Президент қойған міндеттер аясында экономиканы әртараптандыруға басымдық берілді. Осы арқылы бүгінде Қазақстанның қара алтыннан түсетін табысқа тәуелділігі біраз еңсерілген көрінеді. Үкімет биылғы жылдың 9 айының қорытындысын шығарды. Одан шикізаттық емес салаларды дамыту нәтижесінде енді ел экономикасының өсімін өзге салалар қамтамасыз етіп отырғаны белгілі болды.
Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысы телекөпір арқылы құрылысына ақ жол ашқан Ақтоғай мыс балқыту зауыты – кеңес кезінен өзге елдердің шикізат қоймасы болып келген Қазақстанның жаңа замандағы түлеуі мен өнеркәсіптік қуатын паш ететін тағы бір символға айналмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы Ақтоғай кен орнында салынатын зауытты тұтас ел экономикасының өркендеуіне тың серпін беретін аса маңызды жобаның бірі деп атады. Сондай-ақ ол еліміздегі өңдеу өнеркәсібінің даму қарқынын «жақсы» деп бағалады.
Жаңа кәсіпорын жылына 300 мың катодты мыс шығарады. Бұл ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз етуге жетеді. Осы зауыт іске қосылған соң Қазақстан жоғары сапалы тазартылған мыс өндіретін жаһандық жетекші елдердің «ондығына» кіре алады. Мұның сыртында кәсіпорында алтын және күкірт қышқылы өндірілмек.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметіне сәйкес, тек бір жылда, 2025 жыл қорытындысында Қазақстанда жалпы сомасы шамамен 1,5 трлн теңгені құрайтын осындай 190 ірі индустриялық жоба пайдалануға беріліп, онда 22 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылған. Соңғы үш жылда еліміздің барлық аймағында 540 индустриялық жоба іске қосылды. Соның арқасында 50 мың тұрақты жұмыс орны пайда болды. Былтыр өңдеу саласындағы жалпы өнім көлемі 60 миллиард долларға жуықтады. Ал 2026 жылы жалпы сомасы 2 трлн теңгеге дейін жететін 200-дей жобаны іске асыру жоспарланған. Барлық жоба толық қуатына шыққан кезде өндіріс көлемі шамамен 2,3 трлн теңгеден асуға тиіс.
Экономиканың жаңа, жасампаз өрісі
Биылғы жылғы қаңтар-қазан аралығындағы ел дамуының қорытындыларына келсек, Қазақстан экономикасы құрылымдық жаңғыру жолында оң динамикасын сақтап отыр. Экономиканы әртараптандыру, шикізаттық емес салаларды дамыту және өндірістік әлеуетті арттыру бағытындағы үдерістер нақты нәтижелерін, салмақты жемісін бере бастады. 2026 жылдың 9 айында экономика 4,2%-ға өсті. Өсімнің негізгі қозғаушы күші, драйвері – шикізаттық емес сектор! Ол 5,4%-ға артқан.
Мұнайлық емес салаларда өрлеудің ең жоғарғы қарқынын келесі секторлар көрсетті: құрылыс – 11,5%, өңдеу өнеркәсібі – 8,6%, көлік –7,2%, сауда – 6,2%, ауыл шаруашылығы – 5,8%. Сөйтіп, кейінгі жылдары ел экономикасы тіректерінің құрылымы біртіндеп өзгерді: тиісінше, өсім де бұрынғыдай шикізатпен шектеліп қалмай, бірнеше секторға қатар сүйенеді. Осының нәтижесінде, 2026 жылдың тоғыз айында мұнай өндірісі 8,6%-ға құлдырағанына қарамастан, экономика оң динамикасын сақтай алды.
Президент айтқандай, экономиканың орнықтылығы оның қаншалықты мол ресурс өндіретінімен өлшенбейді. Ең маңыздысы – сол ресурстардың әлемдік нарықтағы бағасы құбылғанда немесе өндіріс көлемі кемігенде, елдің даму қарқынын сақтап қалуы. Осы тұрғыда Қазақстандағы экономикалық әртараптандырудың мәні терең. Ол – шикізатқа тәуелділікті азайту, сонымен бірге ұлттық экономиканың ішкі мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа өндірістерге, жаңа кәсіптерге және қосылған құны жоғары өнімдерге даңғыл жол ашу деген сөз.
Әртараптандыру – тұрақтылық тірегі
Қазақстан экономикасындағы құрылымдық бетбұрысты көрсететін басты өлшемнің бірі – мұнай секторының ЖІӨ-дегі үлесінің төмендеуі. 2010 жылы бұл көрсеткіш 16,5%-ды құраса, бүгінде ол 7,8%-ға дейін азайған. Әрине, мұнай-газ саласы ел экономикасының маңызды құрамдас бөлігі болып қала береді. Алайда ұлттық әл-ауқаттың ұзақмерзімді «тағдырын» бір ғана ресурсқа байламай, өзге салалардың да әлеуетін толық іске қосу – уақыт талабы.
Осы орайда күшейіп келе жатқан өңдеу өнеркәсібінің орны айрықша. 2026 жылдың бірінші жартысының қорытындысы бойынша бұл саланың Қазақстанның ЖІӨ-сіндегі үлесі 14%-дан асты: бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштің бірі. Яғни мұнай секторының үлесінен екі еседей көп. Бұл – экономиканың шикізатты өңдеуге, одан жүздеген түрлі дайын өнім шығаруға және өндірістік тізбектерді дамытуға бет бұрғанының маңызды нышаны.
Өңдеу өнеркәсібінің үлесі артқан сайын экономиканың ішкі мазмұны да өзгереді. Өйткені мұнда технология, инженерлік білім, жаңа еңбек дағдысы, ғылыми ізденіс пен кәсіпкерлік бастама тоғысады. Өндірістің дамуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, отандық өнімнің түр-түрін көбейтуге және ішкі нарықтың мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады. Сондықтан өңдеу өнеркәсібінің өсімін тек бір саланың жетістігі ретінде емес, ұлттық экономиканың сапалық жаңғыруын танытатын көрсеткіш ретінде бағалаған жөн.
Оң серпін өңдеу өнеркәсібінің ішкі салаларында да байқалады. 2026 жылдың басынан бері ең жоғары өсім дайын металл бұйымдарын өндіру саласында тіркелді (34,8%). Фармацевтика өнеркәсібі 30,9%-ға, автомобиль жасау 29,9%-ға өсті. Химия өнеркәсібіндегі өсім 23,4%-ды құраса, электр жабдықтарын өндіру көлемі 20,7%-ға артты. Резеңке және пластмасса бұйымдарын шығару 18,1%-ға, азық-түлік өнімдерін өндіру 13,8%-ға артты.
Бұл сандардың әрқайсысы өндірістің белгілі бір бағытындағы және айналып келгенде, бүкіл Қазақстандағы ілгерілеудің көрінісі. Дайын металл бұйымдары өндірісінің өсуі өңдеуші сектордың мүмкіндіктерін кеңейтсе, фармацевтика өнеркәсібіндегі алға озу – халық денсаулығын сақтауды өрістетуге сеп. Қара алтынды немесе басқа шикізаттарды шетелге шығаруға қатысы жоқ өзге салалардың өрлеуі Қазақстанның халықтың күнделікті сұранысынан бастап, күрделі өндірістік қажеттіліктерге дейін өзгеге тіленбей, өз өнімдерімен өтеу қабілеті мен қуатының өскенін білдіреді.
Қазақстан экономикасының мұнайдан тыс өсім қайнарлары біртіндеп артып келеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, шикізаттық емес сектордың ЖІӨ-дегі қосылған құнының үлесі рекордтық 77,7%-ға жеткен. Бұл ұлттық экономиканың қалыптасуында мұнай-газ өндірісіне тікелей қатысы жоқ салалардың рөлі күрт күшейгенін көрсетеді.
Алайда осы үрдістің тұрақтылығы жоғары қосылған құны бар өндірістерді тоқтаусыз дамытуға, еңбек өнімділігін үздіксіз арттыруға, дайын өнім экспортын әрі қарай кеңейтуге және шағын, орта бизнестің бәсекеге қабілетін үдемелі нығайтуға тікелей байланысты болмақ. Мұнайдан тыс кірістердің өсуі бюджет тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, мемлекеттік қаржының мұнай нарығындағы ахуалға тәуелділігін азайтып, ұзақмерзімді экономикалық өсімнің берік негізін қалыптастырады.
Сондықтан экономиканың жаңа ұстынына айналған салалардың өсім қарқыны ғана емес, қол жеткен нәтижені ұзақ мерзімге орнықтыру да маңызды. Ол үшін инвестициялар нақты сектордағы өндірістік қуаттарды арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті өнім шығаруға бағытталуы қажет.
Экономикалық өркендеудің мәні – бүгінгі мүмкіндікті ертеңгі зор әлеуетке айналдырып, ағымдағы жетістікті ұзақмерзімді дамудың іргетасына айналдыру. Мемлекет басшысының экономиканы жаңғырту бойынша қойған стратегиялық міндетінің ең басты межесі де осы.
Айхан ШӘРІП








