясаттың тек жазалауға емес, қайта тәрбиелеуге де бағытталғанын аңғартады. Үшіншіден, ауыр қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қатысты қатаң ұстаным сақталатынын білдіреді. Саяси тұрғыдан алғанда бұл мемлекет пен қоғам арасындағы сенім қатынастарын нығайтуға бағытталған қадам ретінде бағалануы мүмкін.
Сұхбаттасқан
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ










