Осы айтулы жеңіске орай Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов өнерпазды арнайы қабылдап, Алғысхат пен 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады.
– «Славян базары» – әлемдік деңгейдегі беделді өнер байқауларының бірі. Биыл 19 мемлекеттің таланттары бақ сынаған додада сіздің жеңіске жетуіңіз тек жеке жетістік емес, бұл – Қонаев қаласының мәдени әлеуетінің, қазақ өнерінің биік деңгейін әлемге танытқан үлкен жеңіс. Барша қала тұрғындарының атынан сізге алғысымды білдіремін. Алар асуыңыз биік, өнер жолыңыз әрдайым жарқын болсын! Сізге зор денсаулық, сарқылмас шабыт және жаңа жеңістер тілеймін, – деді шаһар басшысы.
Салтанатты кездесуде әншіні қолдаған демеуші, Қонаев қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сергей Горяной да құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Өз кезегінде Ақеркенің анасы Гүлнұр Зұлқаршынқызы қызының жетістігіне қуанып, қолдау көрсеткен Қонаев жұртшылығына алғысын білдірді. Кездесу соңында ол қала әкіміне өзінің төл туындысын тарту етіп, ризашылығын жеткізді.
М.Төлеу










