Мұхит асқан мундиаль

Чемпионатты Мексика құрамасы сәтті бастап, өз жанкүйерлеріне қуаныш сыйласа, Оңтүстік Корея алғашқы жеңісіне қол жеткізіп, плей-офф жолындағы маңызды қадамын жасады. Әлемнің әр түкпіріндегі миллиондаған көрермен көгілдір экран алдына жиналып, төрт жылда бір келетін футбол тойының қызуын сезіне бастаған секілді.

Тұңғыш рет 48 құрама қатысады

Футболдан Әлем кубогі – халықтарды жақындастыратын, құрлықтарды байланыстыратын, талай тағдыр мен арман тоғысатын жаһандық мереке. Биылғы мун­диаль тарихта алғаш рет бірден үш елде – АҚШ, Мексика және Кана­дада өтіп жатыр. Ұйымдастыру­шылар турнирді тек футбол бәсе­кесі емес, әлемдік мәдени оқиғаға айналдыруға күш салған. 

Бұған дейін Әлем кубогі белгілі бір елдің мерейін асыратын мереке саналса, биылғы дода тұтас Сол­түстік Американың ортақ жобасы­на айналды. Үш мемлекетте бірдей ашылу салтанаты ұйымдастыры­лып, әлемдік музыка жұлдыздары­ның қатысуымен ауқымды кон­церттер өтуде. 

Алайда биылғы мундиальдың айналасында дау-дамай да аз емес. Билет бағасының шарықтауы, АҚШ-тың көші-қон саясатына қатысты сын-пікірлер, кейбір ел жан­күйерлерінің виза алудағы қиын­дықтары Әлем кубогін спорт­тық оқиғадан бөлек қоғамдық-саяси талқылаудың да өзегіне ай­нал­дырды. Сондықтан бұл жолғы мундиаль соңғы жылдардағы ең көп талқыланатын турнирлердің бірі болғалы тұр.

Биылғы жарыстың тағы бір ерекшелігі – Әлем кубогіне тұңғыш рет 48 құрама қатысып жатыр. Жаңа формат көптеген елдің та­рихи жетістікке жетуіне жол ашты. Әсіресе, Орталық Азия үшін бұл чемпионат ерекше мәнге ие. Себебі Өзбекстан құрамасы тарихта алғаш рет мундиаль жолдамасын жеңіп алды. Құраманың басты жұлдыз­дарының бірі – Англия Премьер-лигасында өнер көрсетіп жүрген қорғаушы Абдуқодир Хусанов. Еуропаның элиталық лигасында шыңдалған футболшы бүгінде өзбек футболының жаңа буыны­ның символына айналды. Ал жа­қында команданың тізгінін ита­лия­­лық футбол аңызы, 2006 жылғы әлем чемпионы Фабио Кан­наваро қолға алды. Әлем кубо­гін жеңген капитанның тәжірибесі мен талап­шылдығы Өзбекстан құрамасының мүмкіндігін одан әрі арттыра түсті. Сондықтан көптеген сарапшы дебютант құраманың топтық кезең­де ғана емес, плей-офф жо­лын­да да тосын сый жасауы ғажап емес деген пікірде. Сондай-ақ Иордания мен Кабо-Верде секілді құрамалар да Әлем кубогі­нің де­бютанттары қатарында.

Футбол сарапшысы Бек Тө­леуов­тің айтуынша, турнир фор­матының кеңеюі сенсациялардың көбеюіне ықпал етуі мүмкін.

– Ойын саны артқан сайын күтпеген нәтижелер де жиілейді. Әлсіздеу саналатын құрамалардың топтан шығуына мүмкіндік кө­бейеді. Ал фавориттерге түсетін салмақ арта түседі. Сондықтан биылғы Әлем кубогінде тосын оқи­ғалар аз болмайды. Қазақстандық жанкүйерлердің назарында көрші Өзбекстан құрамасы болатыны сөзсіз, – дейді сарапшы.

Басты фавориттер

Мундиаль басталар алдында мамандар бірнеше құраманы басты фаворит ретінде атап отыр. Солардың көш басында Франция келеді. Франция соңғы екі Әлем кубогінде финалға дейін жетіп, әлем футболындағы тұрақтылығын дәлелдеді. Сондықтан Дидье Де­шам шәкірттерінің тағы да фавориттер қатарында болуы заңдылық. Француздар бүгінде әлемдегі ең бай құрамалардың біріне ие. Тәжірибелі ойыншылар мен жас таланттардың үйлесімі команданың күшін еселей түседі. Тіпті, негізгі құрамдағы ойыншы­лардың бірі жарақат алып қалса да, оның орнын толтыра алатын футболшылар жеткілікті. Мұндай ұзақ турнирде дәл осы фактор шешуші рөл атқаруы мүмкін. Оның үстіне, Килиан Мбаппе бастаған шабуыл шебі кез келген қарсы­лас­тың қорғанысын бұзуға қауқарлы. Бұл мундиаль Дидье Дешам үшін де ерекше. Өйткені 2018 жылы Францияны әлем чемпионы атан­дырған маман турнир аяқталған соң қызметінен кетіп, орнын Зинедин Зиданға босатуы мүмкін. Сондықтан француздар бапкерін жеңіспен шығарып салуға бар күшін салары анық. Комментатор Дидар Есемов Францияны басты фаворит санайды.

– Франция – Әлем кубогінің басты фавориті. Құрамында Килиан Мбаппе бар және әр позицияда мықты футболшы табылады. Бірақ мен Португалия құрамасына жанкүйер боламын. Бруну Фернандеш пен Криштиану Роналду сияқты аңыздар трофей жеңуге лайық. Команданың орта шебі мықты және ойыншылардың тәжірибесі де, шеберлігі де аса жоғары деңгейде, – дейді сарапшы.

Футбол эстетикасын бағалай­тын жанкүйерлердің көзі алдымен Испанияға түсетіні анық. Соңғы жылдары «қызыл фурия» бұрынғы философиясын сақтай отырып, оған жаңа қарқын мен жаңа тыныс қоса білді. Испания Әлем кубогіне Еуропаның қазіргі чемпионы ретінде келіп отыр. Луис де ла Фуэнте құраманы соңғы жылдары мүлде жаңа деңгейге көтерді. Бір кездері шексіз пас алмасуға құрыл­ған ойын мәнерін өзгертіп, коман­даға қарқын мен өткірлік сыйлады. Бүгінде испандар әдемі әрі шабуылға негізделген футболдың үлгісін көрсетіп жүр. Сондықтан көпшілік олардан тек жақсы ойын емес, чемпиондық үшін күрес күтеді. Дегенмен құраманың алдында белгілі бір қиындықтар да жоқ емес. «Алтын доп» иегері Родри ауыр жарақаттан кейін әлі то­лық бабына келе қойған жоқ. Ал Еуропа чемпионатында жарқыра­ған Нико Уильямс пен Микель Мериноның жағдайы да алаң­датады. Бұған қоса, жаңа буынның көшбасшысы саналатын Ламин Ямаль топтық кезеңнің алғашқы матчтарын өткізіп алуы мүмкін. Соған қарамастан Испания әлі де басты фавориттердің бірі саналады.

Аргентина бұл жолы бұрынғы­дан өзгеше көңіл күймен келіп отыр. Төрт жыл бұрын Қатарда жеңіске жеткеннен кейін арген­тина­лықтардың иығынан ауыр жүк түскендей болды. Лионель Месси көптен күткен Әлем чемпионаты­ның кубогін көтеріп, футболдағы ең үлкен арманына қол жеткізді. Соның арқасында команда бұрын­ғыдай бір ойыншыға тәуелді ұжым ретінде қабылданбайды. Бұл – бас бапкер Лионель Скалонидің ең үлкен жетістігінің бірі. Аргентина қиын матчтарда шыдамдылық таны­тып, қарсыластың қарқынын бәсеңдетіп, қажет кезде мінез көр­сете алатын командаға айналды. Олар жарқын футболмен емес, нәтижеге жұмыс істеуді жақсы меңгерген. Сондықтан қазіргі құрам бұрынғыдай жұлдыздарға толы болмаса да, чемпиондыққа таласатын негізгі үміткерлердің қатарында.

 Бұл мундиаль Португалия үшін тарихи мүмкіндік болуы мүмкін. Өйткені құраманың алтын буыны әлі сапта, ал Криштиану Роналду үшін Әлем кубогіндегі соңғы жорық басталғалы тұр. Португалия да алтын жүлдеге басты үміткер­лердің бірі ретінде аталады. Ұзақ уақыт бойы бұл құраманы Криш­тиану Роналдуға тәуелді команда ретінде бағалап келді. Алайда соңғы жылдары португалия­лықтар мүлде басқа деңгейге көтерілді. Қазір олардың құрамында тәжірибе мен талант үйлесім тапқан, әр позицияда жоғары дең­гей­дегі футболшылар бар. Ең бастысы, коман­да үлкен матчтарда жеңіс­ке жетуді үйренді. Былтырғы Ұлттар лига­сын­дағы жеңіс соның ай­қын дәлелі болды. Ал Әлем кубогіндегі ықтимал жеңіс Португалияны футбол элитасының жаңа сатысына көтермек. Әрине, жанкүйерлер үшін басты интрига – Криштиану Роналдудың тағдыры. Әлем кубогі­нің кубогы оның ғаламат манса­бын­дағы соңғы әрі ең үлкен мара­патқа айналуы мүмкін. Сондықтан порту­галия­лықтардың әр ойыны ерекше назарда болары сөзсіз.

Әлем кубогі – жаңа жұлдыз­дарды жарқы­ратып қана қоймай, тұтас дәуірдің аяқтал­ғанын да айғақтайтын алаң. Биылғы аламан сондай ерекше сәттердің біріне айналғалы тұр. Өйткені әлем фут­болының соңғы жиыр­ма жылына үстемдік еткен екі алып – Лионель Месси мен Криш­тиану Роналду үшін бұл Әлем кубогіндегі соңғы жорық болуы әбден мүмкін. 

Қалай болғанда да, Әлем кубогі үлкен бір театрдың сахнасы іспет­тес болып кетті. Бұл бәйгеде мил­лиондаған жанкүйердің арманы мен үміті тоғысып, жаңа қаһар­ман­дар дүниеге келіп, ескі аңыздармен қоштасатын сәттер туады. Алдағы апталарда жасыл алаңда талай тағ­дыр шешіліп, талай жүрек толқиды. Біреулер үшін бұл тарихи мүмкіндік болса, енді біреулер үшін соңғы мүмкіндік болуы мүмкін.

Мундиальдың басты сұлулығы да осында. Ол әр төрт жыл сайын әлемді бір сәтке болса да ортақ сезімге бөлейді. Биылғы чемпионат та сенсацияларға, драмаларға, ұмытылмас жеңістер мен өкінішті жеңілістерге толы болары анық. Ал сіз кімге жанкүйер боласыз?

С.БЕГІМБАЙ