Нобель сыйлығының иегері Мо Янь Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» туралы пікір білдірді

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов Нобель сыйлығының лауреаты, қытайлық жазушы Мо Яньмен Төлен Әбдіктің шығармашылығы туралы хат алмасты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Хат алмасуда қазақ жазушысын әдебиет саласындағы Нобель сыйлығына ұсыну мүмкіндігі сөз болған.

Мереке Құлкенов Мо Яньнан Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» повесіне назар аударуды сұраған. Сондай-ақ шығарманы жоғары бағалаған жағдайда қаламгерді Нобель сыйлығына өз атынан ұсыну мүмкіндігін қарастыруды өтінген.

Оның пікірінше, Төлен Әбдік – шығармашылығы әлемдік әдеби қауымдастыққа кеңінен танылуға лайық қаламгер.

Жауап хатында Мо Янь «Парасат майданы» повесін оқып шыққанын айтып, оны «өте терең туынды» деп бағалаған. Қытай жазушысының сөзінше, шығармада өмір мен өлім, ізгілік пен зұлымдық секілді адамзатқа ортақ мәңгілік мәселелер қозғалып, оқырманды терең ойға жетелейді.

Сонымен қатар Нобель сыйлығы бір ғана шығармаға емес, автордың тұтас шығармашылық мұрасына берілетінін атап өткен. Оның айтуынша, Нобель комитеті мүшелерінің көбі шығыс тілдеріндегі шығармаларды түпнұсқадан оқи алмайтындықтан, жазушының негізгі еңбектері алдымен батыс тілдеріне сапалы аударылуы қажет.

Мо Янь қазіргі уақытта негізінен қытай жазушыларын халықаралық деңгейде насихаттаумен айналысып жүргенін жеткізген. Осыған байланысты ол әзірге Төлен Әбдіктің кандидатурасын ұсына алмайтынын, алайда бұл мәселені болашақта қайта қарастыруға болатынын айтқан.