Қазақстандық боксшы Теміртас Жүсіпов пен жұбайы әлеуметтік желіде бірге видеоүндеу жариялап, отбасын сақтап қалуға шешім қабылдағанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Спортшының айтуынша, олардың отбасына қатысты түрлі ақпарат тарағандықтан, жағдайға өздері түсініктеме беруді жөн көрген. Ол ерлі-зайыптылар арасында отбасылық жанжал болғанын растады. Бірақ болған жағдайды бірге талқылап, татуласып, отбасылық өмірді жалғастыруға келіскенін айтты.
Өз кезегінде жұбайы күйеуіне қатысты жазған арызын өз еркімен қайтарып алғанын және қылмыстық істі тоқтатуды сұрағанын жеткізді. Оның сөзінше, бұл шешімді ешқандай қысымсыз қабылдаған. Сондай-ақ ерлі-зайыпты жұртшылықтан жеке өмірлеріне құрметпен қарауды өтінді.
Еске салайық, бұған дейін Теміртас Жүсіповтің әйеліне қол көтергені туралы ақпарат тараған. Осыған байланысты Ақмола облысының полициясы денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған еді.









