Журналистер – қоғамның жаршысы

Президент ең алдымен бұқара­лық ақпарат құралдарының қыз­меткерлерін мерекесімен құттық­тап, жылы лебізін білдірді.

– Бұл кәсіби мерекенің ел өмірінде алатын орны айрықша. Себебі журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры. Сіздер әр­дайым халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, жұрт мүд­десіне адал қызмет етіп келесіз­дер. Қазіргі жаһандық технология дамыған заманда азаматтарға жедел, сапалы әрі шынайы ақпарат тарату, ұтымды сараптама ұсыну да журналистер қауымына жүктелген абыройлы міндет саналады. Мем­лекет сіздердің ерен еңбектеріңізді жоғары бағалайды. Ел Президенті ретінде бүгін мен барша медиа саласы мамандарына шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туынша, бұқаралық ақпарат құрал­дарын ұлттың үні, қоғамның ай­насы деуге толық негіз бар. Өйткені өз азаматтарымызбен қатар, күллі әлем қауымдастығы елімізде жа­салып жатқан ауқымды өзгеріс­тердің түпкі мәнін, ең алдымен, отандық медиа арқылы танып, біледі.

– Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақ­стан журналистері осы жауап­кер­шілікті терең сезініп, кәсіби міндет­терін жемісті атқаруда. Наурыз айында біз – бәріміз бір ел болып, конституциялық ре­форманы та­бысты жүзеге асырдық. 

Жалпы­ұлттық референдум кезінде халқы­мыз мемлекеттің келешегін айқын­дайтын тарихи таңдауын жасады. Еліміздің бас құжаты – жаңа Кон­с­­ти­туциямыз өз тұғырына қон­ды. Ата заңды әзірлеу және қабыл­дау оңай шаруа емес екені анық.Бұл – бірлігі бекем, рухы биік және жарқын болашаққа деген сенімі зор ұлттың ғана қолынан келетін бірегей қадам. Біз осы мақсатқа жету үшін ұзақ жолды жүріп өттік. Арнайы Конституция­лық комиссия құрып, Негізгі заң­ның әр бабын ел мүддесі тұрғысынан мұқият сарала­дық. Бүкіл жұртты бір мұратқа ұйыстырған ортақ істе медиа саласы мамандарының маңызды рөл ат­қар­ғанын ерекше атап өту қажет. 

Журналистер қауымы Консти­туция­лық комиссияның қызметі туралы сапалы және мазмұнды хабарлар таратты. Сондай-ақ Ата заңға енгізу үшін ұсынылған түзету­лерге қатысты жан-жақты талдау жұмысын жүргізді. Науқан кезіндегі тікелей эфирлер, сарап­тамалық материалдар мен таным­дық сұхбаттар – соның айқын дәлелі. Жалпы, журналистер өз кәсібилігін толығымен көрсетті. Осы салада нағыз кәсіби маман болу дегеніміз – «қолдан жасалған» айқай-шу не­месе даңғаза жасау емес, бұл – ең ал­ды­мен өзекті мәселені жан-жақ­ты білу және тақырыпты жетік мең­­геру деген сөз. Комиссия оты­рысы­ның әлеуметтік желідегі эфир­лері де миллионнан астам қаралым жинады. Осылайша, Ата заң жоба­сын талқылау жалпы­ұлттық дең­гей­дегі пікірталасқа ұласты. Бұл іске елге жанашыр азаматтарымыз түгел қатысты. Мәселен, «e-Government» және «е-Өтініш» цифр­лық жүйесі арқылы мыңдаған өті­ніш келіп түсті. Түптеп келген­де, мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» тұжырымдама­сының нақты көрінісі екені сөзсіз. 

Конституциялық комиссия мүшелері салмақты әрі ұтымды ұсыныстардың ешқайсысын назардан тыс қалдырған жоқ, оның бәрі мұқият зерделенді. Бас құжаттың жобасын дайындау және оны талқылау тәжірибесі мемлекет пен азаматтардың қарым-қаты­насын мүлдем жаңа деңгейге кө­терді. Комиссия құрамында масс-медианың беделді өкілдері де болды. Сондықтан журналистер қауымын жаңа Ата заңымыздың тең авторларының бірі деп айтсақ, қате болмайды, – деді Президент.

ЖАУАПТЫ МИССИЯНЫҢ ЖҮГІ

Мемлекет басшысы жаңа Конституция – халқымыздың темірқазығы, әділетті қоғамның мызғымас тұғыры және орнықты дамудың берік кепілі екеніне назар аударды.

– Негізгі құжатта еліміздің Егемендігі мен Тәуелсіздігін қорғау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтау, Заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлік пен татулықты нығайту басты қағидаттар ретінде бекітілді. Конституцияда білім мен ғылым­ды, инновацияны және адам капиталын дамыту стратегиялық бағыт деп танылды. Сонымен қатар халықтың әл-ауқатын арттыруға, жасампаз отаншылдық пен еңбексүйгіштік идеясын дәріптеуге, табиғатқа қамқорлық­пен қарауға басымдық берілді. Бірнеше күннен соң, яғни 1 шілдеде Конституциямыз заңды күшіне енеді. Қазақстан түбегейлі жаңа дәуірге қадам басады. Конституция еліміздің саяси және идеологиялық арқауы ретінде ұзақ жыл бойы халық игілігіне қызмет етеріне сенемін. Қазақстанның дамыған және озық ел болғаны өзімізге ғана керек. Біздің басқа еліміз жоқ. Сондықтан қазіргі және келер ұрпақтың алдында аса маңызды міндет тұр. Бұл – Отанымызды өнегелі мемлекетке айналдыру. Немерелеріміз ағым­дағы кейбір олқылық­тарымыз­ды, қателерімізді кешіруі мүмкін. Себебі әр жұмыс, әр еңбек қатесіз болмайды. Бірақ Егемен­дігімізге зиян келтіріп, Тәуелсіз­дігі­мізді қорғай алмасақ, олар бізді еш­қашан кешірмейді. Өйткені Тәуелсіздік – бәрінен қымбат қастерлі құндылық. Ал Тәуелсіз­дікті сақтап, елімізді одан әрі дамы­ту үшін ең алдымен қоғамы­мызда татулық пен тұрақтылық болуы қажет. Онсыз ештеңе бол­майтыны айдан анық. Мемлекеті­міздің тұғыры – әділеттілік. Бұл ұғымның масылдыққа, селқостық­қа ешқандай қатысы жоқ. Кері­сінше, әділеттілік, бұл – еңбек­қорлық ұғымына жақын түсінік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ел тағдырына тіке­лей әсер ететін маңызды оқиға қарсаңында Парламенттің 8-ші ша­қырылымы өз жұмысын аяқ­тай­тынын еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, отандық бұқаралық ақпарат құралдары өздеріне жүк­телген жауапты миссияны жоғары деңгейде атқару үшін халықаралық медиа қоғамдас­тықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тиіс.

– Медиаиндустрия цифрлық дәуірдің сын-қатерлерімен алғаш­қылардың бірі болып бетпе-бет келді. Осылайша, цифрлық матри­цаның – қоғам өміріндегі жаңа санаттың бір бөлігіне айналды. Нарықтың түбегейлі өзгеруі сал­дары­нан жаңалықтар порталы, әлеуметтік желілер мен мессен­джерлер алдыңғы қатарға шықты. Мерзімді баспасөз бен телевизия бұрынғы үстемдігінен айырылды. Қазіргі жағдай осындай. Алайда мен «Дәстүрлі медианың дәурені өтті» деген пікірмен келіспеймін. Керісінше, газеттер мен телеарна­лар жаңа форматқа көшіп, инно­вациялық мультимедиялық плат­фор­ма құрып, заман талабына сай дамып келеді. Олардың басты артықшылығы – мәселені терең талдап, шолу мен сараптама ұсына алуында. Ақпараттық кеңістікте қарабайыр тақырыптар қаптап, ұсақ-түйекті сөз қылу көбейген заманда сапалы әрі өзекті жур­налис­тиканың маңызы еселеп ар­тады. Сондықтан, менің ойым­ша, дәстүрлі БАҚ қым-қиғаш уақиғалар нөпірінде қоғам үшін ақпарат айдынындағы компас, тіпті идеологиялық бағдар рөлін алдағы уақытта да атқара береді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы журналис­тердің жалған ақпарат таратуға қарсы күресте атқаратын рөліне тоқталды.

– Заманауи технологиялар цифрлық алаңда алауыздықты әдейі ушықтыратын «ботоферма­лардың» пайда болуына түрткі болды. Көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату, адамды қаралау, өтірікті шындай соғатын қауіпті құбылыс қалыптасты. Оны қазір дипфейк деп атайды. Яғни объективті фактілер эмоцияның көлеңкесінде қалып, қасақана арандатушылық туғызады. Қоғам­ның ынтымақ-бірлігіне сына қағып, мемлекеттік институттар­дың атына кір келтіру үшін жасанды интеллект құралдары қолданылады. Танымал тұлғалар­дың жасанды цифрлық бейнелерін түпнұсқадан ажырату мүмкін емес. Мұндай технологияларды түрлі алаяқтар мен деструктивті күштер белсенді пайдаланады. Сондықтан медиа саласының қызметкерлері жауапкершілік танытып, мемле­кеттің аталған гибридті, аса қауіпті қатерлерге төтеп беруіне атсалы­суға тиіс. Осы орайда сіздердің еңбектеріңіз орасан, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҰЛТ МҮДДЕСІН БИІК ҚОЙҒАНДАР

Президент Қазақстанда БАҚ қызметіне қажетті жағдай жасал­ғанын айтты.

– Елімізде пікір алуандығы мен сөз еркіндігі бар, ал цензураға заң жүзінде тыйым салынған. Алайда сөз бостандығы дегеніміз жүгенсіз­дікке және тәртіпсіздікке жол беру деген сөз емес. Сон­дықтан қоғам­дық пікірді өздерінің теріс пиғы­лына пайдаланып, медиа саласында айласын асыр­ғысы келетіндер мына бір қара­пайым қағиданы жадында ұстауы қажет: бірде-бір адам шексіз құқық иесі емес. Бас­қа­ша айтсақ, өз құқыңды білу және сақтау өзгенің құқын бұзу немесе ар-ожданын таптау деген сөз емес. Алдымызда адамдар жалған ақ­параттың жетегінде кетпей, күріш­ті күрмектен ажыратуы үшін ме­диа­сауаттылықты барынша арт­тыру міндеті тұр – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сән-салтанатты өмір мен «жеңіл ақша» культін дәріптеу дұрыс емес деп санайды.

– Өйткені бұл өскелең ұрпақты адастырып, олардың дүниетаным құндылықтары мен өмірлік мұра­тына теріс ықпал етеді. Жастар медиакеңістіктен ысырапшылдық пен мәнсіз ырду-дырдуға толы алдамшы өмірді емес, керісінше, жасампаз еңбектің, адал табыстың, ішкі мәдениеттің нағыз үлгісін көруі керек. Бүгінгі журналистер екі маңызды рөлді қоса атқаруға тиіс: яғни олар шындықты бояма­сыз көрсететін айна, сонымен қатар ұлтты өркениетке жетелейтін ағартушылық жолдағы шамшырақ болуы керек. Қазір біз біртұтас ұлт болып, өркендеген, заманауи, яғни озық мемлекет құрып жатыр­мыз. Бірақ бұл – төл құндылық­тары­мызды ұмыту деген ұғым емес. Біз жұртымызға тән игі қасиеттерді жаңғырта түсуіміз керек. Мұны азаматтарымыз, әсіресе жастарымыз терең түсінуі қажет. Мәдениеті жоғары елдің әлемдегі мәртебесі де, беделі де биік болары айқын. Ал нағыз мәдениет үйде де, түзде де әдеп сақтау, көпшілік ортада өзін дұрыс ұстау, басқа адамдарды құрметтеу, сыйлау сияқты қарапайым қағидалардан басталады. Қазақ халқы әдептен аттамаған, әрдайым үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген. Жақы­нына жанашыр көзбен қарап, жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу болған. Біздің шынайы болмы­сымыз – осы. Сондықтан адамның ар-намысына нұқсан келтіретін, қауіпсіздігіне қатер төндіретін кез келген әре­кетке жол бермеу қажет. Біз озық ел ретінде қоғамда салт-дәс­түрі­мізге негізделген өркениетті этика­лық нормаларды орнықтыра түсуіміз керек. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Осы бағыттағы жұмысты күшейту – айрықша маңызы бар міндет. «Қалам елді түзейді» деген сөз бекер айтыл­маған. Осы орайда, біз сіздерге – журналистер қауымына зор үміт артамыз. Ақпарат сала­сының қыз­меткерлері қашанда ұлт сапасын жақсартатын құндылық­тарды дәріптеу ісіне белсене атсалысуы қажет деп санаймын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы журналис­тика саласында қай кезде де ұлт мүддесін бәрінен биік қоятын, парасатты, нағыз отаншыл тұлға­лар қызмет еткенін атап өтті.

– Олар халықтың сана-сезімін оятып, елдің еңсесін көтеруге зор үлес қосты, ағартушылықпен айналысып, халықты білім мен ғылымға шақырды. Сіздер де аға буын салған сара жолды лайықты жалғастырып келесіздер. Бар­шаңызға тағы да зор алғыс айта­мын. Мемлекет медиа саласы қыз­меткерлерін әрдайым қолдай­ды, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән береді. Бар­шаңызға мәлім, жыл сайын кәсіби мереке қарсаңында тілшілер қауы­мына пәтер кілтін табыстау жақсы дәстүрге айналды. Соңғы үш жылда Астана қаласында ғана 200 жур­налист баспаналы болды. Енді бұл бастаманың ауқымын кеңейте түсуді көздеп отырмыз. Әсіресе, сапалы хабар таратып, қажырлы қызмет етіп жүрген ай­мақ тілші­лерінің еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды деп санай­мын. Сон­дықтан менің тапсыр­мам­мен осы жылы алғаш рет об­лыстарда жұмыс істейтін жур­налис­терге де пәтер кілті табыс­талады. Жалпы, биылдың өзінде бүкіл еліміз бойынша ақпарат саласының 66 қызметкеріне бас­пана беріледі. Бәріңізге құтты болсын деймін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне Әділетті, Таза, Қауіпсіз әрі Күшті Қазақстанды құру ісіне орасан зор үлес қосып келе жатқаны үшін алғыс айтты.

Салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық журналистиканың дамуы­на елеулі үлес қосқан бір топ БАҚ қызметкерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Сон­дай-ақ журналистерге Президент­тің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығы, гранты және Алғысы тапсырылды.