Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев Қырғызстан Жогорку Кенешінің Төрағасы Марлен Маматалиевпен кездесті

Мәулен Әшімбаев мейманға ілтипат білдіре келе, өзара сенім мен достыққа негізделген жоға­ры деңгейдегі диалогтың арқа­сында қазіргі таңда Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы қарым-қатынас дәйекті түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Соның нәтижесінде екіжақты ынты­мақ­тастық сапалық тұрғы­дан жаңа дең­гейге көтеріліп отыр. Осыған байланысты ол екі ел басшыларының бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қолдаудың және парламентаралық байла­ныс­тарды, соның ішінде халық­аралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды жандандыру­дың маңы­зына назар аударды.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан мен Қыр­ғызстан – тек тату көрші емес, ғасырлармен өлшенетін ортақ тарих, мәдениет және дәстүр біріктіретін бауырлас халықтар екенін үнемі айтып келеді. Бүгінде екі ел арасында сенімді саяси диалогқа, өзара қолдауға және көпдеңгейлі ынтымақтас­тыққа негізделген берік серіктес­тік дәйекті түрде дамып келеді. Мемлекет басшылары­ның күш-жігерінің арқасында одақтастық қатынастарымыз нығайып, екі­жақты ынтымақтастық сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көте­рілді. Қырғызстан Президенті Садыр Нұрғожаұлы Жапаровтың 2024 жылы Астанаға және Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жыл­ғы тамызда Бішкекке жасаған ресми сапарлары екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін берді. Бү­гінде екі ел арасындағы пар­ламент­аралық бай­ланыстар да қарқынды дамып отыр», – деді Мәулен Әшімбаев. 

Сонымен қатар тараптар Жо­ғары Еу­разиялық экономикалық кеңестің оты­рысы мен V Еуразиялық экономикалық фо­рум­ның қорытындыларына на­зар ау­дар­ды. Бұл ретте Қазақстан мен Қыр­ғызстан Парламент­терінің алдында жо­ғары деңгейде қол жеткізілген уағдалас­тық­тарды заңнамалық тұрғыдан қамтама­сыз ету міндеті тұрғаны айтылды. Эко­номика­ның негізгі салаларын цифрлан­дыруға және жасанды интеллект техно­логия­ларын өзара мүдделерді ескере отырып қауіпсіз енгізуге арнал­ған бірыңғай құқықтық базаны жедел қалыптастыру мәселелері де сөз болды. Сондай-ақ өңір­ара­­лық ынтымақтастықтың әле­уетін дамы­туға қатысты міндет­тер айқындалды.

Өз кезегінде Марлен Мама­та­лиев Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси ре­формаларға жоғары баға беріп, парламент­аралық ынтымақтас­тықты нығайтуға мүдделі екенін білдірді, сондай-ақ, сауда-эко­номикалық және мәдени-гу­мани­тар­лық байланыстарды кеңейтуге бағытталған бірлескен жобаларды заңнамалық тұрғы­дан қамтамасыз ету мәселелеріне қызығу­шылық танытты.