Алайда мемлекет бөлген қаражаттың өзі экономикалық өсімге кепіл бола алмайды. Оның нәтижесі несие алған компаниялар санымен емес, ашылған өндіріс, құрылған жұмыс орны және нарыққа шыққан өнім көлемімен өлшенуге тиіс.
Атап айтқанда, елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыруға арналған «Өрлеу» бағдарламасының жаңа кезеңі басталмақ. Оның аясында бизнеске 55,6 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген қаражат ұсынылады. Бір кәсіпкерге берілетін несие 7 млрд теңгеге дейін жетіп, қаржыландыру мерзімі 10 жылға дейін белгіленген. Жылдық мөлшерлеме 12,6%-дан аспауға тиіс.
Бағдарлама кәсіпорындардың инвестициялық бастамаларын жүзеге асыруға, сондай-ақ осыған дейін алынған инвестициялық несиелерін қайта қаржыландыруға мүмкіндік береді. Базалық мөлшерлеме жоғары, ал коммерциялық банктердің қарызы көптеген кәсіпкер үшін қымбат болып тұрған кезде мұндай шарттар бизнестің қызығушылығын тудыратыны анық. Әсіресе ұзақмерзімді несие өндіріс ашуға немесе кәсіпорынды технологиялық тұрғыдан жаңартуға ниетті компаниялар үшін маңызды.
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тілеуленова он жылдық мерзімді бағдарламаның негізгі артықшылықтарының бірі деп есептейді. Өндірістік жобаға салынған инвестиция бірден табыс әкелмейді. Жабдықты орнату, өнім шығаруды жолға қою және өткізу нарығын қалыптастыру үшін уақыт керек. Қысқамерзімді әрі қымбат несие мұндай жобалардың қаржылық жүктемесін күшейтсе, ұзақ мерзімге берілген қаражат төлемдерді жоспарлауға қолайлы жағдай жасайды.
Кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді тетігі
Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – қазақстандық кәсіпорындар шығарған техника мен жабдықты сатып алуға басымдық берілуі. Бұл талап дұрыс іске асса, бюджеттен бөлінген қаражат тек несие алған компанияға ғана емес, отандық өндірістің басқа қатысушыларына да әсер етуі ықтимал.
«Мұндай жағдайда мемлекеттік қолдау бірден екі бағытта жұмыс істейді: бір жағынан, кәсіпкер арзанырақ қаржыландыруға қол жеткізеді, екінші жағынан – қазақстандық өндірушілердің өніміне сұраныс қалыптасады. Оның әсері өндірістік тізбек бойынша одан әрі таралуы мүмкін: жабдық өндірушілерден бастап шикізат жеткізушілеріне, логистикалық және сервистік компанияларға дейін», – деп түсіндіреді қаржыгер.
Дегенмен 55,6 млрд теңгенің бөлінуінің өзі экономикалық нәтиженің кепілі емес. Қаржы бұрыннан жұмыс істеп тұрған бірнеше ірі кәсіпорынға шоғырлана ма, әлде жаңа өндірістердің пайда болуына жол аша ма – түпкілікті тиімділік осыған байланысты. Сондықтан бағдарламаның қорытындысын берілген несиелер саны немесе игерілген қаражат үлесі арқылы ғана бағалау жаңсақ болар еді.
«Мен 55,6 млрд теңгені бүкіл Қазақстан экономикасы үшін ауқымды ынталандыру шарасы ретінде қарастырмас едім. Бұл – нақты бағытталған қолдау шарасы. Оның тиімділігі бөлінген қаражат көлеміне емес, ең алдымен сол ақшаның нақты қайда бағытталатынына байланысты болады», – дейді ол.
Мемлекеттік қолдаудың ұзақмерзімді салдары да назардан тыс қалмауы керек. Егер кәсіпорынның даму жоспары жеңілдетілген несиеге тұрақты түрде байланса, оның нарық талаптарына бейімделуі баяулауы мүмкін. Компания шығынды азайтуға, басқару сапасын жақсартуға немесе жеке инвестиция тартуға күш салудың орнына, кезекті арзан қаржы көзін күтетін жағдайға түседі.
«Мемлекеттік жеңілдіктер – бизнестің дамуын әрдайым автоматты түрде ынталандыра бермейді. Кәсіпкер жылдар бойы нарықтық мөлшерлемеден едәуір төмен мөлшерлемемен қаржы алып отырса, оның өнімділікті арттыруға, шығындарды оңтайландыруға және қаржыландырудың өзге көздерін іздеуге деген ынтасы төмендеуі мүмкін. Субсидияларға тәуелділік әсері пайда болады: бизнес тұтынушы мен тиімділік үшін емес, жеңілдетілген ресурсқа қол жеткізу үшін көбірек бәсекелесе бастайды», – деп түсіндіреді сарапшы.
Бұл тәуекелді төмендету үшін жеңіл несие берумен қатар, нарықтық қаржыландыруды қолжетімді ету мәселесі де шешілуге тиіс. Әйтпесе, кәсіпорындар ауқымды жобаларды өз қаржылық мүмкіндігіне сүйеніп емес, тек мемлекеттік бағдарлама ашылған кезде ғана қолға алуы ықтимал.
«Егер жеңілдетілген қаржыландыру жаңа өндірістер құруға, қуаттарды кеңейтуге, импортты алмастыруға немесе экспортты ұлғайтуға мүмкіндік берсе, оның экономикалық әсері қаражаттың едәуір бөлігі бұрыннан бар міндеттемелерді қайта қаржыландыруға жұмсалған жағдайға қарағанда әлдеқайда жоғары болады», – деп қорытындылады Саида Тілеуленова.
Қаржының қайтарымы қандай?
Саида Тілеуленова айтқандай, жеңілдетілген қаржыландырудың нәтижесін бөлінген немесе игерілген қаражат көлемімен ғана бағалау жеткіліксіз. Оның тиімділігін анықтау үшін бизнестің қарызды өтеу қабілетіне және несие қаражатының кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығына қалай әсер еткеніне назар аудару қажет. Қазіргі статистика бұл мәселеде сақ болуға негіз бар екенін көрсетеді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, 2026 жылғы 1 шілдеде шағын және орта бизнеске берілген несиелер көлемі жыл басынан бері 9,6%-ға өсіп, 12,17 трлн теңгеге жеткен. Бұл банктердің жалпы несие портфелінің 27,2%-ын құрайды. Яғни, кәсіпкерлердің қарыз қаражатына қолжетімділігі кеңейіп келеді. Алайда несие көлемінің артуымен бірге төлем мерзімін өткізіп алу жағдайлары да көбейген.
Мәселен, төлемі 1-30 күнге кешіктірілген бизнес қарыздары алты айда 157,7%-ға ұлғайып, 286 млрд теңгені құрады. 31-60 күн аралығындағы мерзімі өткен берешек 65,7 млрд теңгеге, ал 61-90 күндік қарыз 52,9 млрд теңгеге жеткен.
Төлемі 90 күннен астам уақытқа кешіктірілген несиелер көлемі жыл басынан бері 40,1%-ға өсіп, 473,5 млрд теңгені құрады. Олардың шағын және орта бизнестің несие портфеліндегі үлесі 3%-дан 3,9%-ға дейін артқан.
Бұл көрсеткіштер қаржыландыру көлемінің өсуі бизнестің жағдайы автоматты түрде жақсарды дегенді білдірмейтінін аңғартады. Сондықтан «Өрлеу» бағдарламасына бөлінген 55,6 млрд теңгенің нәтижесі жаңа несиелер санымен емес, сол қаржының өндірісті кеңейтуге, табысты арттыруға және кәсіпкерлердің қарыз жүктемесін төмендетуге ықпалымен өлшенуге тиіс. Әйтпесе, жаңа қолдау тетігі сарапшы ескерткен субсидияға тәуелділікті азайтудың орнына, кәсіпкерлердің қарызын уақытша қайта құрылымдайтын кезекті құрал болып қалуы мүмкін.
Кәмила ДҮЙСЕН









