Quartz материалына сүйенген Aikyn.kz жаңа ЖИ құралының ерекшеліктерімен таныстырады.
Anthropic таратқан мәлімет бойынша, жаңа модель бағдарламалау, логикалық ойлау және агенттік тапсырмаларды орындау қабілеттері бойынша бұрынғы нұсқадан едәуір жақсы нәтиже көрсеткен. Бұл жерде ерекше назар аударарлық жаңалықтардың бірі – модельдің «адалдығының» артуы. Компанияның айтуынша, Claude Opus 4.8 бағдарламалық кодтағы қателерді жасырып қалу ықтималдығын алдыңғы нұсқамен салыстырғанда шамамен 4 есе азайтқан. Яғни, модель өзіне сенімсіз болған жағдайда бұны ашық айтып, дәлелсіз тұжырымдар жасаудан бас тартады.
Anthropic бұл мәселені қазіргі жасанды интеллект жүйелерінің басты кемшіліктерінің бірі ретінде қарастырады. Қазіргі ЖИ модельдері әлсіз дәлелдерге қарамастан, өз нәтижелерін сенімді түрде дұрыс деп көрсетуге бейім. Сондықтан Anthropic жаңа нұсқада жауаптардың сапасымен қатар олардың сенімділігіне де басымдық берген.
Claude Opus 4.8-бен бірге бірнеше жаңа мүмкіндік те ұсынылды. Соның бірі – Dynamic Workflows функциясы. Бұл жүйе Claude Code платформасына жүздеген қосалқы агенттердің жұмысын бір мезгілде үйлестіруге мүмкіндік береді. Компанияның мәліметінше, бұндай мүмкіндік жүздеген мың жолдан тұратын бағдарламалық кодтарды толық көшіру немесе қайта құру сияқты күрделі міндеттерді орындауға көмектеседі.
Сонымен қатар пайдаланушылар енді модельдің жауап дайындауға қанша ресурс жұмсайтынын өздері таңдай алады. Қажет болған жағдайда жоғары сапалы әрі терең жауап алуға немесе жылдам әрі арзан режимді пайдалануға мүмкіндік берілген. Бірақ сарапшылардың назарын аударған басты жаңалық – Mythos деп аталатын жаңа модель.
Anthropic жаңа модельді әзірге шектеулі серіктестер ғана пайдаланып жатқанын хабарлады. Компанияның мәліметінше, Mythos киберқауіпсіздік саласында ерекше мүмкіндіктерге ие. Ол бағдарламалық қамтамасыз етудегі осал тұстарды анықтауда кәсіби мамандардан да жоғары нәтиже көрсете алады.
Дәл осы себепті модельдің кең аудиторияға шығарылуы кейінге қалдырылған болатын. Anthropic оның қауіпсіздік жүйелерін толық тексеріп алмақшы. Компания қазір бұл жұмыстар аяқталуға жақын екенін және Mythos алдағы бірнеше апта ішінде көпшілікке қолжетімді болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Бұл жүйеге Ақ үй де үлкен қызығушылық танытып отырғанын «Ақ үй «идеологиялық есалаң басқаратын» Anthropic-ті өз киберосалдықтарын түзетуге шақырды» атты материалында Aikyn.kz жазған болатын.
Дәл осы жобаға Amazon Web Services, Apple, Microsoft және Google сияқты технологиялық алпауыттардың қатысуы бұл бағыттың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, жасанды интеллектінің келесі кезеңіндегі басты бәсеке модельдердің көлемінде емес, олардың сенімділігі, қауіпсіздігі және нақты міндеттерді орындай алу қабілетінде болады.









