Офтейк-шарт: өндіріске – өріс, кіріске – кепіл

Бұл бастамаға Ұлттық қордан 6,5 трлн теңгедей ұшан-теңіз қаржы бағытталады. Сондықтан Үкімет оған жергілікті кәсіпорындардың кеңінен қатысуына және импорттың орнын басатын өнімді қолдауға ерекше көңіл бөлмек. Бұл істе офтейк-шарттардың маңызы зор. Мемлекет басшысының өзі мән берген осы тетіктің әлеуеті толық пайдаланылып жүр ме? Бүгінгі ахуал мен алдағы міндеттер қандай?

Офтейк-шарттар (offtake contracts) – тап­­сырыс беруші мен отандық өндіруші ара­­­­­сында бірнеше жылға жасалатын, бо­ла­шақ­­та өндірілетін өнімді алдын ала келі­сіл­ген ба­ғада, көлемде және нақты шарттармен са­тып алуды көздейтін ұзақмерзімді келі­сім­шарт. Бұл тетік өндірушіні өз өнімін тұрақты өткізетін нарықпен кепілді түрде қамтамасыз етеді. Ол тауарын кімге сатарын білмей  дағ­да­рып, уайымдамайды. Бар күшін еш алаң­сыз, жаңа өн­діріс пен жұмыс орындарын құру­ға, ин­вес­­­тиция тартуға жұмылдырады. Тіп­ті банк­тер беделді кәсіпорынмен бекі­тіл­ген оф­тейк-шарт негізінде кәсіпкерге арзан кре­дит те ұсы­нады.

Қысқасы, бұдан барлық тарап ұтады. Тап­­сырыс беруші қажетті өнімге, шикізатқа, жаб­­дықтарға және басқасына үздіксіз қол жет­­кізеді, ісін дөңгелентіп, өрлеуге мүм­кін­дік алады. Ал мемлекет ішкі нарықты отан­дық өніммен молықтырып, өзге елдерге тәуел­­ділігін төмендетеді, төл экономикасын өр­кендетеді. Қалауын тапса, бұл деген ұлан-асыр табыстың қайнары. Мысалы, «Қаз­Мұнай­Газ» отандық KSP Steel ЖШС-мен ше­ген­деу және сорғы-компрессорлық құ­быр­­лар жеткізуге офтейк-шарт жасасты. Сөй­тіп, осы кәсіпорын 26 млрд теңге табыс­қа кенелді. 

Офтейк-шарттар тетігін дүркірете да­мы­ту үшін қажетті өндірістік база елде бар. Бү­­­­гінде қазақстандық кәсіпорындар негізгі құры­лыс материалдары бойынша ішкі қа­жеттіліктің орта есеппен 73%-ға жуығын өтеп отыр. Енді мемлекет осы қуатты «Ха­лық­тық құрылыс» бағдарламасының жоба­ла­рына мейлінше толық жұмылдырып, ма­те­риалдар мен жабдықтар өндірісін кеңейтуі қажет.

Әрине, қазақстандық кәсіпорындар пре­зи­денттік бағдарлама аясында салынатын бі­лім беру, денсаулық сақтау, спорт, энер­ге­ти­ка және басқа саладағы инфрақұрылым ны­сандарын тек құрылыс материалдарымен қам­тумен шектелмейді. Бүгінде респуб­ли­ка­да HOWO, SITRAK және Scania жүк кө­лік­­тері жасалады. Мұның сыр­тында СҚО-дағы «Қазтехмаш» зауытында қытайлық Liu­Gong брендімен экскаватор, фронталды тие­гіш, бульдозер, автогрейдер, жол катогы, ас­фа­льттөсегіш пен экскаватор-тиегіштер сияқ­ты жол-құрылыс машиналары жаса­лады. 

Астанада Barys Truck Manufactory ком­па­­ниясы қытайлық XCMG концернімен бір­лесіп, жүк автомобильдері мен жол-құры­лыс техникасын шығаратын зауыт жобасын қолға алды. Жыл соңына дейін Алматыда Volvo жүк тартқыштарын өндіре бастау жос­пар­ланған. Mercedes компаниясымен ке­ліс­сөз­дер жүргізілу үстінде. Әзірге құрылыс пен жол техникасы саласы импортқа тәуелді: жыл ішінде Қазақстан экскаватор, тиегіш, буль­дозер, грейдер, жол катоктары және бас­қасы бойынша 19,1 мың техниканы өзге ел­дерден импорттаған. Үкімет отандық өн­дірушілерді офтейк-шарт арқылы нақты де­меп, сұраныспен және қаражатпен қамта­масыз етсе, онда «Халықтық құрылыс» ма­ши­на жасау секторының да жаңа белестерді бағындыруына түрткі бола алады.

Өндіріске – кепілді тапсырыс

Айта кету керек, Президенттің өзі Жол­дау­да баса назар аударған офтейк-конт­рак­тілер тетігін жүзеге асыру бірнеше жыл бұ­рын басталды. Әсіресе мол тәжірибе «Энер­ге­тикалық және коммуналдық секторларды жаң­ғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасы аясында жи­нақталды. Онда 106 жобалау-сметалық құ­жаттама бойынша материалдар мен жаб­дықтарға қажеттілік айқындалып, көптеген кә­сіпорынның өз өнімін ұзақмерзімді келі­сім­шарт негізінде өткізуіне жол ашылған.

Энергетика министрлігінің мәлі­ме­тін­ше, бір ғана ЭКСЖ жобалары бойын­ша 144 оф­тейк-шарт жасалды. Оның шең­берінде құ­быр­лар, кабель-өткізгіш өнім­дері, темірбетон бұйымдары, желілік ар­ма­тура, электротехникалық жабдықтар жә­не басқа да отандық өнімдер жеткізіледі. Жал­пы алғанда, барлық салада ішкі өнді­ру­шілер мен ірі тапсырыс берушілер арасында бір жылда 707 офтейк-шарт бекітілген. 

Бұл тетік отандық және шетелдік биз­нес­ті жергілікті кәсіпорындарға ақша құюға, шет­елдік технологияны елде лока­ли­за­ция­лау­ға ынталандырыпты. Өнеркәсіп және құ­рылыс министрлігі офтейк-шарттар ар­қа­сында жаңа серпін алған өндіріс орындары қа­тарында мұнай-газ саласына арналған құ­бырларды, энергетика саласына қажетті трансформаторлар мен реакторларды, тау-кен металлургия кешеніне арналған өнер­кә­­­сіптік өнімдер өндіретін кәсіпорындарды ата­ды. Осы жобаларға 400 млрд теңгеден аса ин­вестиция тартылып, 3 мың жаңа жұмыс орны ашылған.

Отандық зауыт-кәсіпорындарды кепіл­ден­дірілген сұраныспен қамтуда «Самұрық-Қа­зына» қорының пайдаланылмай жатқан әлеуе­ті зор. Мәселен, ұлттық әл-ауқат қоры биыл­ғы 9 айда қазақстандық компаниялар-дан ша­мамен 1,4 трлн теңгенің тауары мен қыз­ме­тін сатып алды. Бұл былтырғыдан 45%-ға көп. Алайда бәрі бірдей ұзақмерзімді сұра­ныс емес: офтейк-шарттардың көлемі 73 млрд теңге ғана болды. 

Президент Қ.Тоқаев отандық өнімдердің рет­те­летін сатып алулардағы үлесін арт­тыру­ды және қазақстандық өндірушілермен оф­­­тейк-шарттар жасасу жүйесін жаңа дең­гейге көтеруді тапсырды. Атап айтқанда, мұн­дай шарттардың үлесін 10%-ға немесе жы­лына шамамен 2 триллион теңгеге жет­кізу міндетін қойды.

Энергетика министрі Ерлан Ақкен­же­новтің айтуынша, 2026 жылғы 9 айда бір ғана энергетика секторындағы жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу кө­лемі 3,553 трлн теңгені құрады. Оның ша­ма­мен 1,9 трлн теңгесі немесе 55,4%-ы отан­дық бизнес үлесіне тиесілі. Е.Ақкенженовтің де­регінше, министрлік Қашаған, Қара­шы­ға­нақ және Теңіз ірі мұнай-газ кенорындарын игеріп жатқан NCOC, KPO және ТШО-мен бір­лесіп, олардың сатып алуына қазақ­стан­дық өндірушілерді барынша тарту үшін тұ­рақ­ты жұмыс жүргізеді. Бір жыл ішінде опе­­раторлардың отандық тауар мен қыз­мет­терді сатып алуының жалпы көлемі 1,595 трлн теңгені немесе 56,2%-ды құрапты. Биыл бекітілген жаңа стандарт бойынша ірі жо­баларда тауарлардағы «елішілік құн­ды­лықты» (бұрынғыша – жергілікті мазмұнды) қа­зіргі 15%-дан 2029 жылы 30%-ға ұлғайту кө­зделген. Ендігі мақсат – осы сатып алу­лар­дың біраз бөлігін тұрақты, ұзақмерзімді оф­тейк-шарттар деңгейіне көшіру. Сонда жер­гілікті кәсіпорындар жылда тендер ұтып алу­ға шабылып, шығындалмай, бар күшін өз өндірісін өрістетуге шоғырландыра алады. 

Бұл міндетті орындау мақсатында оф­тейк-шарттар тетігі биыл Индуст­рия­лан­ды­ру­дың негізгі құралының бірі ретінде бе­кітілді. 2026 жылдың бірінші жарты­жыл­ды­ғын­да жер қойнауын пайдаланушылар мен ква­зимемлекеттік сектор субъектілері жалпы со­масы 466 млрд теңгеге ұзақмерзімді оф­тейк-шарт жасасты. Сонымен қатар жер қой­науын пайдаланушылармен бірге алдағы ке­зеңге арналған тағы 157 млрд теңгенің «ке­піл­дендірілген тапсырыстар қоржыны» түзіл­ген.

Жұмыс мұнымен тоқтамауға тиіс. Сон­дықтан Өнеркәсіп және Энергетика ми­нистр­ліктеріне жер қойнауын пайдалану­шы­лармен бірлесіп, қазақстандық кәсіп­орын­дардан ұзақмерзімді сатып алынатын тауарлардың тізбесі мен көлемдерін ай­қын­дау тапсырылды. Сондай-ақ «Атамекен» ұлт­тық палатасы, мүдделі меморгандар және компаниялар тізе қосып, жыл соңына дейін им­портты алмастыратын өнімдерге қатысты са­тып алудың барлық түрі бойынша «2027 жыл­ға арналған ұзақмерзімді офтейк-шарт­тар жоспарын» бекітуі қажет.

Өнеркәсіп министрлігі әкімдермен, «Бәй­терек» холдингімен және «Атамекен» па­латасымен бірлесіп, ЭКСЖ, «Халықтық құрылыс» және басқа жобаларға отандық өн­дірушілерді кеңінен қатыстыруға мін­дет­телді. Үкіметке жобаларды қалыптастыру ке­зінде қолда бар қазақстандық өнімді ес­керу, тауарларға қажеттілікті алдын ала жа­риялау және жергілікті кәсіпкерлерді өндіріс кө­лемін ұлғайтуға қажетті қаржыландыру те­тіктерімен қамтамасыз ету тапсырылды.

Офтейктің осал тұсы

Бірақ бұл бағыттағы жұмыстар мінсіз жү­ріп жатыр деуге болмайды. Жүйелі шешімін күткен мәселелер аз емес. «Ата­ме­кен» палатасының Машина жасау және ме­талл өңдеу комитеті сарапшыларының тү­сіндіруінше, офтейк-шарттарды жасау ке­зінде шикізат, құрамдас бөлшектер құ­ны­ның өзгеруі мен инфляциялық үдерістер ес­­керілуге тиіс. 

– Әйтпесе, кең таралған тә­жіри­бе бойын­ша тапсырыс берушілер бір­не­ше жыл бойы тауар мен қызметті бір ғана ба­ғамен алғысы келеді. Бұл кәсіпкерлерге тиім­сіз. Яғни баға белгілеу тетіктерін жетіл­діру қажет. Бұған қоса, импортты алмастыру тауарлары пулы­на енгізілетін өнімдер тіз­бесін кеңейту маңыз­ды. Бұл салада мем­ле­кеттік органдар­дың, даму институттарының және бизнестің жүйелі үйлестіруін талап ете­тін мәселе жет­кілікті, – деді комитет өкіл­дері.

«Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құ­қық­тарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл кеңесінің басшысы Қайыр­бек Сүлейменовтің пікірінше, сатып алулар кезінде адал бәсекелестік қағидаттары әлі де толық сақтала бермейді екен. Сондай-ақ мем­ле­кеттік тапсырыс берушілердің шарт­тық міндеттемелерін орындамау жағдайлары кездеседі. Мұның соңы соттасуға ұласады. 

– 2025 жылы соттар қараған сатып алу са­ласындағы азаматтық істер саны 30%-ға өс­ті. Оның 22%-ында кәсіпкерлердің талап­та­ры негізді деп танылды. Жиі кездесетін бұ­зушылықтар қатарында бәсекелестікті шек­тейтін талаптарды белгілеу, техникалық шарт­тарды қате қалыптастыру, сатып алу тәр­тібі мен мерзімдерін бұзу, бағалау өлшем­шарттарын дұрыс қолданбау және басқасы бар, – деді ол.

Сарапшылар офтейк-шарттарға қа­тыс­ты өзге де мәселелерді еске сал­ды. Біріншіден, бұл сала қоғамға ашық емес екен: Экономика, Өнеркәсіп, Энергетика ми­нистрліктері мен «Самұрық-Қазына» қо­ры әртүрлі статистика келтіреді. Жария­лы­лық аз болғандықтан кепілдендірілген тап­сы­рыс кәсіпорынның технологиялық да­ми­тынын білдірмейді: толыққанды отандық өн­дірістік тізбек құрмай-ақ, шетелдік жиын­тықты әкеліп, елде жай құрастыра салу де­ректері кездеседі. 

Екіншіден, офтейк-шарттардың бәсе­ке­лестікті шектейтін қыры да бар: алпауыт ком­­­­паниялар, жер қойнауын пайдалану­шы­лар ұзақ жыл тек бір компаниядан ғана өнім мен қызмет алуға міндеттелгендіктен, өзге отан­дық өндірушілер оған жолай алмайды. Бизнес өкілдері бұл салада кейде тамыр-та­ныс­тық, биліктегі тұлғамен туыстық үлкен рөл ойнайтынын айтып жүр. Бәсеке бай­лан­ған жерде береке бар ма? Мұның ақыры шарт­­та экономикалық тиімсіз бағаның бе­кі­тілуіне соқтырмақ. 

Үшіншіден, ұзақмерзімді міндеттемелер тап­сырыс берушіге де тәуекел тудырады. Оф­тейк-шарттар орта есеппен 5–10 жылға дейін бекітіледі екен. Осы кезеңде техно­ло­гия­лар өзгеруі, басқа жеткізуші инновация­лық балама ойлап табуы, тіпті өнімге қа­жет­тілік болмай қалуы мүмкін. 

Біреуге бақ, біреуге тосқауыл дегендей, тағы бір түйткіл бұл тетіктің қолжетімділігімен бай­ланысты. Шағын кәсіпорындардың ма­ман­дар тобын жалдап, бума-бума техника­лық-экономикалық негіздеме (ТЭН) әзір­леуге, мол инвестиция тартуға, ірі тап­сырыс беру­шілер қоятын қатаң техникалық талап­тар­ды орындауға көбіне шама-ресурсы жет­пейді.

Қорыта айтқанда, офтейк-шарттардың әлеуеті зор, бірақ оны тиімді пайдалануға ке­дергі де жетерлік. Үкіметтің ендігі міндеті – ол­қылықтарды жойып, мемлекеттік қол­даудың нақты нәтижесін-жемістілігін қам­тамасыз ету. Сонда ғана кепілдендірілген тап­сырыстар отандық өндірістің дамуына, ұлт­тық экономиканың өсуіне лайықты қыз­мет етеді. 

Елдос СЕНБАЙ