Соның ішінде әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасы, бюджет қызметкерлері, тағы басқа тұрғын үй кезегінде тұрған түрлі санаттағы азаматтарды қолдаудың бір тетігі бар. Ол – мемлекет тарапынан баспаналы болуға берілетін әлеуметтік сертификат. Сырт көзге бұл сертификат жарнаны жеңілдетіп, мақсатқа жақындататын нақты көмек сияқты. Ал іс жүзінде оны алудың да өзіндік қиындығы бар.
2026 жылғы мәліметке сәйкес, тұрғын үй сертификатының сомасын әр өңір өзі белгілейді. Мәселен, Алматы мен Астанада оның көлемі 1,5 миллион теңгеге дейін жетсе, Шымкентте 1 миллион теңгеге дейін беріледі. Басқа облыстарда сертификат көлемі 500 мыңнан бастап 1 миллион теңгеге дейінгі аралықта. Сондай-ақ сертификат саны да шексіз емес. Оның нақты мөлшері, бір жылда қанша адамға берілетіні және өтінім қабылдау мерзімі жергілікті деңгейде бекітіледі. Демек, азаматтың барлық талапқа сай келуі оның сертификатты міндетті түрде алатынын білдірмейді. Өйткені бұл көмек жергілікті бюджетте осы мақсатқа қарастырылған қаражат көлемінде ғана беріледі.
Бәрі сырттай көрінгендей оңай емес. Біріншіден, 1,5 миллион теңгені кез келген азамат ала алмайды. Екіншіден, жоғарыда айтқанымыздай, бұл сома Қазақстанның барлық өңірінде бірдей емес. Үшіншіден, сертификатқа үміткер азамат алдымен банктен ипотека алуға қауқарлы екенін дәлелдеуі керек. Ал қайтарымсыз сертификат алу үшін, керісінше, оның табысы белгіленген шектен аспауы қажет. Осы арадан бір қызық қайшылық шығады. Мемлекеттен көмек алу үшін табысың төмен болуы керек, ал банктен ипотека алу үшін табысың жеткілікті болуы қажет.
Бұрынғы қаржы – сол қаржы
Алматыда сонау 2022 жылы тұрғын үй сертификатының ең жоғары шегі 1,5 миллион теңгеге көтерілген болатын. Оған дейін қалада 1 миллион теңгелік сертификат берілген. Содан бері төрт жыл өтті. Ал тұрғын үй бағасы төрт жыл бұрынғы деңгейде қалған жоқ. Qazaq Expert Club-тың құрылыс саласындағы сарапшысы Диляра Сейітнұрованың пікірінше, сертификат жүйесіндегі негізгі проблемалардың бірі дәл осы жерде.
Сертификат алуға қойылатын табыс шегі ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланыстырылған. Күнкөріс деңгейі өзгерген сайын табыс шегі де өзгереді. Ал сертификаттың ең жоғары көлемі автоматты түрде индекстелмей отыр. Яғни бір жүйенің ішінде азаматтың табысына қойылатын талап экономикалық жағдайға қарай өзгеріп отырады да, оған берілетін көмектің сомасы бұрынғы күйінде қала береді.
Сарапшының есебінше, кейінгі бірнеше жылдағы инфляцияны ескергенде 2022 жылғы 1,5 миллион теңгенің сатып алу қабілетін сақтау үшін сертификат көлемі бүгінде шамамен 2,3-2,5 миллион теңге болуы керек еді. Бірақ мәселені инфляциядан да анық көрсететін көрсеткіш бар. Ол – баспананың өзінің бағасы. Диляра Сейітнұрованың келтірген дерегіне сүйенсек, 2026 жылғы маусымда Алматыдағы жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрі орта есеппен 725 995 теңге болған. Сонда 1,5 миллион теңгелік сертификат Алматыдағы жаңа пәтердің небәрі екі шаршы метрінің бағасына жуық. Мәселен, құны 25 миллион теңге болатын қарапайым пәтерді алайық. Егер ипотеканың бастапқы жарнасы 20 пайыз болса, сатып алушы 5 миллион теңге төлеуге тиіс. Мемлекеттен ең жоғары 1,5 миллион теңгелік сертификат алған күннің өзінде оның қалтасынан тағы 3,5 миллион теңге шығуы керек. Демек, сертификат алғашқы жарнаның 30 пайызын ғана өтейді.
Сонда сертификаттың атауы да, сомасы да өзгерген жоқ. Бірақ оның баспана алудағы салмағы жыл өткен сайын кеміп барады. Сарапшы осы себепті «сертификат тиімсіз болып қалды» деуден гөрі оның атқаратын қызметі өзгерді деген пікір айтады. Бұрын ол бастапқы жарнаға жетпей тұрған негізгі мәселені шешетін елеулі көмек болса, қазір көбіне азаматтың бірнеше жыл жинайтын ақшасының белгілі бір бөлігін ғана қысқартатын қосымша қаржыға айналды.
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тлеуленова да осы пікірді қуаттайды. Оның айтуынша, мемлекет қағаз жүзінде бұрынғыдай 1,5 миллион теңге бергенімен, тұрғын үй бағасы мен өзге шығындардың өсуіне байланысты бұл соманың нақты сатып алу қабілеті төмендей береді. Сондықтан сертификат мөлшерін жылжымайтын мүлік құнына немесе ипотека бойынша қажетті бастапқы жарнаның белгілі бір үлесіне байланыстыру орынды болар еді. «Сертификат мөлшерін тек инфляция деңгейіне қарай автоматты түрде индекстеу қажет деп айтпас едім. Неғұрлым дұрыс тәсіл – оның мөлшерін тұрғын үй құнына немесе ипотека бойынша ең төменгі бастапқы жарна көлеміне байланыстыру. Мысалы, сертификат мөлшерін сатып алынатын тұрғын үй құнының белгілі бір үлесі ретінде белгілеп, оған максималды шек қоюға болады. Сонда әлеуметтік қолдау нарықтағы жағдайға бейімделіп отырады, ал мемлекет бюджет шығындарын бақылау мүмкіндігін сақтайды.
Сертификаттың қайтарымсыз көмек болуы оның мөлшерін қайта қараудың қажеті жоқ дегенді білдірмейді. Керісінше, егер мемлекеттің мақсаты әлеуметтік осал азаматтарға тұрғын үй сатып алуға нақты көмектесу болса, бұл көмектің іс жүзінде бастапқы жарнаның қандай бөлігін жабатынын мерзімді түрде бағалап отыру қажет. Егер бұл үлес үнемі төмендей берсе, бағдарламаның тиімділігі де азаяды», – дейді қаржыгер.
«Әлеуметтік тұзақ»
Сертификаттың көлемінен де күрделі мәселе бар. Ол – қайтарымсыз көмекті алуға қойылатын табыс талабы. Мәселен, 2026 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі – 50 581 теңге. Ал қайтарымсыз тұрғын үй сертификатын алу үшін отбасының соңғы алты айдағы орташа табысы әр адамға шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен, яғни 157 638 теңгеден аспауы керек. Мәселен, төрт адамнан тұратын отбасының жиынтық орташа айлық табысы 630 552 теңгеден аспаса, ол қайтарымсыз әлеуметтік көмекке үміткер бола алады. Осы жерге дейін бәрі түсінікті. Бірақ сертификатқа өтініш беру үшін азаматтың қолында банктің ипотекалық қарызды мақұлдағаны туралы хаты болуы керек. Онда берілетін қарыз сомасы мен ай сайынғы төлем мөлшері де көрсетіледі. Яғни мемлекеттік көмекке өтініш бермей тұрып, алдымен банкке өзінің ипотеканы төлей алатынын дәлелдеуі қажет. Міне, мәселенің ең қызық тұсы осы. «Табысыңыз жоғары болмаса, сізге қайтарымсыз көмек береміз», – дейді мемлекет. «Табысыңыз жеткілікті болмаса, ипотека бермейміз», – дейді банк. Ал баспанаға мұқтаж азамат осы екі талаптың ортасында тұр.
Қаржыгер Саида Тлеуленова осы жағдайды «әлеуметтік тұзақ» деп сипаттайды. Оның мәні қарапайым: отбасының табысы неғұрлым төмен болса, әлеуметтік көмек алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары. Бірақ табыс төмендеген сайын банктің ипотека беру мүмкіндігі де азаяды. Сонда әлеуметтік жағынан ең осал азамат сертификат алуға бірінші кезекте лайық болғанымен, оны баспанаға айналдыратын ипотекаға келгенде әлсіз үміткерге айналады.
Мұның себебін Диляра Сейітнұрова екі жүйенің екі түрлі өлшем қолдануымен түсіндіреді. Сертификат жүйесі жан басына шаққандағы табысты есептейді. Банк отбасының жалпы табысы мен ай сайынғы қарыз төлемінің арақатынасын қарайды. Біріншісінде отбасы мүшелерінің саны артқан сайын рұқсат етілетін жиынтық табыс та көбейеді. Екіншісінде басты мәселе – ай сайын ипотеканы өтеуге ақша қала ма, жоқ па? Осы екі талап бір-бірімен толық үйлестірілмеген. Оған тұрғын үй бағасының өсуін қосыңыз. Пәтер қымбаттаған сайын ипотека көлемі көбейеді. Ипотека көбейген сайын ай сайынғы төлем өседі. Төлем өскен сайын банк талап ететін табыс та жоғарылайды. Ал сертификат ше? Ол – баяғы 1,5 миллион.
Дегенмен сертификат көлемін екі немесе үш миллион теңгеге көтере салу да оңай шешім емес. Оның екінші жағында жергілікті бюджет тұр. Құрылыс саласындағы сарапшы Диляра Сейітнұрованың айтуынша, бұл жерде мемлекет алдында екі таңдау бар: көп адамға аз көлемде көмек беру немесе аз адамға баспана алуға шын мәнінде әсер ететін көлемде қолдау көрсету.
«Сертификаттар жергілікті бюджетте көзделген қаражат шегінде беріледі. Астанада 2026 жылға 650 миллион теңге бөлініп, 433 сертификат жоспарланған. Соманы екі есе өсірсеңіз, алушылар саны екі есе азаяды. Нақты таңдау «көп адамға аз көмек» пен «аз адамға нақты көмек» арасында тұр. Менің пікірімше, оны қозғалмайтын санның артына жасырудың орнына, бұл таңдауды ашық талқылау керек», – дейді ол.
Қаржыгер Саида Тлеуленова бұдан сәл өзгеше жол ұсынады. Оның пікірінше, отбасылардың жағдайы бірдей емес. Сондықтан бәріне бірдей 1,5 миллион теңге ұсынудың орнына ең осал отбасыларға көбірек қайтарымсыз көмек беріп, табысы жоғарылау азаматтарға жеңілдетілген қаржыландыру тетіктерін қарастыруға болады.
Тұрғын үй сертификатын алу тәртібінің өзінде тағы бір тәуекел бар. Азамат, ең алдымен, ипотека бойынша алдын ала мақұлдау алуы керек. Содан кейін өз өңірінде сертификатқа өтінім қабылдау басталғанын күтеді. Одан соң ғана әкімдік немесе тиісті электронды сервис арқылы өтініш береді. Осылайша, азамат пәтер алу жоспарын әлі қолына тимеген 1,5 миллион теңгеге сүйеніп жасайды.
Ал сертификаттар жергілікті бюджетте қарастырылған қаржы шегінде беріледі. Бұл мәселені Диляра Сейітнұрова да көтереді. Отбасы алдымен банк мақұлдауынан өтіп, бүкіл қаржылық жоспарын жасайды, бірақ сертификат берілетін сәтте бюджет қаражатының жетпеу қаупі бар. Сонда сертификат алуға қойылатын барлық талаптан өту оны міндетті түрде алу деген сөз емес. Бұл, әсіресе алғашқы жарнасын дәл сол 1,5 миллион теңгеге есептеп отырған отбасы үшін маңызды.
Құрылыс саласындағы сарапшының айтуынша, бүгінде әр қалада қанша сертификат берілгені және қанша адамның қаражат жетпегендіктен көмек ала алмағаны жөніндегі толық әрі жүйелі ашық мәлімет жетіспейді. Өйткені тұрғын үй сертификатының мақсаты азаматқа 1,5 мил-лион теңге беру емес. Мақсаты – сол 1,5 миллион арқылы азаматты баспаналы ету. Егер әлеуметтік көмек алуға табысы жететін адамның ипотека алуға табысы жетпесе; ипотека алуға табысы жеткен азамат қайтарымсыз көмек шегінен шығып кетсе; сертификат алған адамның қолындағы ақша қымбаттаған пәтердің алғашқы жарнасының аз ғана бөлігін жапса – онда мәселені сертификаттың көлемінен ғана емес, бүкіл механизмнен іздеген жөн.
А. СЕЙІЛ









