Қазақстанның ұлттық музыкасы Болгариядағы халықаралық фольклор фестивалінде жоғары бағаланды

Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Шабыт» халық музыкасы ансамблі Болгарияның Велико-Тырново қаласында өткен XXVIII халықаралық фольклор фестивалінде Қазақстанның ұлттық музыкалық мәдениетін абыроймен таныстырды , – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Аталған фестиваль – Балқан түбегіндегі дәстүрлі мәдениетке арналған ең беделді халықаралық өнер форумдарының бірі. Ол ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны сақтау жөніндегі ресми серіктесі саналатын Халықаралық фольклор және дәстүрлі өнер фестивальдерін ұйымдастырушылар кеңесінің (CIOFF) және Болгарияның ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының қолдауымен ұйымдастырылды.

Жыл сайын әлемнің үздік фольклорлық ұжымдарын біріктіретін фестивальге биыл Еуропа, Азия, Солтүстік және Латын Америкасының оннан астам елінен өнерпаздар қатысты. Бір апта бойы Велико-Тырново қаласының басты сахналарында концерттік бағдарламалар, шығармашылық кездесулер, ұлттық ұжымдардың шеруі және халықтар арасындағы мәдени диалогты дамытуға арналған іс-шаралар өтті.

Қазақстанның атынан өнер көрсету мәртебесі Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің шығармашылық ұжымы – «Шабыт» халық музыкасы ансамбліне берілді.

Ансамбльдің концерттік бағдарламасы қазақ халқының бай музыкалық мұрасын кеңінен таныстыруға арналды. Көрермендерге халық әндері, күйлер және вокалдық-аспаптық шығармалар ұсынылып, қазақтың дәстүрлі орындаушылық өнері мен ұлттық аспаптарының ерекшелігі жоғары деңгейде насихатталды.

Фестивальдің ең әсерлі сәттерінің бірі ансамбльдің болгар тілінде ән орындауы болды. Қабылдаушы елдің мәдениетіне көрсетілген бұл құрмет көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, ұзақ қол шапалақпен марапатталды. Шетелдік көрермендер қазақстандық өнерпаздардың кәсіби шеберлігіне, сахна мәдениетіне және шынайы орындауына жоғары баға берді.

Қазақстандық делегацияның фестивальге қатысуына CIOFF Kazakhstan президенті, Қазақстан Республикасының Ұлттық Дельфий комитетінің директоры Құралай Түспекова қолдау көрсетті. Ол қазақстандық өнерді халықаралық деңгейде насихаттау және мәдени ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

Ресми делегация құрамында университеттің Мәдени-бұқаралық жұмыс департаментінің директоры Бақыт Тәжінов те болды.

Оның айтуынша, жастардың халықаралық шығармашылық форумдарға қатысуы – Қазақстанның мәдени дипломатиясын нығайтудың маңызды тетігі.

«Халықаралық фестивальдер – халықтарды жақындастыратын, өзара түсіністік пен құрметті қалыптастыратын маңызды алаң. Өнер арқылы әр мемлекет өзінің тарихын, салт-дәстүрін және рухани құндылықтарын әлемге таныстырады. Біздің студенттер үшін мұндай беделді форумға қатысу – кәсіби тәжірибе ғана емес, Қазақстанның абыройын халықаралық деңгейде лайықты танытуға берілген үлкен жауапкершілік», – деді Бақыт Тәжінов.

Ол университетте жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше мән берілетінін атап өтті.

  «Біз болашақ маман өз саласының кәсіби иесі ғана емес, ұлттық мәдени құндылықтарды дәріптейтін тұлға болуы тиіс деп есептейміз. Сондықтан университет шығармашылық ұжымдарға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың халықаралық жобаларға қатысуына барлық мүмкіндікті жасап келеді», – деді ол.

XXVIII халықаралық фольклор фестивалі тағы да әлемнің түрлі елдерін материалдық емес мәдени мұраны сақтау және халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту идеясы аясында тоғыстыратын беделді мәдени алаң екенін дәлелдеді.

Ал «Шабыт» ансамблінің жарқын өнер көрсетуі Қазақстанның ұлттық орындаушылық мектебінің жоғары деңгейін айқын көрсетіп, қазақ мәдениетінің әлемдік мәдени кеңістіктегі лайықты орнын тағы бір мәрте паш етті.