Семсерлесуден Азия чемпионаты: үш қазақстандық 1/8 финалға дейін ғана жетті

Бүгін, 19 маусымда Үндістанның Дели қаласында ересектер арасындағы семсерлесуден Азия чемпионаты басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Чемпионат бағдарламасын ерлер арасындағы қылыш және әйелдер арасындағы рапира сайыстары ашты.

Қазақстан құрамасы сапында ең үздік нәтижені 1/8 финалға дейін жеткен үш спортшы көрсетті. Бірақ олар бұл кезеңнен аса алмады.

София Актаева Оңтүстік Корея өкілі Мо Бёльге 4:15 есебімен жол берді. Артем Сарксисян ширек финал жолдамасы үшін өткен кездесуде Гонконг спортшысы Чан Лон Хей Ройстан 12:15 есебімен жеңілді. Ал Жанат Нәбиев қытайлық Шэнь Чэньпэннен 9:15 есебімен ұтылып, жарысты аяқтады.

Бақдәулет Құралбекұлы 1/32 финалда жарыс жолынан шықты. Назарбай Саттархан мен Алена Гноева 1/16 финалда тоқтаса, Алина Искандерова да өнерін 1/32 финал кезеңінде аяқтады.

20 маусым күні Азия чемпионатында ерлер арасындағы шпага және әйелдер арасындағы қылыш сайыстарында жүлдегерлер анықталады.