Жер бетінде Антарктидадан басқа құрлықтың бәрінде далалық өңірлер бар. Ең көлемдісі Еуразияда: шығысында Хинган таулары мен батысында Карпат тауларының арасында кеңінен керіліп жатыр. Бұл – ұзыны 7,5 мың, көлденеңі 1,6 мың шақырымға созылатын ұлан-ғайыр Ұлы дала. Көшпенділердің үш мың жыл бойы тербеліп өскен тал бесігі. Қазіргі қазақ жері төрт түлік малмен көшіп-қонуға, табиғаттың қатал құрсауынан сытылып шығып, жыл құсындай көктемді қуалап жүруге мейлінше ыңғайлы мекен еді. Бірақ жүздеген, мыңдаған шақырымды еңсеріп, ұдайы қоныс жаңартып тұруға қолайлы баспана қажет болды. Сондықтан ата-бабамыз есте жоқ ерте заманда киіз үйді ойлап тауыпты. Жинамалы һәм жылжымалы өнер туындысы халқымыздың бай тәжірибесін, ой-өрісін, талғам-танымын, шеберлік шалымын көрсетеді. Осы орайда Қазақстанның Мәдениет қайраткері Егеухан Мұқамәдиқызы адамзат өркениетінде киіз үйдің мән-маңызы ерекше деп есептейді.
– Қазақтың киіз үйіне жететін үй жоқ. Бір жерге көшіп барсаң, киіз үйді тіге салып отыра қаласың. Ал көшіп кетсең, жұртыңда түк жоқ. Мынадай мысал айта кетейін: Сағынайдың асында 3 мың киіз үй тіккен дейді. Бертінде, 1995 жылы Абайдың 150 жылдығында 1,5 мың киіз үй тігілді. Мың жарым киіз үй Жидебайдың алқабын түгел алды. Үш күн ойын-той болды, айтыс болды. Қарақұрым адам жиналды. Сол халық тарап, той біткеннен кейін киіз үйді жықты да, көлікке артып кетті, жұртында түк қалған жоқ, – дейді ақын.
Жалпы, көшпенділердің қолөнер мәдениеті тым тереңнен тамыр тартады. Алтын өңдеу техникасын меңгерген сақтар аң стилін дүйім дүниеге танытса, қара темірді қамырша илеген түркілер ежелгі металлургияны дамытқан. Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегіне дейін көшпелі өмір салтын ұстанған қазақтар бұл дәстүрді ілгері жылжытты. Әсіресе киелі киіз үй дала өркениетінің өзегіне айналды. Ондағы сүйектен, ағаштан, киізден, шиден, неше түрлі шикізаттан жасалған жасау-жабдықты ғажайып ақыл-ойдың нәтижесі деп қабылдасақ, еш қателеспейміз.
Киіз үйдің нақты қашан пайда болғанын тап басып айту қиын. Әзірше ең көне дерек біздің заманымыздан бұрынғы үш мыңыншы жылдардан, қола дәуірінен белгі береді. Мұны Алтай тауларындағы, Сібірдің Баяр жартасындағы, Қырымның жақпар тастарындағы петроглифтер аңғартады. Ең көне материалдық айғақтарды Алтайдағы Пазырық, Моңғолиядағы Нои-нулин қорғандарында сақталған киіз үлгілері әлемге әйгілеген. Ал ең көне жазба мәлімет грек тарихшысы Герадоттың скифтер жайлы еңбегінде бар. Ежелгі үйсін ханына ұзатылған Қытай императорының қызы Шиджүннің сағыныш жырында:
«Дөңгелек үй, туырлық – там орнына,
Ет жеп, айран ішеді ас-суына», –
деген сөздер ұшырасады. Византия елшісі Земарх, кейінгі Плано Карпини, Рубрук, Ибн-Батута сияқты саяхатшылардың жазбасында 40 өгіз сүйреп жүретін алып арбаның үстіне тігілген ақ ордалар суреттеледі. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ұлан Үмітқалиев киіздің көшпелі тұрмыста қола дәуірінен бастап қолданылғанын айтады.
– Мәселен, Шығыс Қазақстандағы археологиялық қазбалар кезінде жерленген адамның астына төселген киіз табылды. Бұл киіздің шамамен төрт мың жыл бұрын да болғанын дәлелдейді. Киіз – көшпелі өмір салтының ажырамас бөлігі. Көшпенділер қой мен жылқыны тіршілігіне тиімді пайдаланды. Жылқыны көлік қылып мінсе, қойдың жүнінен киіз басып, тұрмысқа қажетті бұйымдар жасады. Сонымен қатар біздің жеріміздегі қола дәуірі тайпалары кен байлығын игеріп, металлургиямен айналысқан. Осы кәсіптердің дамуы олардың көшпелі өмір салтына ойысуына ықпал етті, – дейді ғалым.
Қазақ әр жабдықтың қадір-қасиетін жақсы білген. «Есігің – есің, босағаң – сесің, табалдырық – тәубең, маңдайша – мәртебең, шаңырақ – пірің, туыс – керегең, төр – дәрежең, ошағың – ырыс, түтінің – тыныс, белдеуің – қорған, түндігің – тегің, туырлық – елің, уығың – ерің, осының бәрін көтерер – піл сауырлы қара жерің» деп тұжырым түйген. Осы жүздеген бөлшек бір-бірімен жымдасқан кезде біртұтас сәулет туындысын құрайды. Киіз үйдің құрылымына көз жүгіртсек, бірде-бір шеге қағылмайтынын байқаймыз. Оның жабдықтары тек ағаш, қайыс, қыл арқан, киізден ғана жасалады. Геометрия талаптары да қатаң ескеріледі. Мысалы, уықтың біртіндеп иіліп келуі парабола заңымен дәлме-дәл сәйкессе, күмбез тәрізді пішіні тепе-теңдікті сақтап, пропорциялы формасы үйдің дизайнын үйлестіре түседі.
– Шаңырақтың өзі шеңберленіп келіп, ортасына шыбықтар орнатылады. Ата-бабамыз сол күлдіреуіштен күннің көзін көріп отырған. Күннің шығуы мен батуын бақылап, уақытты белгілеген. Айға қарап та жорамал жасаған. Сонымен қатар шаңырақ мұржа қызметін де атқарған. Жалпы, шаңырақ деген қазақ халқы үшін өте қасиетті ұғым ғой. «Шаңырағың биік болсын» деген тілек осы түсініктен туындаған, – дейді этнограф Айнұр Бейсеғұлова.
Киіз үйдің тұрмысқа икемділігі сонша, оны кішірейтіп немесе үлкейтіп, тіпті бір-біріне қосып, екі-үш бөлмелі етіп тігуге болады. Туырлықтан жазда ыстық, қыста суық, жауын-шашында су өтпейді. Киіз үйдің қақ ортасына диаметрі бір метрдей ошақ орнатылады. Іргесі шөппен бітеліп, жан-жағы қамыспен қораланады. Күндіз керегеден ескен самал жел ашық түндіктен айналып шығып, үздіксіз ауа алмасып тұрады. Уақытша тұрақ болғандықтан, киіз үй экологияға да пайдалы: жердің отын тоздырмайды, өсімдіктерді бүлдірмейді.
– Киіз үй көшпелі өмір салтына барынша бейімделген. Бұрышсыз, дөңгелек пішіні желге төзімді болуына көмектеседі. Оның жылуды сақтау ерекшелігі де бар. Физика заңдылығы бойынша ыстық ауа жоғары көтеріледі. Мәселен, ошақтағы оттың түтінін шығару үшін алдымен түндік ашылады. Оттың шоғы қызғанда түндік жабылады. Сонда жоғары көтерілген жылу киіз үйдің ішіне біркелкі тарап, жылуды сақтауға мүмкіндік береді. Жылу бар жерде жарық бар, жарық бар жерде жақсылық та көп болады ғой, – дейді Ұлан Үмітқалиев.
Киіз үйде малдас құрып отырған әрбір пендені шексіз әлем туралы ойлар толғандырады. Себебі халқымыз шаңырақты – аспанға, күлдіреуішті – төрт тарапқа, уықтарды – күн сәулесіне, керегені көкжиекке балаған. Қысқаша қайырсақ, киіз үй ғаламның кішкентай моделі іспетті. Мұндағы кеңiстiк – қазақтың бүкіл дүниетанымы тоғысқан жер. «Ғарышқа ұқсайтын баспана» деген ғылыми анықтауышты көшпенділердің өзі емес, мүлдем киіз үй тікпеген, төрт бұрышты тас тамда өмір сүрген батыс зерттеушілері айтқан. Шынында да, түндігі ашылып, іргесінен түнгі самал ескен отауда шалқасынан түсіп жатқан адам зеңгір көкте ай-жұлдызбен сырласқандай күй кешері ақиқат.
– Киіз үйдің ішінде ұйықтағанда, әсіресе жазда түндікті ашып қоямыз ғой. Сонда шаңырақтың ортасындағы төрт бөлік төрт құбыланы көрсетіп тұрады. Көшпенділер шығыс, батыс, солтүстік, оңтүстікті сол арқылы бағдарлаған. Аспан әлемін де шаңырақтан шолған. Мысалы, Үркер жұлдызының көтерілуіне қарап уақытты межелеген. Шолпан жұлдызына қарап таң атып келе жатқанын білген. Жетіқарақшының аударылуына қарап түн мезгілін анықтаған. Бұл – бүкіл дөңгеленген дүниені бақылау деген сөз. Сондықтан киіз үйді дала обсерваториясы деуге болады, – дейді Ұлан Үмітқалиев.
Әрине, қазақ қана емес, қырғыз, моңғол, ойрат, қарақалпақ, түрікмен, тува, хакастар да киіз үйде ғұмыр кешіп, киіз туырлықты, ағаш уықты жұрт атанған. Моңғолияның малшы қауымы әлі күнге дейін «мұңғұл гэр» деп аталатын ықшам әрі жылы баспанада тіршілік етеді. Алайда әр ұлттың салт-сана, наным-сенім, болмыс-бітіміне сай киіз үйлерінде айырмашылық бар. Осыны ескерген ғалымдар көшпенділер тұрағын сипатына қарай «қазақ үй» және «моңғол үй» деп екіге жіктейді де, оларды «үй ағаштарының жасалуы ұқсамайды; жамылғысының пішіліп, жабылуы ұқсамайды; сыртқы пішіні ұқсамайды; бау-шу, өрнектері, ішкі жиһаздалуы ұқсамайды» деп төрт бөлікке жинақтайды.
ТҮЙІН:
Қара түгіл қаһарлы ханның өзін есігінен еңкейтіп кіргізген киіз үйдің дөңгелек пошымында үлкен мағына жатыр. Қазақтың өмір сүру қағидасы текетірестерді айналып өтіп, мәміле жасауға, ортақ іске бірдей жұмылып, бейбіт қарым-қатынас құруға негізделген. Конфликтология саласында бұл ұстаным «үшкір бұрыштары жоқ философия» деп аталады. «Біз – қазақ мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, досымызды сақтай білген елміз, дәмі-тұзын ақтай білген елміз» деген ата-бабамыз да бұрышы жоқ киіз үйде өсіп-өнген. Батыс пен Шығыстың қақ ортасында, өркениеттердің тоғысқан торабында отырған Қазақстан Елтаңбасына шаңырақ пен уық бейнесі бекер таңдалмаса керек.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ










