International Journal of Oral Science ғылыми журналында жарияланған зерттеу нәтижелеріне сүйенген Aikyn.kz жаңа технологияның стоматологиядағы әлеуетін түсіндіреді.
Тістің бетінде бактериялық қақтың жиналуынан туындайтын кең таралған қабыну ауруларының бірі – қызыл иек аурулары. Оның асқынған түрі – пародонтит ересектердің тісінен айырылуының негізгі себептерінің қатарында саналады.
Тісті тазалау мен антибиотиктер қолдану бактериялардың санын азайтқанымен, зақымданған тіндерді әрдайым қалпына келтіре алмайды.
Сычуань университетінің зерттеушілері осы мәселені шешу үшін екі емдік затты зақымданған тіндерге бір мезгілде жеткізетін ДНҚ негізіндегі нанотасымалдағыш әзірледі. Ғалымдар жаңа технологияда екі белсенді затты біріктірген. Біріншісі – куркума өсімдігінің құрамында кездесетін, қабынуға қарсы және антиоксиданттық қасиеттері бар куркумин табиғи қосылысы. Екіншісі, дефензин – бактерияларға қарсы әсер ететін және ағзаның иммундық қорғаныс жүйесіне қатысатын пептид.
Зерттеушілер екі затты да ДНҚ молекулаларынан құрастырылған төртжақты пирамида пішініндегі наноқұрылымға орналастырған. Cur-de-tFNA деп аталған бұл кешен емдік заттарды пародонт тіндеріне жеткізуге арналған.
«Біздің мақсатымыз куркумин мен микробтарға қарсы дефензин пептидін пародонт тіндеріне тікелей жеткізе алатын көпфункциялы ДНҚ наноплатформасын әзірлеу болды. Бұл тәсіл қолданыстағы емдеу әдістерінің шектеулерін еңсереді», – дейді Гэру Чжан.
Зерттеу тобының мүшесі Юньфэн Линьнің айтуынша, ДНҚ тасымалдағыш куркуминнің тұрақтылығын және жасушаларға сіңуін жақсартып, дефензинді ыдыраудан қорғаған. Соның нәтижесінде екі емдік заттың да тиімділігі артқан.
Зертханалық тәжірибелер барысында біріктірілген препарат бірнеше көрсеткіш бойынша оның жеке компоненттерінен тиімдірек нәтиже көрсеткен. Атап айтқанда, жаңа наноплатформа пародонтиттің дамуына қатысы бар бактерияларға қарсы әсер еткен. Тотығу стрессін азайтып, қабыну реакцияларын тежеген. Сүйек тінінің қалыптасуына қатысатын ақуыздардың деңгейін арттырған. Осылайша жаңа технология ауру қоздырғыштарға қарсы күресумен шектелмей, қабынуды тежеуге және зақымданған тіндердің қалпына келуіне ықпал етеді.Пародонтитке шалдыққан зертханалық егеуқұйрықтарға жүргізілген тәжірибелерде жаңа препарат тіс айналасындағы сүйек тінінің бұзылуын және қабынудан туындаған зақымдануды азайтқан.
«Нәтижесінде наноплатформа клиникаға дейінгі зерттеулерде микробтарға қарсы жоғары белсенділік, қабынуды тиімді бақылау және пародонт тіндерін жақсырақ сақтау мүмкіндігін көрсетті», – дейді зерттеуге қатысқан үшінші ғалым Сяосяо Цай.
Жаңа технология әзірге зертханалық және жануарларға жүргізілген тәжірибелерден ғана өткен. Оның адам ағзасына қауіпсіздігін, тиімділігін және ұзақ мерзімді әсерін анықтау үшін клиникалық сынақтар қажет.
Егер кейінгі зерттеулер жаңа технологияның тиімділігін растаса, ДНҚ негізіндегі наномедицина пародонтитті емдеудің жаңа бағытына айналуы мүмкін. Оның басты ерекшелігі – бактерияларға қарсы күресті, қабынуды тежеуді және сүйек тінінің қалпына келуін ынталандыруды бір емдік тәсілге біріктіруінде.






