Екі ел байланысын бекемдеген бастама

Сол сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль Президенті Ицхак Герцогпен кездесті. Тараптар екі ел қарым-қатынасының қарқынды сипат алғанын сөз етіп, ынтымақтастықты дамыту перспективасын талқылады. Осы орайда біз Қазақстан – Израиль байланыстары қалай өрбіп жатқанына аз-кем тоқталуды жөн санадық.

Негізі Бакудегі кездесу – Президенттердің биыл алғаш басқосуы емес. Биыл сәуір айында Ицхак Герцог Астанаға келген болатын. Сол сапарда мем­лекеттер арасындағы бай­ланысты нығайтуға айтар­лық­тай серпін берілді. Израиль Пре­зиденті де Қазақстанға са­па­рын ризашылықпен еске ал­ды.

Енді екі ел арасындағы сау­­да-экономикалық көрсет­кіш­терге тоқталып өтейік. Сырт­қы істер министрлігінің де­регінше, Қазақстан мен Израиль арасындағы тауар ай­налымы 2025 жылдың қо­ры­тындысы бойынша 193,5 млн долларды құрады. Ал биыл алғашқы жеті айда 75,2 млн долларға жетіп, өткен жыл­дың сәйкес кезеңімен са­лыс­тырғанда 30,3 пайызға өс­кенін байқадық. 

Жалпы, Қазақстан Израи­ль­­ге мұнай, күкірт, түсті ме­тал­дар, минералды тыңайт­қыш­тар және ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін экспорттайды. Өз кезегінде Израиль елімізге жоғары технологиялық жаб­дық­тар, медициналық при­бор­лар мен фармацевтика өнім­дері, химиялық өнімдер, апе­льсин шырыны мен эк­зо­ти­калық жемістерді жеткізеді. 

Қазір кез келген елдердің ара­сындағы қарым-қатынаста ин­вестиция мен бірлескен жо­балар өзінше бір өлшем се­кіл­ді қалыптасқан. Израиль ком­паниялары Қазақстан эко­­номикасына 500 млн дол­лардан астам тікелей инвес­ти­ция құйған. Екі ел арасындағы серіктестік энергетика және логистика бағытында дамып келеді. Осыған дейін израиль­дік ValueLBH Fund инвес­ти­ция­лық қоры Қазақстандағы инфрақұрылымдық және ло­гис­тикалық хабтарды дамы­туға, сондай-ақ энергетикалық жобаларға 1,5 млрд доллар кө­лемінде инвестиция салуға ниет білдіріп, келіссөздер жүр­­гізе бастады. 

Сол секілді ауыл шаруа­шы­­лығы саласында да ынты­мақ­тастық жақсы деңгейде. Израильдің су ресурстарын бас­қару және тамшылатып суа­ру жүйелері Қазақстанның оң­түстік және орталық өңір­лерінде кеңінен енгізіліп жа­тыр. Құс шаруашылығы мен сүт өндіру фермаларын цифр­лан­дыру және заманауи из­раиль­дік жабдықтармен жа­рақ­тандыру жобалары жүзеге аса бастады. 

Салалар жайын сөз ет­кен­де Израильдің медицинадағы жетістіктерін айтпай кетуге бол­мас. Жиған тәжірибесін бұл ел Қазақстанмен бөлісуге даяр. Екі ел арасында клини­ка­лық базаларды модерниза­ция­лау және израильдік озық тех­нологияларды (онкология, кар­диохирургия және реаби­ли­тация саласында) Қазақ­стан ауруханаларына енгізу бойынша бірлескен жобалар бар.

Цифрландыру мен инно­ва­­циялық жаңалықтарды да ес­кермей кетпесіміз анық. Стар­таптар мен ақпараттық тех­нологиялар саласында тә­жіри­бе алмасу әлдеқашан қол­ға алынды. Израильдің Silicon Wadi экожүйесі мен Astana Hub арасындағы ынты­мақтастық бар. 

Айтпақшы, алдағы уақыт­та екі ел визасыз режимге кө­шуі мүм­кін. Себебі жыл ба­­сын­да Қа­­зақстан мен Из­раи­ль­дің Сырт­­қы істер министрлері ұлт­­тық паспорт иелерін виза­лық талаптардан босату жө­ніндегі ықтимал келісімге қа­тысты ниет туралы ме­мо­ран­­думға қол қойған болатын. Яғ­ни қоғамдық дипломатия саласындағы ынтымақтастық дамып келеді.

Қалай алғанда да, Қазақ­стан Президентінің Израиль би­лігінің өкілімен кездесуі те­­гін емес. Шамасы, басшы­лар екі ел арасындағы жоба­лар­ды пысықтап, алдағы келі­сім­дер­дің іргетасын талқыласа ке­рек.

Е.НҰРЕКЕШ