Қазақстанда автонесиеге сұраныс төмендей бастады. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы талдау орталығының мәліметінше, биылғы бірінші тоқсанда банктерге автокредит рәсімдеуге қатысты 1,2 миллион өтінім түскен, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға аз. Ал берілген автонесиелер көлемі 397,7 миллиард теңгені құрап, 17,7 пайызға қысқарған.
Мамандар бұл жағдайды нарықтағы өзгерістермен байланыстырады. Соңғы уақытта банктер қарыз алушыларға қойылатын талаптарды күшейтіп, өтінімдерді мұқият қарай бастады. Соның салдарынан мақұлданатын несиелер саны азайған.
Бұған қоса, жоғары пайыздық мөлшерлемелер мен көлік бағасының қымбаттауы да сұранысқа әсер етуде. Сарапшылардың пікірінше, бұл қысқамерзімді құбылыс емес және нарық біраз уақыт осы қарқында сақталуы мүмкін. Соған қарамастан автонесие қазақстандықтар арасында көлік сатып алудың ең танымал тәсілі болып қала береді. Қолма-қол ақшаға көлік алу көбіне ескі автокөліктер нарығында кездессе, лизинг жеке тұлғалар арасында әлі де кең тарала қойған жоқ. Әсіресе, қытайлық және кореялық брендтердің бірқатар модельдері арзандаған. Бұл жағдай автонесиеге деген сұраныстың өзгеруіне де ықпал етуі мүмкін.
Сарапшылар алдағы уақытта банктер мен автодилерлердің бірлескен бағдарламалары көбейетінін болжайды. Сондай-ақ қытайлық көліктерге арналған несие өнімдері артып, бұрын қолданыста болған көліктерді несиелеу сегменті де белсенді дами түсуі ықтимал.










