Ұмытшақтықты да, мінез-құлықтың өзгеруін де көбіне жастың ұлғаюымен байланыстыратын еді. Қазір медицинаның мұндай өзгерістерге көзқарасы басқа. Өйткені адамның жасы ұлғайғанымен, жады міндетті түрде әлсіреуге тиіс емес деп есептейді. Ал ұмытшақтық кей жағдайда деменцияның алғашқы белгісі болуы мүмкін.
Соңғы жылдары деменция дендеп бара жатқаны туралы жиі айтылады. Қазір деменция деген дерт ешбір елді айналып өтіп жатқан жоқ. ДДСҰ деректеріне сүйенсек, бүкіл әлемде деменцияға душар болған 55 миллион адам бар екенін айтады. Тіпті, мамандар бұл жайында шырылдап, дабыл қаға бастады. «Деменция жасарып барады», «қарттық ауруы жастардан да анықтала бастады» деген пікірлер жиі айтылып жүр. Бұл қаншалықты рас? Деменцияны ерте анықтауға бола ма? Мұндай диагноз қойылған адамдарға қолдау бар ма? Бұған зерттеуші мамандар не дейді?
Баяулау – нашарлау емес
Біз осы сауалдарды дәрігер-психотерапевт Жібек Жолдасоваға қойған едік. Оның айтуынша, қоғамда ғана емес, кейбір медицина мамандары арасында да «жасы ұлғайған адамның есте сақтау қабілеті міндетті түрде төмендейді» деген түсінік қалыптасқан.
– Кейде адам ұмытшақ бола бастаса, «жасы келді, енді осылай болады» деп қоя салады. Тіпті, ешқандай ем-шара ұсынбай, сол жағдайға көнуге кеңес беретіндер кездеседі. Қазіргі ғылым тұрғысынан алсақ, бұл – ескі көзқарас, – дейді Жібек Жолдасова.
Маманның сөзінше, жас ұлғайған сайын адамның кейбір қабілеті, керісінше, арта түсуі мүмкін. Соның бірі – вербалды, яғни сөздік жады. Адамның өмірлік тәжірибесі көбейеді, сөздік қоры молаяды, дүниетанымы кеңейеді. Ми жылдар бойы жинақталған ақпаратты тиімді пайдалануға бейімделеді.
Әрине, жас адамның реакциясы егде кісіге қарағанда жылдамырақ болуы мүмкін. Бірақ жылдамдық пен ақыл-ой сапасын шатастырмаған жөн.
Психологтар мен нейробиологтардың түрлі зерттеуінде де осы айырмашылық байқалады. Реакция жылдамдығын қажет ететін тапсырмаларда жастар алда болса, тәжірибе, логика, пайым мен интеллектуалдық шешім талап ететін сынақтарда жасы үлкен адамдардың нәтижесі жоғары шығатын жағдайлар аз емес.
– Жас ұлғайған сайын ағзадағы зат алмасу, психикалық үдерістер біршама баяулайды. Адам бұрынғыдан баяу сөйлеуі, асықпай жүруі, шешімді ұзақтау қабылдауы мүмкін. Бірақ баяулау – нашарлау деген сөз емес. Ақыл-ой қабілеті міндетті түрде төмендемейді, – дейді дәрігер.
Ғылымда мұны «кристалданған интеллект» ұғымымен байланыстырады. Жылдар бойы жинақталған білім, кәсіби тәжірибе мен өмірлік сабақтар адамның күрделі мәселенің шешімін тереңірек табуына мүмкіндік береді.
Сондықтан ұмытшақтық айқын байқалып, күнделікті өмірге әсер ете бастаса, оны «кәріліктің заңы» деп қабылдай салу қауіпті. Мұндай жағдайда адамның когнитивтік функцияларын тексеру қажет.
«Когнитивтік функция дегеніміз – тек жады емес. Оған зейін, ойлау, сөйлеу, сөзді түсіну, есептеу, жоспарлау, шешім қабылдау секілді мидың күнделікті жұмысын қамтамасыз ететін қабілеттердің барлығы кіреді», – дейді маман.
Деменция шынымен жасарып бара ма?
Соңғы уақытта деменцияның жастар арасында жиілегені жөнінде де көп айтылады. Алайда Жібек Жолдасова бұл мәселеге сақтықпен қарау керек деген пікірде.
– «Деменция жасарып барады» деген тұжырым дұрыс емес. Бұрын мұндай жағдайлар ерте жаста анықталмай қалатын. Қазір диагностика жақсарды, дәрігерлер ауруды ертерек білетін болды. Сондықтан біз бұрын байқамаған жағдайлар қазір жылдам анықталады, – дейді ол.
Дәрігер келтірген дерек бойынша, деменция жағдайларының шамамен 10 пайызы 65 жасқа толмаған адамдарға тиесілі. Ерте басталатын деменцияға тұқым қуалаушылықтың да ықпалы бар. Генетикалық фактор кей адамдарда аурудың жастау кезде пайда болуына түрткі болуы мүмкін.
Дегенмен деменцияның ең басты қауіпті факторы – жас мөлшеріне байланысты. 65 жастан кейін біртіндеп қауіп арта береді. Ал 85 жастан асқан адамдарда деменцияның даму ықтималдығы едәуір жоғарылайды. Әйелдер арасында бұл көрсеткіш ерлерге қарағанда біршама жиірек кездесуі мүмкін. Сондықтан мәселе деменцияның жаппай «жасаруында» емес, оны ерте әрі сапалы анықтау мүмкіндігінің көбеюінде екенін ұмытпаған абзал.
Ресми есеп қандай?
Қазақстанда деменцияны ерте анықтау әлі де күрделі. Дегенмен соңғы жылдары когнитивтік тест жүргізіп, ауру белгілерін ажырата алатын неврологтар мен басқа да мамандар қатары артқанын дәрігер оң өзгеріс ретінде бағалайды.
Оның айтуынша, деменция диагнозы қойылған науқастар белгілі бір дәрілік көмекті емхана арқылы тегін ала алады. Бірақ ең басты мәселе – ауруды дер кезінде анықтау.
– Мен жыл сайын Денсаулық сақтау министрлігінен статистика сұратамын. Ресми есеп бойынша Қазақстанда деменция диагнозы қойылған адамдар саны шамамен 10 мыңның айналасында. Бірақ бұл нақты есепті көрсетпейді, – дейді Жібек Жолдасова.
Маманның айтуынша, халықаралық бағалаулардағы көрсеткіш бұдан бірнеше есе жоғары болуы мүмкін. Қазақстанда деменциямен өмір сүріп жүрген адамдар саны 60-80 мың болуы мүмкін деген болжам бар. Ал дәрігер елдегі егде адамдардың саны екі миллионнан асатынын ескеріп, нақты көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін екенін айтады.
– Менің жеке болжамым бойынша, елімізде деменциясы бар адамдар саны 200 мыңға дейін жетуі мүмкін. Өкінішке қарай, олардың көпшілігі анықталмай отыр, – дейді маман.
Мұның бір себебі – қоғамдағы ескі түсінік. Қарт адамның есінен жаңыла бастауы, заттарын жоғалтуы, бір сұрақты қайта-қайта қоюы немесе таныс жерде бағдарынан жаңылуы «қарттықтың әсері» деп қабылданады. Ақырында дәрігерге ауру әбден асқынғанда ғана жүгінеді.
Деменция – отбасының дерті
Деменция тек науқастың мәселесі емес. Аурудың орта және ауыр сатыларына жеткен кезде оның салмағын көбіне бүкіл отбасы көтереді. Жібек Жолдасова биыл жарияланған халықаралық көрсеткіштерде табысы орташа және төмен елдерде деменцияға байланысты шығынның негізгі бөлігі отбасыға түсетіні айтылғанын жеткізді.
Науқасқа дәрі сатып алу бір бөлек те, күндіз-түні оның жанынан табылу – бір бөлек мәселе. Деменцияның жеңіл сатысындағы адам әлі де өз бетінше жүріп-тұра алады. Ал ауру асқынған сайын қарапайым әрекеттердің өзі қиындай бастайды. Киіну, тамақтану, жуыну, шаш тарау, дәрі ішу – бір адамның көмегін қажет етеді.
Орта және ауыр сатыда науқасты үйде жалғыз қалдыру қауіпті болуы мүмкін. Ол суды өшірмей кетуі мүмкін, егер электр құрылғысы қосулы күйде қалса, тіпті қауіпті. Далаға шықса, адасып кету қаупі тағы бар.
– Мұндай адамдардың жанынан бір елі ажырамау керек. Сондықтан кей отбасыларда балалары жұмысын тастап, әкесін немесе анасын қарауға мәжбүр болады. Бұл – физикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да өте ауыр, – дейді дәрігер.
Ұзақ уақыт күтім жасаған адамның өзі де күйзеліске ұшырайды. Маманның сөзінше, күтім көрсететіндердің арасында эмоционалдық қажу, мазасыздық пен депрессияға түсетіндер көп кездеседі. Тіпті, олардың өздеріне медициналық көмек қажет.
– Мен кейде науқасқа емес, оны күтіп жүрген туысына антидепрессант немесе мазасыздықты азайтатын ем тағайындауға мәжбүр боламын. Өйткені бірнеше жыл бойы деменциясы бар адаммен бірге болу өте қиын, – дейді Жібек Жолдасова.
Қазақстанда ауыр сатыдағы деменция кезінде бірінші топтағы мүгедектік рәсімдеп, күтім жасайтын адамға әлеуметтік төлем алу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар белгілі медициналық бұйымдар тегін беріледі. Бірақ маман мұның өзі отбасыға түсетін ауыртпалықтың аз ғана бөлігін өтейтінін айтады.
Жекеменшік қарттар пансионаттары да көбейіп келеді. Алайда дәрігер бұл салада деменциясы бар адамға күтім көрсетуге арналған нақты стандарттар мен арнайы даярлықтың жеткіліксіз екенін атап өтті.
Өйткені деменциясы бар адамға күтім жасау – тек тамақ беріп, киімін ауыстыру емес. Оның мінез-құлқындағы өзгерістерді, агрессиясын, есте сақтау ерекшеліктерін ұғынған жөн.
Үміт – ерте анықтауда
«Болашақта бұл аурудың емін табуға бола ма?» деген сауалымызға дәрігер деменция әзірге толық жазылып кететін аурулардың қатарына жатпайтынын айтты. Дегенмен медицина бұл бағытта тоқтап қалмағанын, әлі де ғалымдар әрекет етіп жатқанын мысалға келтірді.
Жібек Жолдасованың айтуынша, бүгінде әлемде деменцияны емдеуге арналған жүздеген препарат бойынша клиникалық зерттеу жүргізіліп жатыр. Оның ішінде химиялық құрылымы мен әсер ету механизмі әртүрлі ондаған жаңа дәрі бар.
– Қазір жүргізіліп жатқан зерттеулер алдағы 5-10 жылда жаңа емдеу мүмкіндіктеріне жол ашады. Бірақ ескеретін маңызды жайт: зерттеліп жатқан дәрілердің көбі аурудың ерте кезеңіне арналған, – дейді маман.
Яғни болашақтағы тиімді емнің кілті – ерте анықтау. Егер адам жақындарының атын ұмыта бастаса ғана дәрігерге бару керек деген түсінік өзгеруге тиіс. Ұмытшақтық жиілесе, бір істі жоспарлау қиындаса, таныс жұмысты орындау ауырласа, адамның мінез-құлқында түсініксіз өзгерістер пайда болса – онда ертерек дәрігерге қаралған жөн. Дәрігерлерді деменцияның алғашқы белгілерін ерте тануға үйрету де, халықтың бұл ауру жөніндегі сауатын арттыруда қатар жүруге тиіс.
Қарттық деген – ақыл жоғалту емес. Адамның жүрісі баяулауы мүмкін, асықпай іс-әрекет жасап, шабан қимылдаса, өмір бітті деп санауға болмайды. Мұның бәрі оның жады мен ойлау қабілеті бұзылды деуге себеп емес. Күнделікті қалыпты өмірдің ырғағын ұмытшақтық бұза бастаса, «қарттық» деп қол сілтеуге болмайды. Деменцияға қарсы күрес – ауру асқынғанда емес, оның алғашқы белгілері бастала салысымен емделу, уақытты жоғалтпау. Онсыз ауруға қарсы тұра алмайсыз…
Айна ХАСАН









