Reuters агенттігінің материалына сүйенген Aikyn.kz бұл елде әлеуметтік желілердегі сөз бостандығына қатысты даудың неліктен күшейгенін түсіндіреді.
Наразылық акциялары Үндістанның Хайдарабад, Мумбай және Гуруграм қалаларында өткен. Белсенділер Instagram желісіндегі оппозиция өкілдерінің аккаунттары негізсіз бұғатталғанын айтып, оларды қалпына келтіруді талап етті.
Үндістан – Meta компаниясы үшін пайдаланушылар саны жағынан ең ірі нарық. Сондықтан елдегі саяси күштер мен технологиялық компания арасындағы дау әлеуметтік желілерді реттеу мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарды.
20-шы қарашада Хайдарабад қаласында плакат ұстаған белсенділер Meta кеңсесі орналасқан ғимаратқа кіріп, ұрандар айтқан. Үндістан жастар конгресінің X (Twitter) желісінде жариялаған бейнежазбасында олардың ғимараттағы өсімдіктерді бүлдіріп, полициямен қақтығысқаны көрінеді.
Мумбайда да наразылық білдірушілер Meta кеңсесі орналасқан ғимараттың қабырғаларына компанияға қарсы жазулар қалдырған. Оларды тоқтатуға тырысқан күзет қызметкерлерімен төбелескен.
Ал Нью-Дели маңындағы Гуруграм қаласында белсенділер «Жастар конгресінің аккаунттарын қалпына келтіріңдер» деген талап жазылған плакаттар көтерген. Ұйым өкілдері бұғатталған аккаунттар ашылмаса, Meta кеңселерінің алдында бүкіл ел бойынша наразылықты жалғастыратынын ескерткен.
Үндістанның билеуші Бхаратия жаната партиясының ұлттық өкілі Прадип Бхандари оппозицияның әрекетін сынға алды. Ол Конгресс белсенділерін Хайдарабадтағы Meta кеңсесіне зиян келтіріп, кейін бұны әлеуметтік желіде көрсеткені үшін айыптады.
«Бұл – Конгрестің әрекет ету тәсілі: жеке компаниялардың кеңселерін бүлдіру», – деп жазды ол.
Ал оппозиция Meta мен басқа да әлеуметтік желілерді үкіметті сынайтын пікірлерді шектеп, билікке қолайлы ақпараттық орта қалыптастыруға ықпал етті деп айыптап келеді. Үндістан үкіметі бұл айыптаулармен келіспейді. Ресми ұстаным бойынша, контентті жою туралы талаптар тек жергілікті заңнаманы бұзатын немесе қоғамдық және ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін материалдарға қатысты беріледі.Meta компаниясы Үндістандағы контентке қолжетімділікті жергілікті заң талаптарына сәйкес шектейтінін мәлімдеп, наразылық акциялары туралы түсініктеме беруден бас тартқан.
Биыл ақпанда премьер-министр Нарендра Моди үкіметі әлеуметтік желі компанияларына заңсыз контентті жою үшін берілетін мерзімді 36 сағаттан үш сағатқа дейін қысқартты. Сөз бостандығын қорғаушылар бұндай қысқа мерзім платформалардың мемлекеттік талаптарды мұқият тексеру мүмкіндігін шектейді деп алаңдайды.
«Шекарасыз тілшілер» ұйымы да биыл Үндістанда журналистік материалдардың әлеуметтік желілерден өшірілу жағдайлары жиілегенін хабарлады.
Үндістандағы наразылық технологиялық платформалардың мемлекеттік талаптарды орындау міндеті мен азаматтардың сөз бостандығын қорғау арасындағы қайшылықты айқын көрсетті. Бір жағынан, билік заңсыз және қауіпті контентті жедел жоюды талап етеді. Екінші жағынан, оппозиция мен құқық қорғаушылар бұндай тетіктердің саяси пікірлерді шектеу үшін пайдаланылуы мүмкін екенін ескертеді. Даудың қалай шешілетіні Meta компаниясының ашықтығына, мемлекеттік шешімдердің құқықтық негізіне байланысты болмақ.










