Мәжіліске Қырғыз Парламенті спикері келді

Мәртебелі мейманды қарсы алған Ерлан Қошанов қазақ пен қырғыз халық­тарын ортақ тарих пен рухани-мәдени құндылықтар, сондай-ақ ғасырлар бойғы бауыр­ластық біріктіретінін атап өтті. Сондықтан бүгінгі таңда екі ел арасында берік байланыс орнаған. Біздің халық­тарымыздың бола­шағын да бөліп қарас­тыруға болмайды.

– Президенттеріміз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаровтың саяси ерік-жігерінің, сындарлы саясатының ар­қасында қарым-қатынасымыз қарқын­ды дамып келеді. Мемлекеттеріміздің басшылары достықты бекемдеп, бірлесе даму үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Ынтымақтастықтың одақтастық сипатын жоғары деңгейдегі кездесулер айшықтап отыр. Біз өз тарапымыздан мем­лекеттеріміздің басшылары ара­сын­дағы уағдаластықтарды заң­намалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін парламент­аралық ықпалдас­тықты одан әрі ны­ғайтуға мүд­деліміз, – деді Мәжіліс спи­кері. 

Сонымен қатар Ерлан Қоша­нов Парламентаралық ынтымақ­тастық кеңесінің рөлі ерекше екеніне назар аударды. Онда парламенттер басшылары деңгейінде әріптестіктің маңызды тақы­рыптары тұрақты түрде көтеріліп жүр. Мәжіліс төрағасы­ның пікі­рінше, екі ел депутаттары туын­даған барлық мәселені достық топтары мен салалық комитеттер деңгейінде талқылай отырып, уақытылы шешілуіне елеулі үлес қосып келеді.

Әңгіме барысында тараптар ТМД Парламентаралық ассам­блея­сы, ҰҚШҰ Парламенттік ассамблеясы, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы және ТүркПА сияқты көпжақты парламенттік алаңдар­дағы тиімді ынтымақтастыққа да тоқ­талды.

Ерлан Қошанов қырғыз әріп­тесіне соңғы жылдары Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалар туралы мәлімет берді. Осы бағыттағы не­гізгі қадамның бірі жалпы­халықтық референдумда жаңа Кон­сти­туцияның қабылдануы және оның қағидаттарының кейін­нен Парламент қабылдаған заң­дарда бекітілуі болды. Атап айтқанда, Жогорку Кенеш депу­таттары «Президент туралы», «Құ­рыл­тай және оның депутаттарының мәр­тебесі туралы», «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» және басқа да конституциялық заңдардың негізгі ережелерімен танысты.

Өз кезегінде Марлен Маматалиев қа­зақ­стандық әріптестеріне қонақжайлығы үшін алғыс айтып, алдағы тамыз айын­дағы Құрылтай депутаттарының сайлауына да­йын­дық жүргізу және өткізу ісіне табыс тіледі.

Сауда-экономикалық ынты­мақ­тас­тықты сөз еткен Қырғызстан Парламенті­нің басшысы екіжақты тауар айна­лымы­ның қазіргі сер­пініне қанағаттанатынын айтып, индустрияландыру, ауыл шаруа­шылығы, туризм және «жасыл» энергетика салаларындағы серік­тестікті терең­дету перспективаларына тоқталды.

Кездесу барысында тараптар заң шығару саласында тәжірибе алмасуды және өңір үшін өзекті мәселелер бойынша диалогты жалғастыруға уағдаласты. Атап айтқанда, азық-түлік қауіпсіздігі, су және энергетика салаларындағы ынты­мақ­тастық мәселелері қа­ралды.

Екіжақты ынтымақтастықты нығай­тудың тағы бір маңызды бағыты ретінде цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту жайы айқындалды. Ерлан Қо­шанов ол үшін Қазақстан мен Қыр­ғызстанның қажетті құқықтық және институционалдық негізі дайын екенін атап өтті. Екі елде де Цифрлық кодекс қа­былданып, жасанды интеллектіге негіз­делген инновациялық жобалар мем­лекеттік органдардың жұмысына белсенді түрде енгізілуде. Бұл ретте тараптар осы салада да тәжірибе алмасуға келісті.

Қырғыз Парламенті делегация­сының бағдарламасында ресми кездесулерден бөлек, Alem.ai жасанды интеллект орта­лығына, «Ас­тана» халықаралық қаржы орта­лығына бару және елордадағы мә­­дени нысандарды аралау жос­парланған.