Татами шыңдаған спортшы

Жамбыл өңірінде спорттық шеберлігін шыңдаған каратэші халықаралық додаларда ел намысын қорғап, Азия чемпионы атанды. Қазір АҚШ-та тұратын жерлесіміз спорттық мансабын төрешілік қызметпен ұштастырып, жаңа белестерді бағындыруға бет алды. 

Спортшы үшін әр жарыс­тың өзіндік орны бар. Бірі үлкен спортқа жол ашса, ен­ді бірі жинаған тәжірибеңді та­разылап, өз мүмкіндігіңді ба­ға­лауға көмектеседі. Қаусар Ес­теусіз үшін Нью-Йорктегі ке­­­зекті турнирдің маңызы ерек­ше болды. Бұл жолы ол татамиде қар­сыластарымен күш сынасып қа­на қоймай, төреші ретінде де жауап­кершілік арқалады. Биыл­­ғы NYC Queens Karate Championship жарысына 228 спорт­шы қатысқан. 18-34 жас ара­­лығындағы әйелдер арасын­да кумите бағдарламасы бойын­ша бақ сынаған Қаусар екі жек­пе-жек өткізіп, қос кезде­суін­де де қарсыласынан басым түс­ті.

Кумите – каратэнің спорт­шыдан жыл­дам­дықты, ұтқырлықты, төзімділік пен тактикалық сауаттылықты қатар талап ететін бағыты. Мұн­да қарсыластың әр қимылын қалт жібермей, санаулы секунд ішінде дұрыс шешім қабылдай білу – маңызды. Кейде бір ғана сәтсіз әрекет бүкіл кездесудің нә­тижесіне әсер етеді. Сон­дық­тан физикалық дайындықпен қатар спортшының психо­ло­гия­лық тұрғыдан да мықты бол­уы қажет. Дегенмен бұл жо­лы отандасымыздың міндеті жеңіс тұғырынан көрінумен шек­телген жоқ. Турнир қар­саңын­да төрешілік емтиханы­нан өткен Қаусар жарыстың өзге санаттарындағы жекпе-жек­терді бағалауға мүмкіндік алды. Өзі де жарысқа қатысып жүр­ген спортшы үшін төрешілік қыз­мет каратэнің бұрынғыдан өзге қырын тануға жол ашқан. 

– Турнир алдында төрешілік ем­тиханынан өтіп, барлық са­наттағы жекпе-жектерді баға­ла­дым. Бір жарыста әрі спорт­шы әрі төреші болу – үл­кен жауапкершілік. Себебі татамиге шық­қан­да жеңіске жетуге бар күшіңді салсаң, тө­реші ретінде әр шешіміңе мұ­қият болуың керек, – дей­ді Қаусар.

Бала күнінен спортқа ден қою оңай емес. Қатар­лас­тары ойын қуып жүрген шақта күнделікті жаттығуға бару, бапкердің тапсырмасын орын­дау, жарысқа дайындалу жас спортшыдан тәртіп пен тө­зім­ділікті талап етеді. Кейіп­ке­ріміздің кейінгі жетістіктерінің негізі де осы жылдары қаланды. Ка­ратэмен шұғылдана баста­ға­нына үш жыл толғанда ол ха­лық­аралық аренада алғашқы ірі жеңісіне қол жеткізді. Тоғыз жа­сында Грузияның Батуми қа­ласында шотокан каратэсінен өт­кен әлем кубогына қатысып, чем­пион атанды. Аталған жа­рыста әлемнің 20 елінен келген 800-ден астам спортшы бақ сынаған.

Спортшы қыз осыдан бес жыл бұрын Азия чем­пионатында кадеттер арасында 47 келіге дейінгі салмақта алтын медаль иеленді. Құрлықтық до­да­дағы жеңіс оның өз жас са­на­тындағы мықты спорт­шылар­дың қатарынан көрінуіне мүм­кін­дік берді. Ал 2022 жылы Түр­­кияның Конья қаласында Дү­ниежүзілік каратэ феде­рациясының (WKF) ұйымдас­ты­руымен өткен әлем чемпио­на­тында ел атынан өнер көр­сет­ті. Сол жылы халықаралық дә­режедегі спорт шебері ата­ғына ие болды. Оның Түр­кия­да­ғы әлем чемпионатына жол­да­ма алуына елордада өткен ха­лықаралық рейтингілік тур­нир­дегі жеңісі сеп болды. Жам­был облысының Дене шы­нықтыру және спорт басқар­ма­сының мәліметінше, 2022 жыл­дың 26-29 тамызында ұйым­дас­ты­рылған II NUR-SULTAN CUP жарысында Қаусар 48 ке­ліге дейінгі салмақта алтын ме­­даль жеңіп алған. Сол тур­нир­дің қорытындысы бойынша Жам­был облысының бес спорт­шысы әлем чемпионатына жол­­дама иеленсе, олардың қа­та­рын­да Қаусар да болды. Сөй-т­іп, қазақ қызы аз уақыттың ішін­де республикалық жа­рыс­тардан ха­лықаралық деңгейге кө­те­рілді. Әр елдің спортшы­ла­ры­мен кездесіп, түрлі каратэ мектеп­тері­нің өкіл­де­рі­мен күш сы­насуы оның өзін­дік жекпе-жек мә­нерін қа­лып­тас­тыруына ық­пал етті.

Қаусардың спорттық ман­са­­бындағы айтулы жетіс­ті­гінің бірі – Хорватиядағы халық­ара­лық турнирде топ жаруы. 2023 жы­лы Пореч қаласында өткен Karate1 Youth League – Porec 2023 жарысына әлемнің 72 елі­нен 3 275 спорт­­шы жиналды. Қа­­зақстан атынан атал­ған до­даға 20 кара­тэші қа­ты­сып, олар­­дың же­теуі жүлде­гер атан­ды. Ерекше атап өтер­лігі, Қа­зақ­­стан құрама­сы­ның қор­жы­нына түскен жеті ме­даль­дің жал­ғыз алтынын Қаусар Ес­теу­сіз жеңіп ал­ды. 48 ке­ліге дейін­гі сал­мақта өнер көр­сеткен жер­­ле­сіміз өз сан­а­тын­да үз­дік ата­нып, ел құрама­сы­ның та­быс­­ты өнер көрсе­туі­не үлес қосты. 

Әдетте, спортшы­ның же­тіс­тігін ме­­даль санымен өл­шей­­тініміз рас. Алай­да әр жүл­де­нің ар­тын­да көп­ші­лік­ке кө­ріне бер­мей­тін ең­бек, ұзақ дайын­­дық, сәтсіз­діктер мен қай­та еңсе көтерген сәт­тер ж­а­та­ды. Қаусар да өзінің спорттық жо­лында жеңілістің аз бол­ма­ғанын жа­сырмайды. Керісінше, ол сәтсіз өткен кездесу­лер­дің кә­сіби тұрғыдан өсуі­не кө­мек­тескенін айтады.

– WKF рейтингі бойынша сегіз халықаралық турнирде 28 жекпе-жек өткіздім. Оның 21-інде жеңіске жетіп, жетеуінде жеңілдім. Бірақ әр жеңілістен сабақ алдым. Әр жарыс – өзімді шыңдаудың мүмкіндігі. Кейде жеңілістің өзі келесі жеңіске бастайтын маңызды тәжірибе болады, – дейді ол.

Спортшының бұл көр­сет­кіші халықаралық рей­тингілік жарыстардағы кез­де­сулерінің 75 пайызында жеңіс­ке жеткенін аңғартады. Де­генмен Қаусар үшін жекпе-жектің нәтижесінен бөлек, сол кездесуден түйген сабақтың да маңызы бар. Оның үстіне, жа­сөс­пірімдер мен жастар ара­сын­дағы жарыстардан ересек­тер бәсекесіне ауысу кез келген спортшы үшін оңай емес. Қар­сыластардың тәжірибесі артып, жекпе-жектің қарқыны өзге­ре­ді, дайындыққа қойылатын та­лап та күшейеді. Қаусар қазір спорт­тық мансабының осындай жауап­ты кезеңін бастан өткеріп жүр.

Бүгінде кейіпкеріміз АҚШ-тың Вирджиния шта­тында тұрады. Елден жы­рақ­та жүргеніне қарамастан, ба­ла күнінен серік еткен спор­тын тастаған жоқ. Қазір бапкер Ашок Кумардың жетекшілігімен жаттығып, шеберлігін шыңдап келеді. Бұған дейін, 2024-2025 жыл­дары, Жамбыл облыстық ка­ратэ федерациясында 6-16 жас аралығындағы балаларды жат­тықтырған. Енді бапкерлік тә­жірибесін АҚШ-та жалғас­тыру­ды көздейді. Алдағы жел­тоқ­санда Лас-Вегаста бапкер Денис Моро­зовтың жаттығу жиы­нына қаты­суды жоспарлап отыр. Сондай-ақ жоғары дең­гей­дегі жарыстарда өнер көрсе­тіп, төрешілік санатын көтеруді және балаларға арналған каратэ бағдарламасын ашуды мақсат еткен.

– Жас спортшыларға қо­рық­­пау керек дер едім. Тоғыз жа­сымда да осыны айтқанмын: іш­кі сенім болса, жеңіс те келе­ді. Бастысы – жаттығуды таста­мау және әр жекпе-жектен са­бақ алу, – дейді Қаусар Естеусіз.

Таразда спорттық жолын бастаған қазақ қызы бү­гінде мұхиттың арғы бетінде жаңа белестерді бағындыруға ұм­тылып жүр. Оның ендігі мақ­саты – спорттағы жетістіктерін жал­ғастырып, жинаған тәжі­ри­бесін жас буынға үйрету.

Cымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ