«Тұяқ»: ең маңызды сөздер үнсіздікте айтылады

«Тұяқ» — есту және сөйлеу қабілеті шектеулі жандардың тыныс-тіршілігі мен тағдырын арқау еткен алғашқы отандық кино туынды. Аталған толықметражды фильм ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен  түсіріліп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сюжетіне келсек, шағын ғана ауылда анасы Мәрияммен бірге Сабыр және Аман есімді ағайынды жігіттер тұрады. Үлкені Сабыр тумысынан есту қабілетінен айырылған, бірақ өз ісіне өте ұқыпты, талантты мал дәрігері. Ал інісі Аман ағасының қасынан бір елі қалмай, оған үнемі қолғабыс етеді және еститін дүние мен кереңдер әлемінің арасындағы сенімді дәнекер, алтын көпір іспетті.

Ағайындылардың туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігімен, болашаққа деген тәтті армандарымен және күнделікті күйбең тіршілікпен өрілген мамыражай өмірі күрт өзгереді. Отбасының өміріне бұдан тура жиырма жыл бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен әкесі қайта оралады. Бұл күтпеген қонақтың келуі ұмыт болған естеліктерді, іште бұғып жатқан айтылмаған өкпе мен жауапсыз қалған сансыз сұрақтарды қайта тірілтеді. Өткеннің ащы жарасы қайта тырналып, отбасының әрбір мүшесі өз өткенімен бетпе-бет келуге мәжбүр болады.

«Тұяқ» — бұл отбасылық құндылық, шынайы кешірім мен адамға берілетін екінші мүмкіндік туралы терең адамгершілік драма. Естімейтін кейіпкерлердің тағдыры арқылы фильм өзара түсіністік, жады, айырылу мен ішкі жан дүниенің тыныштығын іздеу сияқты маңызды тақырыптарды зерттейді. Кинотуынды ең маңызды, ең қастерлі сөздердің кейде ешқандай дыбыссыз-ақ, тек үнсіздікте ғана шынайы естілетінін дәлелдейді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.