Сарапшылардың сөзінше, заңнамада қарастырылған бұл қаржы құралы өмір бойы тұрақты төлем алуға мүмкіндік бергенімен, оның қатерлері мен құқықтық салдарын да ескеру қажет.
2026 жылдың алғашқы алты айында БЖЗҚ-дан сақтандыру ұйымдарына 292,8 млрд теңге аударылған. Экономист Бауыржан Ысқақов бұл көрсеткіш үрдістің ауқымы аз емес екенін көрсететінін айтады. Дегенмен қаражаттың сақтандыру секторына ауысуын БЖЗҚ тұрақтылығына тікелей төнген қауіп ретінде бағалау дұрыс емес.
«Егер азаматтар қаражатын БЖЗҚ-дан сақтандыру секторына жаппай аудара бастаса, ұзақмерзімді перспективада бұл зейнетақы жүйесінің архитектурасына әсер етуі мүмкін», – дейді ол.
БЖЗҚ активтері ел экономикасы үшін ұзақмерзімді инвестициялық ресурс саналады. Сондықтан жинақтардың едәуір бөлігінің бір сектордан екіншісіне ауысуы қаржы нарығындағы активтердің қайта бөлінуіне алып келеді. Сарапшының пікірінше, бұл жерде қордың қазіргі тұрақтылығынан бұрын, бүкіл жүйедегі тепе-теңдікке назар аудару керек.
«Мұны БЖЗҚ тұрақтылығына тікелей қауіп деп бағалау дұрыс емес. Негізгі мәселе – жүйеде дұрыс теңгерімнің сақталуы және азаматтардың таңдауын экономикалық тұрғыдан саналы жасауы», – деп сөзін жалғады экономист.
Өмір бойғы төлемге кім кепілдік береді?
Зейнетақы аннуитетін сатып алған азамат ақшасын депозитке салмайды. Ол сақтандыру компаниясымен ұзақмерзімді шарт жасайды. Жинақ сақтандыру компаниясына берілгеннен кейін компания шарт талаптарына сәйкес азаматқа өмір бойы төлем жасау міндеттемесін қабылдайды.
Сақтандыру нарығында төлемдерге кепілдік беру жүйесі жұмыс істейді, ал компаниялардың қызметі мемлекет тарапынан реттеліп, қадағаланады. Заңнамада сақтандыру ұйымы таратылған жағдайда төлемдерді жүзеге асыруға кепілдік беретін тетіктер де қарастырылған. Алайда бұл азаматтардың барлық тәуекелін мемлекет шексіз өтейді дегенді білдірмейді.
«Азаматтар өмір бойғы төлемге мемлекет толық әрі шексіз кепілдік береді деп түсінбеуі керек», – дейді Бауыржан Ысқақов.
Сондықтан аннуитет рәсімдемес бұрын сақтандыру компаниясының қаржылық тұрақтылығын, шарт талаптарын, кепілдік кезеңін, төлемдерді индекстеу тәртібін және басқа да міндеттемелерін мұқият зерделеу қажет.
Мұрагерлік мәселесі де шешім қабылдауда маңызды рөл атқарады. БЖЗҚ-дағы жинақ заңда белгіленген тәртіппен мұрагерлерге берілуі мүмкін. Ал зейнетақы аннуитеті сатып алынған кезде аударылған қаражатқа меншік құқығы сақтандыру компаниясына өтеді. Одан кейінгі төлемдер мен мұрагерлердің құқықтары жасалған шарттың талаптарына байланысты болады.
«Адам тек «ай сайын қанша ақша аламын?» деген сұраққа емес, «қайтыс болған жағдайда жинағымның тағдыры қандай болады?» деген сұраққа да жауап іздеуі керек», – деген пікірін айтты экономист.
Азаматтардың аннуитетке ауысуына не себеп?
Сарапшы азаматтардың мұндай шешім қабылдауына әсер ететін негізгі себептердің бірі ретінде ұзақ өмір сүру тәуекелін атады. БЖЗҚ-дан берілетін төлем жинақ көлеміне байланысты болғандықтан, кейбір азаматтар қаражатының болашақта таусылып қалуынан қауіптенеді. Аннуитеттің басты ерекшелігі – сақтандыру компаниясына аударылған жинақ есептік тұрғыдан аяқталған күннің өзінде, шарт бойынша төлем адамның өмірінің соңына дейін жалғасады.
«Азаматтардың арасында «жинағым таусылып қалса, не болады?» деген алаңдаушылық бар. Аннуитеттің басты артықшылығы – жинақ белгілі бір уақытта аяқталған күннің өзінде, шарт бойынша төлем өмір бойы жалғасады», – деп түсіндіреді маман.
Екінші себеп – тұрақты әрі алдын ала болжанатын табысқа деген сұраныс. БЖЗҚ-дағы төлем мөлшері жинақ көлемі мен инвестициялық кіріске байланысты болса, аннуитет шартта көрсетілген талаптарға сәйкес тұрақты өмірлік төлем ұсынады.
Үшінші фактор – халықтың қаржылық сауаттылығының артуы. Азаматтар зейнетақыны қордағы ақша ретінде ғана емес, өмір бойғы қаржылық жоспардың бір бөлігі ретінде қарастыра бастаған.
Дегенмен сарапшы зейнетақы аннуитетін барлық адамға бірдей тиімді немесе тиімсіз шешім деп бағалауға болмайтынын ескертеді.
«Бұл – адамның жасына, жинақ көлеміне, денсаулығына, отбасы жағдайына және болашақта тұрақты табысқа деген қажеттілігіне байланысты қабылданатын жеке қаржылық шешім. Ең бастысы, азаматқа таңдау құқығын беріп қана қоймай, сол таңдаудың барлық салдарын түсіндіру керек. Өйткені зейнетақы жинағы – адамның ондаған жыл бойы қалыптастырған капиталы», – деп түйіндеді сөзін Бауыржан Ысқақов.
Зейнетақы аннуитетін таңдау кезінде оның жалпы артықшылықтары мен тәуекелдерінен бөлек, нақты талаптары мен төлем мөлшерін де есептеу қажет. Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер, экономика ғылымдарының кандидаты Айгерім Ілиясованың айтуынша, бұл өнімге сұраныстың артуына 2026 жылғы маусымда зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шектерінің айтарлықтай көтерілуі әсер еткен.
Қазір өмірді сақтандыру компаниялары зейнетақы аннуитетін жоғары жеткіліктілік шегін айналып өтіп, жинақтың артық бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалану тәсілі ретінде белсенді ұсынып жүр. Әлеуметтік желілерде де мұндай жарнамалар көбейген.
Алайда сарапшы аннуитеттің соңғы айларда ғана жаппай талқылана бастағанына назар аударады. БЖЗҚ мәліметінше, 2024 және 2025 жылдары жыл сайын шамамен 60 мың салымшы жинағын сақтандыру ұйымдарына аударған. Бұл барлық жеке зейнетақы шоттарының 0,5 пайызынан да аз.
«Бұрын зейнетақы аннуитеті аса танымал болған жоқ. Ал 2026 жылдың маусымы мен шілдесінде өмірді сақтандыру компаниялары бұрын-соңды болмаған клиенттер ағынын тіркеді. Оның тартымдылығы неде деген сұраққа бірмәнді жауап жоқ, өйткені зейнетақы аннуитеті барлық адамға және барлық жағдайда бірдей қолайлы емес», – дейді Айгерім Ілиясова.
Аннуитетті кімдер рәсімдей алады?
Зейнетақы аннуитетін сатып алу үшін адамның БЖЗҚ-дағы жинағы белгіленген мөлшерден кем болмауы керек. Сарапшы ұсынған есеп бойынша, бұл шек ерлер үшін шамамен 10 млн теңге, әйелдер үшін 13,2 млн теңге. Ал жұмыс беруші кемінде бес жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударған зиянды өндіріс қызметкерлері үшін шамамен 7,8 млн теңге қажет.
Бірден төлем жасалатын аннуитетті рәсімдеуде жасқа байланысты талап та бар. Ерлер төлемді 55 жастан, әйелдер 53 жастан, ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген азаматтар 50 жастан бастап ала алады.
Жинағы жеткілікті азамат кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитетін ертерек рәсімдей алады. Мұндай мүмкіндік жалпы тәртіппен 45 жастан, міндетті кәсіптік жарналары бар адамдар үшін 40 жастан беріледі. Бірақ шарт ерте жасалғанымен, төлем бірден басталмайды.
«Кейінге қалдырылған аннуитетті 45 жастан рәсімдеуге болады. Алайда төлемдер ерлерге 55 жастан, әйелдерге 53 жастан, ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген азаматтарға 50 жастан бастап қана жүргізіледі», – деп түсіндірді сарапшы.
Өмір бойғы төлемнің мөлшері қандай?
Аннуитет жарнамасындағы «өмір бойғы төлем» түсінігі тартымды естілгенімен, азамат оның нақты мөлшеріне назар аударуы керек. Мысалы, сақтандыру компаниясына 10 млн теңге аударған адамның бастапқы айлық төлемі шамамен 35 мың теңгені құрауы мүмкін. Бұл сома жыл сайын 8 пайызға индекстеледі. Бірақ бастапқы төлем аз болғандықтан, оның алғашқы жылдардағы өсімі де айтарлықтай болмайды.
«Иә, төлемдер өмір бойына белгіленеді, бірақ олардың мөлшері өте аз. 10 млн теңге аударылған жағдайда ай сайынғы төлем шамамен 35 мың теңгені құрайды. Оның жыл сайынғы өсімі 3 мың теңгеден де аз болады. Мұндай қаражатпен өмір сүру мүмкін емес», – дейді қаржыгер.
Демек, аннуитетті зейнет жасындағы жалғыз табыс көзі ретінде қарастыру қауіпті. Оның тиімділігі адамның басқа зейнетақы төлемдері мен қосымша кіріс көздерінің бар-жоғына тікелей байланысты.
Айгерім Ілиясова аннуитет сатып алудағы ең маңызды талаптың бірі – қабылданған шешімнің қайтарылмайтынын түсіну екенін атап өтті. Сақтандыру компаниясына аударылған қаражатты кейін БЖЗҚ-ға қайтару мүмкін емес. Екі жылдан кейін басқа сақтандыру компаниясымен жаңа шарт жасауға болады, бірақ бұл жинақты қайтадан БЖЗҚ жүйесіне өткізуді білдірмейді. Сондықтан азамат есептеуді тек сақтандыру агентінен емес, БЖЗҚ менеджерінен де алып, екі нұсқаны салыстыруы қажет.
«Егер адамның жинағы 10 млн теңге ғана болса, болашақта ол мемлекеттік базалық зейнет-ақы мен сақтандыру компаниясынан шамамен 35 мың теңге алуы мүмкін. Ал жинағы көбірек болып, 55 жастан кейін жұмысын жалғастырса, зейнетке шыққанда бірнеше төлем көзін қатар пайдалана алады», – дейді Айгерім Ілиясова.
Мұндай жағдайда азамат мемлекеттік базалық және ынтымақты зейнетақыны, кейінгі жарналары есебінен БЖЗҚ төлемін және аннуитет бойынша төлемді қатар алуы ықтимал. Сондықтан барлығына жарайтын әмбебап шешім жоқ. Таңдау жинақ көлеміне, жасқа, денсаулық жағдайына, жұмыс істеу жоспарына және болашақ кіріс көздеріне сүйеніп жасалуға тиіс.
Кәмила ДҮЙСЕН









