Елорда Тәуелсіздік күнін ерекше атап өтпек

Олардың бір бөлігі өтіп те үлгерді, бірқатары қазір іске асып жатыр. Ал негізгі мерекелік іс-шаралар желтоқсан айына жоспарланған. Бағдарламаға еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін дәріптеуге, ұлттық бірлікті нығайтуға және тарихи-мәдени мұраны сақтауға бағытталған мәдени, білім беру, спорттық және әлеу­меттік іс-шаралар енгізілген.

Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған ме­рекелік бағдарламаның бір бағыты – тұр­ғындардың өмір сүру деңгейін арт­тыру­ға және қала қауіпсіздігін қамтамасыз ету­ге бағытталған жаңа нысандарды ашу. Мә­­селен, 16 желтоқсанға дейін Астанада 11 жаңа модульдік және учаскелік полиция пунктін ашу жоспарланып отыр. Олар елорданың алты ауданында орналасады.

Алматы ауданында жаңа модульдік по­лиция пункті Тәуелсіздік пен Бауыржан Момышұлы даңғылдарының қиылысына жа­қын тұста орналасады. Байқоңыр ау­да­нын­да А.Иманов көшесі, 42 мекенжайында №25 учаскелік полиция пункті ашылады. Есіл ауданында бірден үш жаңа пункт жұ­мысын бастайды. Олар «Бағыстан», Apple City және «Куршавель» тұрғын үй ке­шен­дерінде орналасады. Тағы екі пункт Нұра ауданындағы Қазыбек би көшесі, 19/1 ме­кенжайында ашылады. Сарайшық ауда­нында екі полиция пунктін, ал Сарыарқа ау­данында Жеңіс даңғылы, 3 мекен­жайын­да тағы екі пункт ашу көзделіп отыр. Бұл жұмыс қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған «Заң мен тәр­тіп» қағидатын іске асыруды жалғас­тырады.

Тәуелсіздік мерейтойына орай өтетін та­ғы бір іс-шара ұлттық мәдени мұраны на­сихаттауға арналған. 15 желтоқсанда Күй­шілер аллеясында, Дина Нұрпейісова ес­керткішінің маңында дәстүрлі қазақ ән­дерін орындаушыларға арналған естелік тақт­а ашылады. Мерекелік бағдарламаның 60-қа жуық іс-шарасы мәдениетке, бі­лім­ге, тарихқа және Тәуелсіз Қазақстанның же­тістіктеріне арналған. Оларға шығар­ма­шылық және ғылыми зиялы қауым өкіл­дері, этномәдени бірлестіктер, студенттер, оқу­шылар мен елорда тұрғындары қаты­сады.

Алғашқы ірі іс-шараның бірі – 4 жел­тоқ­санда сағат 17:00-де елордалық Достық үйін­де өтетін Ethno Vision фестивалі. Онда Ас­танадағы этномәдени бірлестіктер өз өнер­лерін көрсетеді. Фестиваль Қазақ­стан­дағы түрлі этностардың мәдениеті мен дәс­түрінен хабардар болуға мүмкіндік бер­еді. Ал 14 желтоқсанда Президент орта­лы­ғында Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жыл­дығына арналған конференция өтеді. Одан бұрын, 10 желтоқсанда, яғни елор­да­ны көшіру күні Tarlan Astana станция­сын­да «Төрдегі төл тарих» көрмесі ашы­ла­ды. 

Тәуелсіздік жылдарында Астананың қа­лай өзгергенін 14-15 желтоқсанда Сер­вис және туризм колледжінде өтетін фо­то­көрмеден де көруге болады. Экспо­зи­ция­да осы кезеңде қалада бой көтерген ес­керткіштер тарихы мен олардың фото­сурет­тері ұсынылады.

Елорда театрлары мен концерттік алаң­дары да мерекеге орай арнайы бағ­дарлама әзірледі. 11-12 желтоқсанда «Ас­тана Балет» театры «Қыз Жібек» балетінің пре­мьерасын өткізеді. 12 желтоқсанда сағат 17:00-де Е.Рахмадиев атындағы Мем­­­­лекеттік академиялық филармонияда «Жан серігім домбыра» концерті өтеді. Көрермен алдында «Сарыарқа» халық му­зы­ка ансамблі мен дәстүрлі ән орындау­шы­лары өнер көрсетеді. Сол күні сағат 18:00-де Qazaqconcert сахнасында Ұлы даланың тарихи мен музыкалық мұрасына ар­налған «Алтын Орданың музыкасы» ат­ты мерекелік концерт басталады.

14 желтоқсанда «Алатау» спорт са­райын­да елорданың жас буын өкілдерін бі­ріктіретін «Тәуелсіз елдің ұрпағымыз!» жас­тар фестивалі өтеді. Осы күні Е.Рах­мадиев атындағы Мемлекеттік ака­де­мия­лық филармонияда «Қазақстан Тәуел­сіз­дігіне – 35 жыл: жаңа белес – жарқын бо­лашақ» атты мерекелік концерт өтеді. 15 желтоқсанда М. Горький атындағы Мем­лекеттік академиялық орыс драма теат­ры «Абай: ғасырлар даналығының шыңы» атты музыкалық-поэтикалық ком­по­зицияның премьерасын ұсынады. Қойы­лымға қазақтың ұлы ақыны әрі ой­шы­лының шығармалары арқау болған. «НАЗ» мемлекеттік би театры «Қазақстан Тәуелсіздігіне 35 жыл» хореографиялық спек­такль-концертін әзірледі. Ал елор­да­лық филармония сахнасында «Шаншар» театры мерекелік бағдарламамен өнер көрсетеді. Әзіл мен жастар шығар­ма­шы­лы­ғын сүйіп тамашалайтындар үшін осы кү­ні сағат 20:00-де Бейбітшілік және келі­сім сарайында өтетін Jaidarman TOP жоба­сының финалдық ойыны өтеді.

Тәуелсіздік күні – 16 желтоқсанда елор­­­даның театрлары, музейлері мен кон­церт алаңдары қала тұрғындары мен қо­нақ­тарына арнап мерекелік бағдарлама ұсынады. Сағат 12:00-де Қуыршақ театры бүл­діршіндерге арнап «Алдар көсемен та­ныссың ба?» ертегісін ұсынады. Қойылым арқылы бүлдіршіндер қазақ фольк­лорын­дағы тапқырлығымен танылған Алдар көсенің қызықты оқиғаларына куә бо­ла­ды. Ал сағат 17:00-де Astana Opera теат­рын­да «Тәуелсіздік толғауы» атты мере­ке­лік концерт өтеді. 18:00-де Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры аты аңызға айналған қазақ балуанына арналған «Қажымұқан» спектаклін ұсынады. 19:00-де Музыкалық жас көрермен театрында әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Шәмші» мюзиклі көрсетіледі.

Тағы бір маңызды мәдени іс-шара – Ұлт­тық музейде «Алтын Орда» көрмесінің ашылуы. Елордадағы балалар кітапха­на­лары мен мектепке дейінгі мекемелерде «Тәуелсіздік – бала көзімен» тақырыбында көр­мелер ұйымдастырылады. Байқоңыр ауда­нының Ардагерлер кеңесінде «Ұр­пақтар сабақтастығы» атты тақырыптық кездесу өтеді.

Мәдени іс-шаралар легі 16 желтоқсан­мен аяқталмайды. 18 желтоқсанда елор­да­лық филармония «Ән шашу» концертін ұсы­нады. Кеш барысында ұлттық музы­ка­лық мұрамыздың ажырамас бөлігіне ай­налған Нұрғиса Тілендиев пен Шәмші Қал­даяқовтың танымал шығармалары орын­­далады.

Тәуелсіздіктің 35 жылдығын мерекелеу ая­сында балалар мен жастарға да айрықша на­зар аударылады. Білім беру бағытындағы іс-шаралар тарихи оқиғаларды зер­де­леумен шектелмейді. Бағдарламаға өске­лең ұрпақтың шығармашылық және зият­керлік әлеуетін дамытуға, ғылым мен за­ма­науи технологияларға қызығушылығын арт­тыруға, сондай-ақ кәсіби тұрғыда өзін та­нытуына мүмкіндік беретін бастамалар енгізілген.

Мәселен, Балалар-жасөспірімдер ту­риз­мі және өлкетану орталығы оқушылар ара­сында «Отан жолымен» зерттеу жоба­лары байқауын өткізіп жатыр. Байқауға қатысушылар туған өлкенің тарихы мен мә­дени мұрасына арналған зерттеу жұмыс­тарын ұсына алады. №38 мектеп-лицейін­де еңбекқорлықты, кәсіби шеберлікті және еңбек адамдарына құрметті дәріп­тей­тін «35 шебер керуені» көрмесі ұйым­дас­тырылады.

3 желтоқсанда әл-Фараби атындағы Оқу­шылар сарайында «Ұлы даланың жеті қыры» атты балалар суретінің байқауы өтеді. Ал 8-14 желтоқсан аралығында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің филиалы студенттер ара­сында «Менің Тәуелсіз Қазақстаным» шы­ғармашылық байқауын өткізеді. 10 жел­­­тоқсанда STUDENT UNITY жобасы ая­­сында студенттік клубтар арасында пікір­сайыс өтеді. 15 желтоқсанда «Білім парк» филиалында ROBOARENA ро­бо­тотехникадан қалалық жарысы өтеді.

Елордалық кітапханаларда да еліміздің та­рихына, ұлттық әдебиетке және Қазақ­станның Тәуелсіздік жылдарындағы же­тіс­тіктеріне арналған арнайы тақырыптағы әдеби кештер, көрмелер мен кездесулер ұйым­дастырылады. Бұдан бөлек, Сәкен Сейфуллин музейінде, «АЛЖИР» музей-ме­мориалдық кешенінде және Өнер му­зейін­де «Қазақстан Тәуелсіздіктің 35 жыл­дық белесінде» атты музей марафоны бас­талады.

Мерекелік бағдарламаның 30-дан ас­там іс-шарасы спорт, әлеуметтік және эко­логиялық бағыттарға арналған. 8-12 жел­тоқсан аралығында «Аспан» спорт ке­шенінде жастар, кадеттер мен жасөс­пірім­дер арасында кикбоксингтен респуб­ли­калық турнир өтеді. 12 желтоқсанда «Са­рыарқа» велотрегінде триатлоннан қа­ла­лық турнир, ал «Толқын» спорт кешенінде жал­пы дене дайындығынан елорда чем­пио­наты болады. Сол күні шығармашылық зия­лы қауым өкілдері – жазушылар мен журналистер арасында бильярдтан ерекше турнир ұйымдастырылады. 15 желтоқсанда Паралимпиадалық жаттығу орталығында таеквондодан ашық чемпионат өтеді. Ме­рекеге орай «Елорда» клубының спорттық жыл қорытындысы да жарияланады. Сал­танатты рәсімде 2026 жылы елеулі нәти­же­лерге қол жеткізген спортшылар мара­пат­талады.

Тәуелсіздік күні спорт іс-шаралары қа­ла­ның ашық кеңістіктерінде де өтеді. Мә­селен, 16 желтоқсанда EXPO аумағын­дағы мұз айдынында жақын маңдағы тұр­ғын үй кешендерінен келген балалар ара­­сында «Көңілді старттар» ұйым­дас­ты­ры­лады. «Барыс» спорт кешенінде U13 жә­не U16 жас санаттары бойынша ко­мандалар арасында шайбалы хоккейден Қа­зақстан чемпионаты өтеді. 16-19 жел­тоқ­сан аралығында «Барыс Арена» мұз са­райында Astana Open ашық турнирі өте­ді. Ал 18-20 желтоқсан аралығында Qazaq­stan жеңіл атлетика спорт кешенінде ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған жеңіл атлетикадан Астана ашық чем­пио­наты ұйымдастырылады.

Елорда тұрғындары Тәуелсіздік ме­рей­тойына арналған мерекелік іс-шараларға қала­лық алаңдарда ғана емес, әлеуметтік желілер арқылы да қатыса алады. 1 жел­тоқ­саннан бастап мерекелік ақпараттық нау­қан аясында «Менің Қазақстаным» он­лайн-челленджін іске қосу жоспар­ланған.

Тағы бір бастама – «35 жылдан кейін» фо­тобайқауы. Жоба аясында қазақ­стан­дықтарға жеке және отбасылық мұра­ғат­тарын ақтарып, 1991 жылы түсірілген фо­­­­тосуреттерін тауып, оларды бүгінгі сурет­терімен салыстырады. Сондай-ақ елор­дада «Тәуелсіздік куәгері» онлайн-чел­ленджін іске қосу жоспарланған. Оған Қа­зақстанның тәуелсіздік алған күнін өз көзі­мен көріп, сол тарихи сәтті әлі күнге дейін жадында сақтаған тұрғындар қатыса алады. Сонымен қатар 16 желтоқсанда Есіл өзенінің жағалауында қала тұрғын­дары арасында «Тәуелсіздіктің 35 жылы: Қа­зақстанның жетістіктері, бірлігі мен бо­лашағы» тақырыбында блиц-сауалнама өт­кізіледі.

Желтоқсан айында елордалық волон­тер­лер мен белсенді жастар дәстүрлі «Қам­қор­лық мекенжайлары» акциясына қаты­са­ды. Олар жалғыз тұратын қарттардың үй­ле­ріне барып, аулаларының қарын кү­реп, ауласын ретке келтіруге және күн­де­лікті тұрмыстық жұмыстарға көмектеседі. 15 желтоқсанда «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында Қазақстан Қару­лы күштерінің Ұлттық әскери-пат­риоттық орталығының қатысуымен «Тәуел­сіздік – тірегіміз» атты концерт өте­ді. «Жанұя» орталығы театрланды­рыл­ған қойылым, патриоттық әндер мен өлең­дер орындалатын мерекелік бағдарла­ма әзірлеп отыр. Ал «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында «Тәуелсіздік бе­лестері» атты әдеби куест ұйымдас­ты­ры­лады.

Елордада «35 игі іс» ортақ ұранымен эко­логиялық бастамалар да жалғасады. Жыл бойы осы бағытта ағаш отырғызу, абат­тандыру және қала аумағын санитар­лық тазарту акциялары өткізіліп келеді.

Айтулы күнге орай елорда көшелеріне мем­лекеттік тулар ілініп, шағын сәулет ны­сандары мен тақырыптық баннерлер ор­натылды. Мерекелік безендіру ғимарат­тардың қасбеттерінен, қалалық 3D LED-экраннан және алып шолу дөңгелегінен де көрініс тапты. Қала көркін мерекеге сай бе­зендіруге сауда-ойын-сауық орталық­тары да үлес қосып, олардың LED-экран­дарынан Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жыл­дығына арналған бейнероликтер көр­сетіліп жатыр. Қорыта айтқанда, елор­д­аның айтулы күнге жоғары деңгейде дайын­далғанын көре аламыз.