Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарында өткен жылы 18,4 миллион тонна мұнай өңделді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Министрдің айтуынша, өткен жыл мұнай-газ саласы үшін рекордтық көрсеткіштермен ерекшеленді.
– Әрбір тонна мұнай мен әрбір текше метр газдың артында үлкен еңбек, жауапкершілік пен жоғары кәсібилік тұр. Күн сайын сіздер кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып келесіздер, – деді Ерлан Ақкенженов.
Оның сөзінше, Қазақстан мұнай өндірумен қатар мұнай-газ химиясы мен газ саласын да дамытып келеді. Осы бағытта жаңа өндірістер іске қосылып, жұмыс орындары ашылып жатыр.
Бүгінде еліміздегі газдандыру деңгейі 64 пайыздан асты. Табиғи газбен 13 миллионнан астам тұрғын қамтылған.
Ерлан Ақкенженов алдағы негізгі міндеттердің бірі халықты газбен қамту аясын одан әрі кеңейту екенін атап өтті.
Сондай-ақ министр мұнай-газ саласының ардагерлері мен кен орындары және зауыттарда еңбек етіп жүрген мамандарға алғыс айтып, кәсіби мерекемен құттықтады.









