Кемелдік кілтін кітапханадан табасыз

Алайда бұл мақсатқа жету үшін оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттырумен қатар, кітапханалардың да жағдайын жақсарту қажет. Өйткені бір жерде заманауи құрал-жабдықпен қамтылған, жаңа жобаларды жүзеге асырып жатқан кітапханалар болса, енді бір өңірлерде әлі күнге дейін апатты ғимараттарда жұмыс істеп тұрғандары бар. Ендеше өңірлік кітапханалардың бүгінгі ахуалы қандай? Кітап қоры оқырман сұранысына сай жаңарып жатыр ма? Кітапханаларды заман талабына бейімдеу үшін қандай жұмыстар қолға алынған? Осындай сауалдардың жауабын сала мамандарынан сұрап білдік.

Кітапхананы сақтап қоймай, дамытуымыз керек

– Президентіміз кейінгі кезде кітапханалардың жай-күйі мен олардың қоғамдағы маңызына назар аударып келеді. Осы орайда өңірдегі кітапханалар желісінің қазіргі материалдық-техникалық жағдайы қандай? Жалпы, жағ­­да­йы сын көтермейтін кітапхана­лар­мен қалай жұмыс жүргізіліп жатыр?

Анар НУРИҚЫЗЫ, 

Құрманғазы аудандық ОКЖ басшысы: 

– Құрманғазы аудандық ор­талықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты бүгінде барлы­ғы 28 кітапхана халыққа қызмет көрсетіп келеді. Оның ішінде аудан­дық орталық кітапхана, аудандық балалар кітапханасы және 26 ауылдық кітапхана бар. Әрине, олардың мате­риалдық-техникалық жағдайы біркелкі деп айта алмаймыз. Кей­бірі жеке ғима­раттарда орналасып, қа­лыпты жағдайда жұмыс істеп отырса, бірқатары­ның орналасу мәселесі әлі де өзекті. 

Қазір ерекше назар аударуды қажет ететін нысандардың қата­рында Лабай және Үштаған ауыл­дық кітапханаларын атап өту­ге болады. Олар клуб ғима­рат­тарының ішінде орналасқан. Бұл ғимарат­тардың техникалық жағ­дайы талапқа толық сай емес, апатты деп танылған ны­сандарда жұмыс істеп отыр. Мұндай жағ­дайда кі­тап­хананың өз қызметін толық­қанды ұйым­дастыруы, кітап қо­рын талапқа сай орна­ласты­руы, оқырманға жайлы әрі қауіпсіз орта қалып­тастыруы белгілі бір деңгейде шектеледі. Дегенмен кітап­хана­шылар қа­лыптасқан жағдайға қарамастан, ауыл тұрғындарына қызмет көр­сетуді тоқтатқан жоқ. Күнделікті жұмысын жал­ғастырып, түрлі іс-шара өткізіп келеді. Со­нымен қатар аудан кітапха­на­ларының бірқатары мәдениет үйлерінде, клуб ғима­раттарында, мектептер мен ауыл­дық округ әкімдік­те­рінің ғимараттарында орналас­қан. Аудандық орталық кітап­ха­на­ның жеке ғимаратының бол­мауы да өзекті мәселенің бірі. 

Дегенмен материалдық-тех­никалық базаны нығайту бағы­тында оң өзгерістер де бар. Жер­гілікті әкімдік тарапынан кі­тап­­хана саласына қолдау көр­сетіліп, 2025 жылы кітапхана­лар­дың материалдық-техникалық ба­засын жақсарту, қызмет сапа­сын арттыру және оқырманға қо­лайлы жағдай жасау мақса­тында жергілікті бюджеттен 95 927,0 мың теңге көлемінде қара­жат бөлінді. Кітапханаларды цифр­лық құрылғылармен қам­тамасыз ету аясында компью­терлер жиын­тығы, принтерлер, план­шет­ті сканерлер, LED экран және LED жүгірмелі жолақ алынды. 

Ғимарат жағдайын жақсарту бағытында да нақты ілгерілеу­ші­ліктер бар. Мәселен, биыл Теңіз, Асан және Қызылоба ауылдық кітапханалары жаңа ғимаратқа, клубпен бірге берілген нысан­дар­ға орналастырылды. Бұл – ауыл тұрғындары үшін де, кітап­хана қызметкерлері үшін де ма­ңызды жаңалық. 

Ауданнан шалғай оналасқан Азғыр, Қоңыртерек ауылдық кі­тапханалары қатты отынмен жы­лытылады. Бұл да қыс мезгі­лінде жұмыс барысын ұйым­дас­тыруда қосымша жауапкер­ші­лікті талап етеді. Біздің тара­пы­мыздан материалдық-техни­ка­лық жағдайы төмен кітапхана­лар­ға тұрақты түрде назар ауда­рылып, олардың қажеттіліктері зерделеніп отырады. 

Мереке АЙНАҚҰЛОВ, 

Тұрар Рысқұлов аудандық ОКЖ директоры:

– Бүгінде Т.Рысқұлов аудан­дық орталықтандырылған кітап­ханалар жүйесіне қарасты 31 кі­тапхана тұрғындарға қызмет көр­сетіп келеді. Жалпы, кітапха­налардың материалдық-техни­калық жағдайын нашар деп ай­ту­ға болмайды. Әрине, уақыт та­­ла­бына сай жаңғыртуды, жөн­деу жұмыс­­тарын қажет ететін нысан­дар да бар. Дегенмен қолда бар мүмкін­діктерді тиімді пай­далана отырып, кітапханалардың жұмы­сын жандандыру және оқырман­ға қолайлы жағдай жасау ба­ғытында жұмыстар жүргізілуде.

Кітапханалардың басым бө­лігі мәдениет үйлерінің ғимарат­та­рында орналасқан. Мұны мә­дени-ағартушылық мекеме­лердің өзара сабақтастығы деп қа­рас­тыруға бо­лады. Оның өзіндік тиімді тұс­та­ры да бар. Сонымен қатар кітап­ханалардың жеке ке­ңістігін қа­лып­­тастыру, оқырман залдарын за­­­манауи талаптарға сәйкестенді­ру – матералдық-техникалық базасын нығайту ба­ғытындағы жұмыстар біздің аудан­ның ғана емес, жалпы елі­міздегі кітапха­на­лардың бәріне ортақ мақсаттың бірі. Бұндай ауқымды міндеттерді бір жылдың немесе бір ғана меке­менің күші­мен толық шешу мүм­кін емес. Алайда кітапхана сала­сына деген мемлекеттік көзқарас соңғы жыл­дары жаңа мазмұнға ие бо­лып келеді. Мемлекет бас­шы­сы­ның өзі кітапханалардың қо­ғам­дағы рөліне, кітап оқу мәд­е­ниетін қалыптастыруға, осы сала ин­фра­құрылымын дамытуға ерек­ше назар аударып отыр. Бұл – біз үшін үлкен мүмкіндік әрі жа­уапкершілік. 

Гүлжанат ШАЙБЕКОВА, 

Ақтоғай аудандық ОКЖ директоры: 

– Бүгінде Ақтоғай аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты 18 кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. Оның екеуі – аудандық орталық және балалар кітапханасы, қалған 16-сы – ауылдық кітапхана фи­лиал­да­ры. Соңғы екі жылда аудан кітап­ханаларының материал­дық-техни­калық базасын ны­ғай­ту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, Қа­рағанды облысы кітапханаларын модернизациялау жөніндегі Жол картасы аясында олардың ма­териалдық-техникалық базасы қажетті деңгейде жаңар­тылып, қызметіне қа­жетті заманауи муль­тимедиалық құрал-жабдық­тармен қамтама­сыз етілді. 

Ауылдық кітапхана филиал­дарының 6-ы – мәдениет үйле­рін­­де, 10-ы ауылдық әкімшілік ғима­раттарында орналасқан. Орталық және балалар кітап­ха­налары Ақ­тоғай ауданының тұр­ғын үй-ком­муналдық шаруа­шы­лығы, жолау­шылар көлігі, авто­мобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясына қарасты ғима­ратта жұмыс істеп жатыр. Қазір аудан бойынша күрделі жөн­деуді қажет ететін немесе апатты жағдайда тұрған­дары жоқ.

Кітап оқуды қоғамдық мәде­ниетке айналдырамыз

– Елімізде «Кітап оқитын ұлт» қалыптастыру мәселесі жиі айты­­лып жүр. Алайда бұл бастаманың жүзеге асуы кітапханалардың жағ­дайы мен кітап қорының сапа­сына да тікелей байланысты. Бү­гінде сіз басқаратын кітапханада оқырман сұранысына сай жаңа әдебиеттермен толықтыру жұмы­сы қалай жүргізіледі? Кітап қоры соңғы рет қашан жаңартылды және жобалар туралы айтсаңыз.

Анар НУРИҚЫЗЫ: 

– «Кітап оқитын ұлт» қалып­тастыру бір ғана мекеменің не­месе кітапхана қызметкерлерінің міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғам бо­лып атсалысатын маңызды ұлт­тық бастама. Ал осы баста­ма­ның жүзеге асуында кітапхана­лардың атқаратын рөлі ерекше. Бүгінде кітапханалар жүйесінің жалпы кітап қоры – 337 677 дана. Оны толықтыру мемле­кеттік тап­сырыс аясында жүзеге асы­рылады. Осы жылы мемле­кет­тік тапсырыс бойынша 2 134 дана жаңа кітап келіп түсіп, оқырман­ игілігіне ұсынылды. Бұл – жыл­дар бойы жинақталған, ау­данның рухани-мәдени өмі­ріне қыз­­мет етіп келе жатқан үлкен қор.

Біздің жүйеде оқырман са­нын арттыру, кітап оқуға қызы­ғушы­­лықты ояту мақсатында түрлі жо­балар мен бастамалар жүзеге асы­рылуда. Соның бірі – «Бір ай – бір кітап» жобасы. Атал­­ған жоба 2026 жылдың 1 мау­сымынан бастап қолға алынды. Бұл жоба – мемле­кеттік қызмет­шілерді ай сайын бір туынды тө­ңірегіне топтастырып, көркем­сөзді қызметтік әдеппен, адам­гер­шілік таңдаумен және қоғам­дық жауапкершілікпен сабақ­тастыратын әдеби-таным­дық бастама. Сонымен қатар оқыр­­манның кітапқа деген қызы­ғу­шылығын арттырып, оқырман­дық тәжірибесін көпшілікке таныту мақсатында «Оқырманға сөз берейік» подкастын жүргізуді қолға алдық. «Бір өлке – бір жа­зушы» акциясы аясында жергі­лікті қаламгерлердің шығарма­шылығына назар аударылып, ауданымыздан шыққан ақын-жазушылардың еңбектері оқыр­манға кеңінен таныстырылып келеді. Аудандық балалар кітап­ханасы жанындағы «Қуыршақ театры» және «Робототехника» үйірмелері тұрақты жұмыс істейді. 

Мереке АЙНАҚҰЛОВ:

– «Кітап оқитын ұлт» қалып­тас­тыру – өте маңызды әрі ауқым­ды міндет. Бұл бастама тек кітап­ханалардың ғана емес, тұтас қо­­ғамның, отбасының, білім беру ұйым­дарының ортақ жауап­кер­шілігін талап етеді. Ал осы бағыт­тағы жұмыстың негізі ор­талы­ғы­ның бірі, әрине кітапхана болуға тиіс.

Кітап қорын толықтыру және оқырман сұранысын қа­на­ғаттандыру жұмыстары тұрақты назарда. Біздің Тұрар Рысқұлов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде жалпы 237 250 дана кітап қоры бар. Оның ішінде мемлекеттік тілдегі кітап­тар саны – 165 954 дананы құрай­ды. Жыл сайын оқырман сұра­ны­сын қанағаттандыру мақса­тын­да кітап қорымыз 2-3 мың кітап аралығында мемле­кеттік тапсырыс пен жергілікті бюджет есебінен толығып оты­рады. Оқыр­манның сұра­ны­сы, жас ерекшелігі, қызығу­шы­лығы мен қазіргі қоғамның ру­хани-та­ным­дық қажеттілік­тері әрда­йым басты назары­мызда. Әсіресе қа­зақ әдебиетінің классикалық мұ­раларымен қа­тар, қазіргі за­ман­ғы отандық автор­лардың шы­ғармаларына, балалар мен жасөспірімдер әде­биетіне, тари­хи, ғылыми-таным­дық және са­ла­лық әдебиеттерге басымдық беру маңызды. Біздің мақсаты­мыз – кітапханалардағы кітап санын көбейту ғана емес, оқыр­манға қажетті, сапалы әрі маз­мұн­ды әдебиеттерді ұсыну.

Біздің бұл негізгі жұмыста­рымыз «Кітап оқитын ұлт» жал­пы ұлттық марафонын іске асыру мен оқырманның марафонға қаты­су кезінде де басты басым­дығы­мыздың біріне айналып отыр. Өйткені марафонға таң­далған кітаптардың дені оқыр­ман сүйіп оқитын әрі көр­кемдік мазмұны жағынан құнды кітаптар десек, сол кітаптардың біздің кі­тапха­наның кітап қор­ы­нан та­былуы – оқырман мен кітап­ха­на­ны бай­ланыс­тыратын негізгі өзек.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы­ның «Кітап оқитын зияткер», «Кітап оқитын әулет» бағытта­рына басты басымдық беру ар­қылы кітап оқуды жеке адамның қызығушылығынан отбасылық және қоғамдық мәдениет деңге­йіне көтеруді көздейміз. Соны­мен қатар әдеби кездесулер, жазушы­лармен жүздесулер, оқырман пікірталастары, тағы басқа шығар­машылық іс-шаралар ұйымдасты­рып келеміз. Меніңше, кітапхана­ның жұмысы өткізілген іс-ша­ралар санымен немесе оқырманға берілген кі­таптар көлемімен ғана өлшенбеуі керек. Ең басты көр­сеткіш – кітапханаға келген адам­ның ой-өрісінің кеңеюіне, кітап оқуға деген қызығушылығының ар­туы­на ықпал ету.

Гүлжанат ШАЙБЕКОВА: 

– «Кітап оқитын ұлт» қалып­тастырудың басты алғышар­ты­ның бірі – оқырман сұранысына жауап беретін сапалы әрі маз­мұн­ды кітап қорын жасақтау. Бү­гінде Ақтоғай аудандық орта­лық­тандырылған кітапханалар жүйесінің жалпы кітап қоры 203 377 дана ба­­сы­лымды құрайды. Оның 143 200 данасы – қазақ тіліндегі әде­биет­тер. Бұл мемле­кеттік тілдегі кітаптардың қоры­мызда басым орын алатынын көрсетеді.

Кітап қорын толықтыру жұ­мыстары жыл сайын жүйелі түрде жүргізіледі. Жаңа әдебиет­тер бірнеше көз арқылы келіп түседі. Атап айтқанда, мемлекет­тік тапсырыс аясында жарық көр­ген басылымдар, жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есе­бінен сатып алынатын кітаптар, сондай-ақ авторлар мен жеке тұлғалар тарапынан сыйға тар­тылған әдебиеттер арқылы қо­ры­мыз толығып отырады.

Қазіргі уақытта елімізде жү­зеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасы кітапхана жұмысына жаңа серпін беріп отыр. Жоба аясында оқырман­ның әртүрлі санаттарына ар­налған кітаптар тізімі ұсынылған. Бүгінде аталған тізімдегі әде­биеттердің шамамен жартысы біздің кітапхана қорымызда бар. Ал жетіспейтін кітаптарды алдағы толықтыру жұмыстары барысында кезең-кезеңімен қамтуға басымдық берілмек.

Оқырманды кітап оқуға ынта­ландыру мақсатында «Бір айда бір кітап», «Саяхаттаушы кітаптар», «Өлкетану – ұрпаққа аманат» сияқты жобалар жүзеге асырылып, әдебиетті насихаттау­дың жаңа тәсілдері қолданылуда. 

Кітапхана мәдени-ағарту­шылық кеңістікке айналып келеді

– Қазір кітапхана тек кітап оқитын орын емес, тұрғындардың білім алып, ақпаратқа қол жет­кі­зетін маңызды қоғамдық кеңіс­ті­гіне айналуға тиіс. Сіз басқаратын кітапхананың алдағы даму жос­пары қандай? Ғимаратты жаңар­ту, оқырманға қолайлы жағдай жасау және кітапхананы заманауи мәдени-ағартушылық орталыққа айналдыру үшін қандай нақты қадамдар қолға алынбақ?

Анар НУРИҚЫЗЫ: 

– Алдағы кезеңдегі басты мақсатымыз – кітапханаларды тек кітап беретін орын ретінде емес, тұрғындардың рухани сұ­ра­нысын қанағаттандыратын, бі­лімін жетілдіретін, бос уақы­тын тиімді өткізетін заманауи мәдени-ағартушылық орталыққа айналдыру. Бұл бағыттағы өзекті мәселенің бірі – аудандық орта­лық кітапхананың бүгінгі күнге дейін жеке ғимаратының бол­мауы. Ауданның басты кітапха­н­а­сы болғандықтан, оның өз ал­дына жеке ғимараты, кең әрі талапқа сай оқу залдары, кітап қорын сақтауға арналған арнайы бөлмелері, түрлі мәдени іс-шара­лар мен кездесулер өткізуге мүм­кіндік беретін кеңістігі болғаны өте маңызды. Жеке ғимараттың болмауы кітапхана қызметін ке­ңейтуге, жаңа жобаларды толық­қанды жүзеге асыруға белгілі бір деңгейде шектеу келтіреді. Сон­дықтан алдағы жоспарымыздың бірі – аудандық орталық кі­тапханаға заманауи талаптарға сай жеке ғимарат қарастыру мәселесін шешу.

Кітапханаларды цифрлан­дыру және ақпараттық техноло­гиялардың мүмкіндіктерін кеңі­нен пайдалану да өзекті. Біздің кітап­ханалар жүйесінде 2019 жылдан бері WEB-RABIS бағдар­ламасы қолданылады. Бұл кітап­хана қо­рын есепке алу, каталогтау және оқырманға қажетті ақпа­ратты жүйелеу жұмыстарын жүр­гізуге мүмкіндік береді. Алдағы уақыт­та осы бағыттағы жұмыс­тарды жетілдіріп, интер­нет же­лісіне қол­жетімділікті арттыру, ком­пьютерлік техникаларды жаңар­ту, электрондық ақпарат­тық ресурстарды кеңінен пайда­лану міндеттері тұр. 

Болашақта балалар мен жас­өс­пірімдерге арналған шығарма­шылық аймақтар, еркін оқу ке­ңістіктері, пікірталас алаңдары, цифр­лық қызмет көрсету мүм­кін­діктерін кеңейтуді көздейміз. Мен кітапхананың болашағын тек кітап қорымен немесе ғи­ма­ратымен байланыстырып қара­май­мын. Сондықтан біздің ұста­нымымыз – кітапхананы сақтап қана қоймай, оны дамыту, оқыр­манға жақындату және келешек ұрпақ үшін маңызын арттыру.

Мереке АЙНАҚҰЛОВ:

– Біздің алдағы мақсатымыз – кітапханаларды дәстүрлі кітап беру қызметімен шектемей, тұр­­ғындардың білім алуына, ақпарат алмасуына, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беретін замануи қоғамдық кеңістікке айналдыру. Әрине, бұл міндет­тер­дің барлығы белгілі бір қар­жы­лық және ұйымдастыру­шы­лық ресурстарды қажет етеді. Жалпы, Мемлекет басшысының кітапхана саласына айрықша көңіл бөлуі, кітап оқитын ұлт қа­лыптастыру жөніндегі баста­малары бізге үлкен бағдар беріп отыр. Біз осы бағытта жұмыс істеуге ниеттіміз.

Гүлжанат ШАЙБЕКОВА:

– Бұрын кітапхана негізінен кітап алып, мерзімді басылымдар оқитын орын ретінде қабылдан­са, қазір ол білім мен ақпаратқа қол жеткізетін, шығармашылық ізденіске жол ашатын, адамдарды ортақ қызығушылық төңірегінде біріктіретін мәдени-ағартушы­лық кеңістікке айналып келеді. Сондықтан біздің алдағы басты мақсатымыз – ОКЖ кітапханала­рын заман талабына сай дамы­тып, әрбір тұрғын үшін қолже­тім­ді, жайлы әрі тартымды ор­та­лық қалыптастыру. Бұл ба­ғытта ең алдымен кітапханалар­дың материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайтуға кө­ңіл бөлінеді. Соңғы жылдары жүр­гізілген модернизациялау жұ­мыстары осы бағыттағы ма­ңыз­ды қадам болды. Алдағы уа­қытта да кітапханаларды зама­науи компьютерлік және муль­тимедиалық техникалармен, қажетті жиһаздармен жабдықтау, қолданыстағы құралдардың тиім­ді пайдаланылуын қамта­масыз ету жұмыстары жалғасады.

Қазір ОКЖ бойынша 3 ко­вор­кинг орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар кітапхана қызме­тінің мазмұнын жаңарту да басты назарымызда. Дәстүрлі кітап көрмелері мен әдеби кештермен қатар, кітап талқылау клубтарын, әдеби пікірталастарды, интел­лек­туалдық ойындарды, шығар­машылық кездесулерді, интерак­тивті іс-шаралар мен цифрлық жобаларды кеңінен ұйымдас­ты­руды мақсат етіп отырмыз. Әсі­ресе жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын артты­ратын тың форматтарға басым­дық беріледі. Кітапхана қызметін цифрландыру, электрондық ақпараттық ресурстардың қол­жетімділігін арттыру, әлеуметтік желілер арқылы кітап пен оқуды насихаттау да алдағы жұмы­сы­мыздың маңызды бағытының бірі болмақ.

Дайындаған 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ