Жалпы, Азия ойындары Қазақстан спортының бүгінгі деңгейін бағамдап, қай спорт түрінде алға жылжу барын, қай бағытта әлі де жұмыс қажет екенін көрсететін үлкен сынақ болды. Себебі Азия құрлығындағы бәсеке жыл өткен сайын күшейіп келеді. Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея секілді дәстүрлі көшбасшылармен қатар Өзбекстан, Үндістан және басқа да мемлекеттердің спортшылары көптеген спорт түрінде нәтижесін жақсартып отыр. Осындай жағдайда әр алтынның ғана емес, әр жүлденің салмағы арта түсетіні анық.
Соңғы күндердегі серпін
Соңғы жарыс күндерінің бірінде ұлттық құрама спортшылары джиу-джитсу, дзюдо, су добы, күрес және көркем гимнастикадан жүлдеге қол жеткізіп, бір күннің өзінде үш күміс және төрт қола медаль иеленді. Джиу-джитсудан 85 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Мерей Қабдуллаев финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанды. Ол жарыс барысында қарсыластарынан басым түсіп, шешуші кезеңге дейін сүрінбей жетті. Финалда Сауд Арабиясының өкілі Абдулла Тарик Надамен белдескен қазақстандық спортшы алтын үшін барын салғанымен, қарсыласына жол берді. Соған қарамастан финалға шығудың өзі қазақстандық джиу-джитсу шеберлерінің Азиядағы бәсекеге қабілетті екенін көрсетті. Осы спорт түрінен әйелдер арасындағы бәсекеде Мариан Журавлева да Қазақстан қоржынына жүлде салды. 63 келіге дейінгі салмақта белдескен ол қола медаль үшін өткен кездесуде Иордания спортшысы Майя Ишакатты жеңіп, Азия ойындарының жүлдегері атанды.
Қазақстандық дзюдошылар да Азиаданың соңғы кезеңін жүлдесіз аяқтаған жоқ. Жекелей сындар аяқталғаннан кейін аралас командалық жарыста ұлттық құрама финалға дейін жетті. Алтын медаль үшін Қазақстан жарыс қожайыны Жапониямен кездесті.
Жапон дзюдосының әлемдік деңгейдегі беделі мен дәстүрі белгілі. Сондықтан финалдық кездесу қазақстандық спортшылар үшін үлкен сынақ болды. Шешуші бәсекеде қарсылас басым түсіп, Қазақстан құрамасы күміс медальмен шектелді. Дегенмен командалық жарыста финалға дейін жету – ұлттық құраманың әлеуетін көрсеткен нәтижелердің бірі. Қазақстандық дзюдошылар бұл Азия ойындарында жеті жүлде – бес күміс пен екі қола медаль иеленді. Медаль саны жағынан нәтиже жаман емес. Бірақ бес рет финалға шыққан спортшылардың ешқайсысының алтынға қол жеткізе алмауы алдағы уақытта сараланатын мәселелердің бірі болмақ. Өйткені ірі додада финалға жету бір бөлек те, шешуші белдесуде жеңіске жету мүлде басқа сын.
Ватерполшылар финалға дейін жетті
Қазақстанның ерлер арасындағы су добы құрамасы да Азия ойындарының шешуші кезеңіне дейін жетті. Ватерполо – елімізде Азия ойындарында жақсы дәстүр қалыптастырған спорт түрлерінің бірі. Сондықтан команданың финалға шығуы заңды нәтиже ретінде қабылданды.
Алтын медаль үшін қазақстандық ватерполшылар Жапония құрамасымен кездесті. Тартысты өткен шешуші ойында жарыс қожайындары басымдық танытып, Қазақстан күміс жүлдеге ие болды. Командалық спорт түрлерінде Азия ойындарының финалына жетудің өзі маңызды нәтиже. Өйткені мұнда бір спортшының шеберлігі ғана емес, бүкіл команданың дайындығы, тактикалық сауаты, ойыншылар арасындағы үйлесім мен бірнеше кездесу бойы тұрақты өнер көрсетуі шешуші рөл атқарады. Сондықтан су добынан алынған күміс те Қазақстан құрамасының жалпы нәтижесіне салмақ қосты.
Азиаданың шешуші белдесулері
Азиаданың соңғы кезеңінде қазақстандық балуандар да жүлде қорын толықтырды. Еркін күрестен 74 келіге дейінгі салмақта Нұрқожа Қайпанов қола жүлдеге ие болды. Әлемдік додаларда тәжірибе жинаған балуан Азия ойындарында да жүлдесіз қалмады.
Әйелдер күресінен 57 келі салмақта Нилуфар Раимова үшінші орынға ие болды. Қола медаль үшін өткен шешуші белдесуде ол Шри-Ланка өкілінен басым түсті. Күрес – Қазақстан үшін әрқашан ерекше мәнге ие спорт түрлерінің бірі. Қазақ балуандарынан Азия ойындары, әлем чемпионаттары мен Олимпиадада жоғары нәтиже күтіледі. Сондықтан әрбір жүлде қуантқанымен, жанкүйерлер алтын медаль күтетін спорт түрлерінің қатарында күрестің орны бөлек. Бұл жолғы нәтиже де осы бағыттағы резерв пен шешуші белдесулердегі дайындық мәселесіне қайта назар аудартады.
Гимнасттар үздік үштікте
Көркем гимнастикадан топтық көпсайыста Қазақстан құрамасы қола медаль жеңіп алды. Жасмин Жүнісбаева, Аида Хакимжанова, Мадина Мырзабай, Айзере Нұрмағамбетова және Кристина Чепульскаядан құралған команда 51,500 ұпай жинап, үшінші орынға тұрақтады.
Азияда көркем гимнастикадағы бәсекенің де деңгейі жылдан-жылға жоғарылап келеді. Қытай мен Жапония спортшыларының дайындығы ерекше. Осындай бәсекеде Қазақстан командасының жүлде тұғырынан көрінуі жас спортшылар үшін де маңызды тәжірибе. Осылайша, 3 қазанда Қазақстан құрамасының қоржыны бірден жеті медальмен толықты. Доданың аяқталуына санаулы уақыт қалғанда алынған үш күміс пен төрт қола жалпыкомандалық есептегі жағдайымызға да әсер етті.
Қоржында – 84 медаль
Сондақ-ақ 4 қазанда ХХ жазғы Азия ойындарының жарыс бағдарламасы толық аяқталды. Соңғы күні ат спортының конкур сайысы өтті. Қазақстан атынан сынға түскен Олег Соколенко А санатында 14-орын алды. Нұрила Тұрысбекова жарысты аяқтай алмады. Осы бәсекеден кейін Қазақстан құрамасының медаль көрсеткіші өзгеріссіз қалды. Сөйтіп, бірнеше аптаға созылған Азия ойындарының спорттық бәсекесі ресми түрде мәресіне жетті.
Кешкісін Нагоядағы стадионда Азия ойындарының жабылу салтанаты ұйымдастырылды. Қазақстанның Мемлекеттік Туын жас гимнаст Ақмарал Ерекешева алып шықты. 16 жастағы спортшы өзінің алғашқы Азия ойындарында жеке көпсайыста төртінші орынға тұрақтап, жүлдеге бір табан жетпей қалған болатын. Жас спортшыға жабылу салтанатында ел Туын ұстап шығу мәртебесінің берілуінің де өзіндік мәні бар. Айти мен Нагояда жанған Азия ойындарының алауы сөніп, құрлық спортшылары төрт жылдан кейін қайта кездесуге уағдаласты. Келесі жазғы Азия ойындарын Қатар астанасы Доха қабылдайды.
Қазақстан құрамасы ХХ жазғы Азия ойындарын 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медальмен аяқтады. Барлығы – 84 жүлде. Осы көрсеткішпен Қазақстан жалпыкомандалық медаль кестесінде сегізінші орынға тұрақтады.
Сегізінші орынға әр қырынан баға беруге болады. Бір жағынан, алдыңғы Азия ойындарымен салыстырғанда Қазақстан жалпы есептегі жағдайын жақсартты. 2023 жылы Ханчжоуда өткен жазғы Азия ойындарында еліміз 11-орын алған болатын. Демек, бұл жолы Қазақстан үш саты жоғары көтерілді. Екінші жағынан, Азия спортының бүгінгі даму қарқынына қарағанда, сегізінші орынның өзі үлкен бәсекемен келген нәтиже. Қытай, Жапония мен Оңтүстік Корея құрлықтағы дәстүрлі спорт державалары саналады. Кейінгі жылдары Үндістан мен Өзбекстан да көптеген спорт түріне қомақты инвестиция салып, халықаралық аренадағы көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартты. Сондықтан жалпыкомандалық есептегі әрбір саты үшін тартыс бұрынғыдан да күрделі.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ









