BBC Science Focus материалына сүйенген Aikyn.kz «когнитивтік капитуляцияның» мәнін түсіндіреді.
Жасанды интеллект күнделікті өмірге жылдам еніп жатыр. Бірақ ЖИ-дің рөлін асыра бағалауға болмайды. Ол жаңа идеяны өздігінен ойлап таппайды. ChatGPT, Claude, Gemini сияқты құралдар мәтін жазуға, ақпарат іздеуге, жоспар құруға және идея табуға көмектеседі. Бірақ ғалымдар бір маңызды сұрақ қойып отыр. Егер адам ойланудың бір бөлігін ЖИ-ге тапсыра берсе, оның өз миы әлсірей ме?
Бұған дейін де технология адамның когнитивтік қабілетіне әсер етіп келген. Мысалы, GPS адамдардың бағытты есте сақтау қабілетін әлсіретті. Іздеу жүйелері ақпаратты есте сақтауға деген қажеттілікті азайтты. Енді ЖИ шығармашылыққа, зейінге, есте сақтауға және сыни ойлауға ықпал етеді деген қауіп бар.
Джорджтаун университетінің профессоры Адам Грин бұл алаңдаушылық негізсіз емес деп санайды. Оның айтуынша, адам белгілі бір ойлау әрекетімен өзі айналыспаса, сол қабілет біртіндеп әлсіреуі мүмкін. Ол мұны спортзалмен салыстырады. Егер жаттығуда робот сіздің орныңызға зілтемір көтерсе, сіздің бұлшық етіңіз дамымайды. Сол сияқты, егер ЖИ сіздің орныңызға ойланса, ми да толық жаттықпайды.
Бұл жердегі маңызды ойдың бірі – ЖИ дайын өнімді тез береді, бірақ адамды сол өнімге жетелейтін ойлау процесінен айырады. Эссе жақсы көрінуі, презентация әсерлі болуы мүмкін. Бірақ адам өз бетімен іздену, қателесу, түзету, қайта ойлану тәжірибесін жоғалтады. Дәл осы процестер миды дамытады.
Соңғы зерттеулер ЖИ-ді жиі қолданатын адамдардың сыни ойлау тестерінде төмен нәтиже көрсететінін анықтаған. Себебі олар шешім қабылдауды технологияға тапсырып дағдыланған. Кейбір зерттеушілер бұны «когнитивтік капитуляция» деп атайды. Яғни, адам өз ойынан, өз қабілетінен гөрі машинаға көбірек сенеді.Дегенмен мәселе ЖИ-ді толық тастау керек дегенді білдірмейді. Техас университетінің профессоры Джаред Бенге кез келген технология сияқты, ЖИ де өздігінен жақсы немесе жаман емес екенін айтады. Ол – біздің қолымыздағы құрал ғана. Барлығы оны қалай қолданатынымызға байланысты.
Ең үлкен қауіп – ЖИ-ді ойлаудың орнына пайдалану. Ал ең дұрыс жол – оны өз ойыңды тексеретін, толықтыратын және дамытатын құрал ретінде қолдану. Адам алдымен өзі ойланып, өз нұсқасын жасауы тиіс. Кейін өз нәтижесін тексеруге ЖИ көмегіне жүгінуі керек.
Бірақ ЖИ-дің рөлін асыра бағалауға болмайды. ЖИ шын мәнінде жаңа идея ойлап таппайды. Ол сіз білмейтін, бірақ басқа адамдар бұрыннан болжаған идеяны сізге жаңалық сияқты ұсынады. Яғни, ЖИ ғылыми жаңалықты өзі ашпайды. Ол өзінің зор есептеуіш қуаты арқылы адамның берген тапсырмасына, болжамына сүйеніп, бір мәселенің ықтимал бірнеше нұсқасын жылдам есептеп ұсынады. Сондықтан ЖИ жаңалық ашқандай көрінеді. Бірақ дәл сондай қуатты құрал ғалымның бойында болса, ол бұл нәтижеге өзі де жетер еді. Қорыта айтқанда, ЖИ дәуіріндегі басты міндет – технологиядан қашу емес, адамның ойлау дербестігін сақтау.









